Сырым ауданы

1.Аудан басшылығы
Сырым ауданының әкімі - Төреғалиев Төлеген Серіққалиұлы
Сырым ауданы әкімінің орынбасары - Саркулов Асланбек Ахметоллаұлы
Сырым ауданы әкімі аппаратының басшысы -  Сарсенов Ерлан Жолдыбайұлы


2.Аудан туралы
Батыс Қазақстан облысының шығыс жағында орналасқан әкімшілік бөлік бұрын Жымпиты ауданы (қазіргі Сырым ауданы) деп аталып келді. Өлкеміз өзіндік бай тарихымен ерекшеленетін аймақ. Сонау ерте заманда осы біздің топырағымызда Қобыланды батырдың, Ер Тарғын мен Едігенің жауына қаһарлығы, асқан ерлігі, Қыз Жібек пен Төлегеннің мәңгілік махаббаты  аңыз - жырға, халықтың ерлік эпосының өзегіне айналған.
Тәуелсіздікті сақтау жолында Әбілқайыр ханның Ресеймен әскери одақ құруы негізінде басталған қазақ жерін отарлау саясатына қарсы күрестің өзі - бір шежіре. Солардың бірі - 1783 - 1797 жылдары Кіші жүзде Сырым батыр бастаған ұлт - азаттық қозғалысы болды. Осы өңірде Байбарақ батыр, Тайлақ батыр, Бұлан би, Есенгелді бай секілді тарихи тұлғалар өмір сүрген.
1881-1890 жылдары қазіргі Жымпитының іргетасы қаланып, қалаға айналды. Алғашқы құрылыстар:  аурухана, мектеп, шіркеу, мұсылман мешіті. 1894 жылы екі кластық мектеп, 25 төсектік аурухана жұмыс жасай бастады.
1890 жылы орыс саудагері Якуб Тараканов астық тартатын механикалық диірмен салып, ол 1960 жылға дейін ақаусыз жұмыс істеп тұрды. Орынборға дейінгі елді қамтыған Жымпиты базарының аты шығып, қала үлкен сауда орталығына айналды. Осы жылдары Дошай, Ниязғали, Әжіғали, Әбубәкір, Жұмағұл, Нұрмұхан, Жұмағали, Есенбай, Бисенбай, Шариполла, Анфиса Белкина сияқты елден шыққан азаматтар шеберлер есімі алты алашқа танылды. Шеберлер қолымен екі жел диірмен салынып,  олар 1936 жылға дейін жұмыс істеп тұрды. Жымпитыда Өлеңті өзенінің солтүстік шығыс жағында үлкен алма бағы, оның бергі жағы шағын орман болған. Жақын маңдағы өзен бойларында түгелдей бақша салынған.
ХХ ғасырдың басында Жымпиты өңірі үлкен дүрбелеңдердің орталығына айналды. Осы жерде Күнбатыс Алашорда үкіметі ту тігіп, тұңғыш қазақ мемлекетінің іргетасын қалады. Сол кезеңде мұнда оқыған зиялы азаматтардың бір топ шоғыры жиналды. Жаһанша Досмұхамедұлы, Халел Досмұхамедұлы, Сырым Датұлының ұрпағы Салық Омаров, Дәулетшаһ Күсепқалиев, Қалдыбай Асанов, Сабыр Сарғожин,  Қосдәулетов Қуанай хазіреттер ұрпақтары үшін мақтаныш. Күнбатыс Алашорда үкіметі кезінде  атты милиция жасақталып, оларды соғыс өнеріне баулитын юнкерлер әскери мектебі ашылады. Сонымен қатар банк, телеграф, секілді әр түрлі шаруашылық құрылымдар ашылады. Кейін Жаһанша Досмұхамедов басқарған Алаш Орда үкіметі орнап, үкіметтің штаб - пәтері Тараканов үйінде орналасты. Жаһанша Уақытша үкіметінің төрағасы болып сайланады.
1919 жылы қазан айында үкімет Жымпитыдан Қызылқоғаға көшті. Сол жылы 19 қарашада Жымпитыда Кеңес үкіметі орнады.
1920 жылы 12 қазанда Орал губерниясы құрылып, оның құрамында Жымпиты уезі де болды. 19 болысты біріктірген уездің жер көлемі 38500 шаршы километр, халқының саны 78861 адам екені тіркелді.
1920-1922 жылдары Жымпиты уезі жерінде ашаршылық болды. Көп адам қырылып, халық саны кеміді.
