Құттықтаулар

Құрметті  Казталов ауданының тұрғындары!

Сіздерді «Туған жер – тұғырың, Туған ел –қыдырың» атты  аудандық жерлестер форумының өтуімен шын жүректен құттықтаймын!
Елбасы Н. Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, әр азаматтың бойында отансүйгіштік, туған жерге деген құрмет секілді қасиеттерді тәрбиелеуге аса көңіл бөлу керектігін ерекше атап өткен болатын. Форум – Ел Президентінің тікелей бастамасымен қолға алынған бағдарламаны жүзеге асыру.
Жиын туған жердің қазынасын қастерлеу, өз еліңе деген зор махаббаттың үлгісін көрсету, ұлтымыздың салты мен дәстүрін айшықтауды көздеп отыр. Казталов жерінен түлеп ұшып, бүгінде ауданның өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүрген жандардың басын қосқан жерлестер форумының сәтті өтуіне тілектеспін.
Бұл шара тек өңіріміздің ғана емес, тұтастай еліміздің зияткерлік, рухани және шығармашылық әлеуетін жаңғыртуға үлес қосады деген сенім мол.

Құрметпен,
Батыс Қазақстан облысының
әкімі                                                                               А.Көлгінов   


Құрметті Жәнібек ауданының тұрғындары!

Сіздерді «Аудан күні» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Жәнібек ауданы – тек өңіріміз үшін ғана емес, еліміз үшін де маңыздылығы жоғары аймақтардың бірі. Ресей Федерациясының жəне еліміздің бірнеше облыстарымен шектесетін ауданның ел экономикасының дамуына қосып отырған үлесі зор. Аудан ауыл шаруашылығы, шағын жəне орта бизнестің дамуы жөнінен де көш ілгері келеді. Мəдени-рухани өмірінде де тың жаңалықтар көп.
Жәнібек ауданының тарихи тамыры да тереңде. Талай бұлбұлдар мен дүлдүлдерді тудырған өлке бүгін де талантты ұл-қыз тәрбиелеп, топқа қосып келеді. 
Жəнібек ауданының жұртшылығын мерекемен құттықтай отырып, ауданда Елбасы тапсырмаларын орындау жолында атқарылып жатқан шаралар табысты болсын деп тілеймін. 
Мереке құтты болсын!

 

Құрметпен, 
Батыс Қазақстан облысының
әкімі                                                                              А.Көлгінов.

 


Құрметті  «Орал өңірі» газетінің ұжымы мен оқырмандары!

Ақ Жайық өңірінің айнасы - «Орал өңірі» қоғамдық-саяси газеті үшін биыл ерекше мерейлі жыл. Облыстың аға басылымына бір ғасыр!
Ақпарат ағыны үстемдік етіп тұрған бүгінгі қоғамды  БАҚ–сыз елестету мүмкін емес.  Соның ішінде өңіріміздің айнымас темірқазығына айналған «Орал өңірі» газетінің алатын орны ерекше. Ғасырлық тарихы бар басылым осы жылдар ішінде Ақжайық елінің игілігі үшін қызмет етіп, қоғамдық пікір мен оқырман көзқарасын қалыптастыруда өлшеусіз үлес қосты.
Әр жылдарда басылымға басшылық жасаған қазақ журналистикасының майталманары газет тарихында өзіндік  ізін қалдырса, бүгінгі жұдырықтай жұмылған жоғары кәсіби ұжым талғамы биік оқырман сұранысын қанағаттандырып, сапалы дүниелерімен сусындатып келеді.
«Орал өңірі» - билік пен бұқара халықтың арасындағы алтын көпір. Елдің мүддесін, қоғамның қажеттілігін жеткізіп, маңызды мәселелерді дер кезінде көтере білетін қаламы қарымды тілшілер ұжымы бар абыройлы басылым.  
Газеттің тойы – елдің тойы.  Облыстың бас басылымында қызмет еткен ардагерлер мен бүгінгі жас буынды, талғамы биік оқырманды газеттің 100 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, еліміздің егемендігін нығайту бағытындағы әр бастамаларыңызға толайым табыс тілеймін. Қаламдарыңыз мұқалмасын!

Ізгі тілекпен,

Батыс Қазақстан облысының әкімі А.Көлгінов


Құрметті батысқазақстандықтар!

 
Баршаңызды еліміз үшін маңызды мереке -  Конституция күнімен құттықтаймын! 
 
Бұл Қазақстан халқы тарихи таңдау жасаған бетбұрыс күні. Осыдан 22 жыл бұрын халқымыз барша әлемге бірлігі мен даналығын көрсетті. Жаңа заманның талаптарына сай келетін
Негізгі заңын бекітті. 
 
Конституция – біздің табыстарымыздың бастауы, тұрақтылық пен татулықтың тұғыры. 
 
Конституция билік пен қоғам құрылымының демократиялық қағидаттарын нығайтып қана қоймай, еліміздің одан әрі дамуының бағытын айқындап берді. Елбасының ерік-жігері мен халықтың бірлігінің арқасында Қазақстан əлем таныған мемлекетке айналды.
 
Барша қазақстандықтарды мерекемен құттықтай отырып, игілік пен бақ-береке тілеймін! Жылдан жылға біздің басты құндылықтарымыз – Тәуелсіздігіміз, келісім-бірлігіміз нығая бергей! 
 
Ел іргесі аман, келешегіміз кемел болғай!
 
Құрметпен,
Батыс Қазақстан облысының əкімі -  А.Көлгінов
 

Құрметті батысқазақстандықтар!

 

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өту мақсатында осы жылдың 17-18 қыркүйек күндері Астана қаласында «Қуатты өңір - қуатты Қазақстан» атты Батыс Қазақстан облысының күндері өтті.

 

Елорда тұрғындары мен астана қонақтарына облысымыздың ауылшаруашылық өнімдері ұсынылған жәрмеңке ұйымдастырылып, өңіріміздегі өнер иелерінің қатысуымен мәдени іс-шаралар өткізілді.

 

Батыс Қазақстан облысының Астанадағы күндерінің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан өңіріміздің сөз бастар зиялылары мен еңбегі сіңген ардагерлеріне, маңдай тердің арқасында алынған өз өнімдерін ұсынған ауылшаруашылық мамандары мен жекелеген кәсіпкерлерге, астанамыздың төрінен өңір халқына дер кезінде ақпарат жеткізген облыстық газеттер мен телеарнаның тілшілеріне зор алғысымды айтамын. Батыс Қазақстан облысы ұйымдастырған шараларға қолдау білдірген ел ағалары мен өңірімізден шыққан белгілі тұлғалардың төбе көрсетуі біздің мерейімізді тасытты. Барлығына өзімнің және барлық батысқазақстандықтардың атынан ризашылығымды білдіремін.

 

Астана қаласында апта сайын «Қуатты өңір - қуатты Қазақстан» деген атпен өтіп жатқан іс-шаралар – бірлігі жарасқан бүтін ел екеніміздің айқын көрінісі. Өңірлер халқы еліміздің төрінде бас қосып үлкен әсермен тарқасуда.

Ел үшін еңбек етіп жатқан әрқайсыңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға береке-бірлік тілеймін!

Сауалнама

Бос уақытыңызда Сіз дене шынықтыру және спортпен айналысасыз ба?
Мекен-жай
Қазақстан Республикасы, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Достық-Дружбы, даңғылы, 179
Сайтты қолдау
IT Group Kazakhstan