Құрметті конференцияға қатысушылар!

Батыс Қазақстан облысының әкімі
 Көлгінов Алтай Сейдірұлының
Алаштың 100 жылдығына арналған
халықаралық ғылыми-тәжірибелік  конференцияда
сөйлейтін сөзінің жобасы

20 қазан 2017 жыл
Салтанат сарайы

Құрметті конференцияға қатысушылар!

Бүгінгі конференцияға қатысу үшін алыстан арнайы келген меймандарымызға Ақжайық өңіріне қош келдіңіздер дейміз. Жапонияның Хоккайдо университетінен профессор Уяма Тамахико, Мәскеуден тарих ғылымдарының докторы Дина Аманжолова, Еуразия ұлттық университетінен алаштанушы Сұлтанхан Аққұлұлы және тағы басқа ғалымдарымыз бен қонақтарымызға алғыс білдіреміз. Сіздердің конференция жұмысына қатысуларыңыз сөзсіз оң әсерін тигізбек.
Биыл «Алаш» партиясы мен «Алашорда» автономиясының құрылғанына 100 жыл толады. Бұл – ұлт ретінде ұйысып тәуелсіз мемлекет құру жолындағы маңызды оқиға.
Тәуелсіздік жолындағы күресте XIX және XX ғасырлар тоғысындағы ұлттық интеллигенция өкілдерінің рөлі айырықша орын алды. Алғашқы «Алаш» қозғалысы мен  саяси партиясының, Алашорда үкіметінің пайда болуы қазақ саяси элитасының азаматтық кемелденуінің өскендігін және оның рухани қуатының жоғары екенін көрсетті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тарих толқынында» атты кітабында Алашорда қайраткерлері туралы: «XX ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды... Ұлттық саяси ұйымның жасақталуының өзі отандық тарихымызда жете зерделенбей келеді. Оның үстіне кезінде «Алаш» партиясының жетекшілері ұсынған көптеген қағидалар күні бүгінге дейін өз маңызын сақтап отыр» деп жазды.

Осыдан кейін тәуелсіздіктің арқасында тарихымыз жаңаша көзқараспен қайта зерттеле бастады. Бүгін бас қосып отырған алаштанушылар атсалысып, қазіргі таңда Алаш қайраткерлеріне тәуелсіз ұрпақтың көзқарасы қалыптасты.  

        «Алаш» қозғалысының көшбасшылары құқық қорғаушы, саяси және қоғам қайраткерлері болумен қатар, ірі ағартушылар, публицистер, газет және журнал басып шығарушылар, ойшылдар, ақындар, педагогтар, ғылыми зерттеу жұмыстарының, кітаптар мен оқулықтардың авторлары болды. Алашордалықтар және оларға рухы жағынан жақын қазақ қайраткерлері өздерінің ұлттық деңгейінде ғана  шектеліп қалмай, керісінше – олардың бәрі терең білімді және жан-жақты дарынды, ашық, толерантты тұлғалар болды.
Әлихан Бөкейханның «Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар!» сөзі оның алысты бағдарлай алатын стратег болғанын көрсетеді.

        Алашордалықтардың негізгі идеясы – халық бірлігі, бұл ұран осы уақытқа дейін өзінің өзектілігін жойған жоқ. Көпұлтты еліміздің бірлігі мығым болуын қалаған Жаһанша Досмұхамедұлының мына бір сөзі бейне бір қазір айтылғандай. «Қазір желбіреп тұрған бостандықтың туы – бәрімізді бірлікке, бауырластыққа шақырады. Қазақтың қара шаңырағы бәріне де пана бола алады» деген екен Жаһанша Досмұхамедұлы.

Алаш қайраткерлерінің әділдікті және көшпенділерді қорғау, қазақ қоғамын жаңғырту мен қайта түлету идеясы, олардың қызметінің басты өзекті  бағыттары болды.
Өткен ғасырдағы қазақ интеллигенциясы мен қазіргі тәуілсіздік кезеңіндегі идея арасында сабақтастық байланысын көре аламыз. Мемлекеттің сыртқы және ішкі қоғамдық өміріндегі барлық салаларды қамтитын ұлттық стратегиялық ұмтылыстар тәуелсіз Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамалары мен реформаларында, тың идеяларында іске асуда.

Елбасының биылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген міндеттер өңірімізде жоспарға сай жүзеге асырылып келеді. Жуырда Қасиетті Қазақстан орталығының басшылығы мен ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының сарапшыларының қатысуымен өткен жиын өтті. Сол басқосуда орталықтан келген сарапшылар Елбасының Рухани жаңғыру бағдарламасында көрсетілген тың жобаларды қолдауда, жүзеге асыруда батысқазақстандықтар белсенділік танытып отырғанын атап өтті.

Облысымыздан Қасиетті орындар тізіміне алдымен ортағасырлық «Жайық» қалашығы мен «Бөкей Ордасы» тарихи-музей кешені кірсе, қазір олардың саны алтауға дейін жетті. Яғни, қосымша Тақсай қорған кешені, (б.з.д VI-V ғ.) Жұмағазы хазірет (ХІХ ғ), Ғұмар Қараш зираты және Жымпитыдағы Алашорда музейі.

Алашорда музейінің қасиетті орындар қатарына қосылуы бәрімізді қуантты. Себебі Күнбатыс алашордашылар деп аталғанымен, Алаштың ортақ идеясын жүзеге асыру жолында құрбан болған боздақтарымызға бүгінгі ұрпақ тарапынан берілген лайықты баға.
Құрметті конференция жұмысына қатысушылар, өткен тарихты зерттеудегі игі істеріңізге жаңа табыстар тілеймін!

Сауалнама

Бос уақытыңызда Сіз дене шынықтыру және спортпен айналысасыз ба?
Мекен-жай
Қазақстан Республикасы, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Достық-Дружбы, даңғылы, 179
Сайтты қолдау
IT Group Kazakhstan