1921 жылы 26 желтоқсанда 1 уездік партия конференциясы өткізілді. Сол кезде 18 партия мүшесі 23 мүшелікке кандидат бар еді.  
1923 жылы қазанда белгілі қазақ - совет әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, қазақ үкіметінің басшысы С. Сейфуллин Жымпитыда болды.
1928 жылы Шалқар болысындағы белгілі «Тәржеке» мешіті қиратылды.
1928 жылы қаңтардың 17-і уезд таратылып, 6 болыстан Жымпиты ауданы құрылды.
1928 жылы Жымпиты ауданы бойынша 28 бай конфескіленіп, жер аударылды. Олардың ең ірілері Салық Омаров, Өтеқожа, Қали Шәуілбековтер болды.
1933 жылы аудан көлемінде «Сарыой», «Игілік», «Қызыл таң», «Социализм», «Калинин», «Сталин», «Жұмыскер», «Төңкеріс», «Сәуле», «Бірлік», «Ұмтыл», «Кедей», «Алға», «Тамды», «Жұлдыз», «Иса» атты 16 колхоз ұйымдастырылып, олардың төңірегінде 40 серіктестік құрылды. 
1934 жылдан бастап ауданда қуғын - сүргін кеңінен етек алып, оларға халық жауы деген атақ берілді. Аудан бойынша 105 адам өлім жазасына кесілді.
Ұлы Отан соғысы қарсаңында ауданда 41 колхоз, 5 совхоз, 2 МТС болған. 1940 жылы аудан мемлекет есебіне 13100 центнер астық, 16740 центнер ет, 607 центнер жүн дайындап берген.
Екінші дүниежүзілік соғыс басталысымен ауданнан 4200-ден астам адам аттанып, оның 2800 - і елге оралмады. Соғысқа елден бес қыз аттанып, олардың үшеуі қаза тапқан. Ал аман оралған Ә.Ниязғалиева, М.Үмбетова көп жылдар ел игілігіне еңбек етті.
Ұлы Отан соғысы жылдары Жымпитының Ақ тарысының атағы шықты. Ақ тарының анасы аталып кеткен Майра Зияшеваның еңбегі тек аудан ғана емес, Одаққа мәлім болған. М.Ешмұханова, Ү.Қобдабаева, Қ.Нұрмұханова, Ж.Жұрмағамбетова сияқты қырық шақты қыздар трактор жүргізуді меңгеріп рульге отырды.
1941 жылы қыркүйекте жер аударылған немістер аудан территориясына қоныстандырылды.
1941-1943 жылдары Сталинград, Ростов облысы, Қарақалпақ АССР-інен эвакуацияланған адамдар ауданға көшірілді.
1947 - 1957 жылдары колхоздар ірілендіріліп, кейіннен совхоздар болып қайта құрылды.
1956 жылы «Правда» совхозы егін алқабынан 1 млн. пұт астық алды. 1957 жылы «Правда» совхозы директоры В.И.Шубинге Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.
1966 жылы аудан шаруашылықтары мемлекетке 3 млн. пұт астық тапсырды.
1990 жылы ауданда он совхоз, бір колхоз болды. Оларда 45240 бас ірі қара, 168500 бас қой, 4400 бас жылқы есепте тұрған.
1992 жылы Сырым Датұлының туғанына 250 жыл толуына орай республика үкіметінің қаулысымен ауданымызға өңірдегі ұлт - азаттық күресінің басшысы болған тарихи тұлға - Сырым Датұлы есімі берілді.
2017 жылы ауданда Сырым Датұлының туғанына 275 жыл, «Алаш» Үкіметінің құрығанына 100 жыл, Жаһанша Досмұхамедовтың туғанына 130 жыл секілді мерейлі даталарға орай үлкен шаралар оздырылады.
Бүгінгі таңда аудан өңірінің аумағы 11,9 мың шаршы километр, тұрғындар саны - 20,2 мың адам. Аудандағы 38 елді - мекен, 12 ауылдық әкімшілік округтерге біріктірілген. Орталығы - Жымпиты ауылы Өлеңті өзенінің жағасында орналасқан. Аудан халқының басым көпшілігі - қазақтар. Экономикасы негізінен ауыл шаруашылығына жарамды жері 1122362 гектар болса, соның ішінде егістігі 13,9 мың га, тыңайған жері 170105 га, жайылым – 895,5 мың га, шабындығы 42,9 га, орманы 5,1 мың гектарды құрайды.

