Облыс әкімі А.С.Көлгіновтің ҚР Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орай өткізілетін салтанатты шарада сөйлейтін сөзі

Облыс әкімі А.С.Көлгіновтің
ҚР Тұңғыш Президенті күні
мерекесіне орай өткізілетін
салтанатты шарада сөйлейтін сөзі

 

Құрметті салтанатты жиынға қатысушылар!
Сіздерді Тұңғыш Президент күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Биыл бесінші жыл қатарынан мейрам ретінде атап отырған Тұңғыш Президент күні – халқымызды біріктіретін мемлекеттік деңгейдегі мерекеге айналды.
Елбасымыздың Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен даму кезеңіндегі ролін халқымыз әрдайым жоғары бағалайды. Кеңестер одағының құрамынан шыққан жас мемлекетіміздің 90-жылдардағы әл-ауқаты мен бүгінгі таңда 30 озық елдің қатарына ену туралы өршіл мақсат қойған елдің әлеуметтік жағдайының арасы жер мен көктей.
1991 жылдың 1 желтоқсанында халықтың үлкен қолдауына ие болған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев алғашқы инаугурациясында Қазақстан халқына адал қызмет етуге салтанатты түрде берген антына адалдық танытып, тәуелсіз еліміздің әлемге танытты. Бүгінде отандық саясаттанушылармен қатар, әлемдік сарапшылардың да зерттеу объектісіне айналған тақырыптардың бірі – «Назарбаевтың басқару моделі».  

Мемлекет басшысы әлемдік саясатта Түркияның жаңа келбетін қалыптастырған Кемаль Ататүрік, Францияның даму жолын қалаған Шарль де Голль, алақандай елді алпауыттар қатарына қосқан Сингапурдың ұлт әкесі – Ли Куан Ю сияқты ірі тұлғалармен қатар бағаланады.
«Замануи әлемде елдің қуаты ең алдымен азаматтарының білімімен өлшенеді» деп атап көрсеткен Елбасымыз мемлекетіміздің қадамын білекке сенетін емес, білімге сенетін қоғам құрудан бастады. 
Әлемдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан ел – тек қана Қазақстан Республикасы. Бұл – Тұңғыш Президенттің саяси ерік-жігерін көрсететін маңызды шешімдерінің басы болды.
ХХІ ғасыр дүниежүзіндегі жаңа қақтығыстар мен гибридті соғыстардың басты себебі ретінде адамзамттың діни наным-сенімін атай бастады. Осындай сәтте Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы дүниежүзілік дәстүрлі діндер мен конфессия өкілдерінің үш жылда бір рет Астанада съезін өткізу туралы шешім қабылдады.
2010 жылы Елордада 11 жыл бас қоспаған Еуропадағы қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымы басшыларының саммитін өткізіп, Астана декларациясын бекітті. Халықаралық спорттық шаралар – XVII қысқы Азия ойындары мен биылғы Универсиаданы өткізуіміз – Қазақстанның бейбітсүйгіш ел ретінде тағы бір мәрте танылуына ықпал етті. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі еліміздің әлем үшін ашық та, инвестицияға қолайлы мемлекет екенін дәлелдеді. Бүгінде ЭКСПО халықаралық көрмесінің игілігін біздің өңіріміз де көре бастады.
Елбасымыздың жүргізіп отырған саясатының нәтижесінде елімізде тұрақтылық пен экономикалық даму қалыптасты. Мемлекетіміздің әл-ауқатының жақсаруы біздің өңіріміздің тұрақты өсіп-өркендеуіне ықпал етуде.
Биыл өңірімізде Мемлекет басшысының «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламалары бойынша 30 млрд. теңге бөлініп, 1700-ден астам жаңа жұмыс орындары ашылды.
Облыс бойынша 500 шақырым жол салынды. Облыс орталығы ғана емес, алыс ауылдар да жол игілігін көре бастады. 1000 шақырымнан астам су құбыры тартылып, 55 елді-мекенге таза ауыз су жеткізілуде. Мейрам қарсаңында ауыл тұрғындары ауыз суға қол жеткізіп, қуаныштарымен бөлісуде.
35 елді мекенге газ жеткізу мақсатында жұмыстар жүргізілуде.
Өңірімізде биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 10 көпқабатты, 183 бірқабатты үй салынды. Бұл дегеніміз – 1500 отбасы баспаналы деген сөз. Апатты жағдайдағы үйлердің орнына салынған жаңа үйлерге тағы 500 отбасы қоныстанған болатын.(1336 Оралда, 153 аудандарда, 90 аварийные, 370 Ақсайда)

«Саясаткер келесі сайлаудың қамын ойласа, мемлекет қайраткері болашақ ұрпақтың қамын ойлайды» деген сөз бар. Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қабылдаған «Қазақстан – 2030» стратегиялық бағдарлама уақытынан бұрын орындалып, «Қазақстан – 2050» стратегиялық құжаттың бекітілуі Мемлекет басшының болашақ ұрпақтың қамы үшін еңбектеніп жүргенін көрсетеді.
­Өңірімізде жүзеге асып жатқан түрлі жобалардың барлығы да Елбасының тапсырмасына сәйкес жүргізілуде. Өңіріміздің тұрғындары Президенттің, Үкіметтің қолдауын нақты сезінуінің дәлелдері – осындай игілікті істер деп білеміз.

Құрметті ағайын!
Сіздерді Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында баршаңызды шын жүректен құттықтап, отбасыларыңызға амандық тілеймін!

Сауалнама

Бос уақытыңызда Сіз дене шынықтыру және спортпен айналысасыз ба?
Мекен-жай
Қазақстан Республикасы, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Достық-Дружбы, даңғылы, 179
Сайтты қолдау
Cтудия «Web-Design.kz»