3.Аудан әкімі, аудан әкімінің орынбасарлары мен аудан әкімі аппараты басшысының азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау кестесі


Аты-жөні

Лауазымы

Қабылдау уақыты

1

ТӨРЕҒАЛИЕВ
Төлеген Серікқалиұлы

Аудан әкімі

Әр аптаның сейсенбісі 
сағат 10.00-ден 12.00-ге дейін

2

САРКУЛОВ
Асланбек Ахметоллаұлы

Аудан әкімінің орынбасары

Апта сайын,
сәрсенбі күні
сағат 10.00-ден 12.00-ге дейін

3

 САРСЕНОВ
Ерлан Жолдыбайұлы

Аппарат басшысы

Апта сайын,
жұма күні
сағат 10.00-ден 12.00-ге дейін

4.«Сырым ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері
1. «Сырым ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің миссиясы Сырым ауданы атқарушы билік органының қызметін сапалы және мерзімді ақпараттық-талдаулық қолдау және ұйымдастырушылық-құқықтық қамтамасыз ету болып табылады.
Ақпараттық қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметтерді көрсету саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру.
Сырым ауданы әкімі аппаратының функциялары мыналар болып саналады:
1)  «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 38-бабы, 1-тармағына сәйкес аудан әкімінің қызметін ақпараттық-талдау, ұйымдастыру-құқықтық, және материалдық-техникалық қамтамасыз ету;
2) Аудан әкімі аппаратының жұмыс регламентінің сақталуын қамтамасыз етеді;
3)  Қазақстан Республикасы Президентінің мемлекетті нығайту жөніндегі саясатын дәйектілікпен жүзеге асыру, экономикалық реформаны іске асыру, оны жүзеге асырудың тактикасы мен тетіктерін айқындау, ауданның халық шаруашылығы кешенінің болашақтағы дамуы мен жағдайына, әлеуметтік-мәдени салаға, сыртқы экономикалық байланысқа талдау жасау, тиісті болжамдар әзірлеу, маңызды проблемаларды табу және оны шешуде ұсыныстар әзірлейді;
4) Заңдылық пен құқық тәртібін сақтайды, басқару органдарының, кәсіпорындардың, ұйымдар мен азаматтардың конституциялық құқықтар мен міндеттерінің сақталуына бақылау жасауды, мемлекеттік және еңбек тәртібін нығайту жөнінде шаралар жасауды, халықты әлеуметтік және құқықтық жағынан қорғаудың тиімді тетіктерін әзірлеуді қамтамасыз етеді;
5)  Барлық деңгейде атқарушы органдардан аудан әкімінің шешімдері мен өкімдерін сапалы әзірлеу үшін ақпараттарды, әлеуметтік-экономикалық саясатты қалыптастыратын бағдарламалар жобаларын, тұжырымдамалар мен болжамдарды дер кезінде алады, мұндай құжаттарды әзірлеуге және сараптауға қатысады;
6) Қазақстан Республикасы заңдарының, Президент пен Үкімет актілерінің, әкімдік қаулыларының, облыс және аудан әкімдерінің шешімдері мен өкімдерінің орындалуын ұйымдастыруды қамтамасыз етеді, оның басқармалар, бөлімдер, басқа да жергілікті өкілетті мекемелер мен ұйымдар тарапынан орындалуына жәрдемдеседі.
7) Аудан әкімдігінің мәжілістерінде қарау үшін мәселелерді зерттейді және материалдар әзірлейді;
8) Аудан әкімдігінің мәжілістерін, әкім және оның орынбасарлары өткізетін басқа да шараларды ақпараттық-техникалық, құқықтық, ұйымдастыру және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етеді;
9) Аудан әкімінің аппаратын қызмет құжаттарымен қамтамасыз етеді, қызметтік құжаттарды, хаттар мен арыздарды қарайды, азаматтарды қабылдауды ұйымдастырады, құжаттама айналымын талдайды, іс-қағаздарды жүргізуді жетілдіреді, мемлекеттік, орыс және басқа тілдердің қызмет етуін қамтамасыз етеді;
10) Бұқаралық ақпарат құралдарына аудан әкімінің қызметін жариялайды, бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара байланысты ұйымдастырады, Президент және Үкімет жүргізіп отырған ішкі және сыртқы саясатты түсіндіреді;
11) Аудан әкімі тағайындайтын лауазымдар тізіміне енетін кадрлардың қозғалысына, сапалық құрамына талдау жүргізеді;
12) Аппараттың бөлімдері осы ережеге, сондай-ақ аппарат басшысы бекіткен бөлімдер құрылымдық бөлімшелері туралы ережеге сәйкес негізде әрекет етеді;
13) Гендерлік және отбасылық-демографиялық саясатты дамыту және жүзеге асыруды қамтамасыз етеді;
14) Ауданның аймақаралық сыртқы экономикалық байланысын кеңейту мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлейді, мұндай байланыстарды практикалық тұрғыдан іске асыру үшін шаралар әзірлейді және олардың орындалуын бақылайды;
Құқықтары мен міндеттері:
1) Жергілікті атқарушы органдардан, комитеттер мен басқармалардан қажетті ақпараттар алады, сондай-ақ оларға орындауға міндетті тапсырмалар береді;
2) Меншіктің барлық нысандарындағы кәсіпорындардан, мекемелер мен ұйымдардан қажетті ақпараттар, құжаттар, басқа да материалды, аудан әкімі аппаратының құзыретіне қатысты мәселелер бойынша ауызша және жазбаша түсініктемелер сұратып алады;
3) Мемлекеттік органдар қарамағында бар ақпараттық мәліметтер банкін пайдаланады;
4) Аудан әкімі жүргізетін кеңестерге қатысты жинақтауда мемлекеттік емес органдармен қызметтік хат-хабар алмасады;
5) Президент актілерінің, Үкімет қаулыларының облыс және аудан әкімінің шешімдері мен өкімдерінің, әкімдік қаулыларының орындалуына тексеру жүргізеді, тиісті ақпараттар алады, анықталған кемшіліктерді жою жөнінде шаралар алады;
6) Аудан әкімдігінің мәжілістеріне, сондай-ақ басқармалардың, комитеттердің, ауылдық округ әкімдерінің мәжілістеріне қатысады;
7) Аудан әкімінің және әкім орынбасарларының тапсырмасы бойынша басқармалар, комитеттер, бөлімдер мен ауылдық округ әкімдері аппаратының қызметкерлерін әкім аппаратының құзыретіне қатысты мәселелерді шешуге қатысуға тартады;
8) Аудан әкіміне ведомстволық бағыныстағы басқармалардың, бөлімдердің басшыларын қызметтен босату, сондай-ақ оларды тәртіптік жауапкершілікке тарту жөнінде ұсыныстар енгізеді;
9) Аудан әкімі аппараты мемлекеттік органдардан қажетті материалдарды, хабарларды табыс ету жөніндегі талабы, егер оның орындалуының басқа мерзімде белгіленбесе, ол заңда белгіленген мерзімде орындалуға жатады.

5.Мекенжайы: БҚО, Сырым ауданы, Жымпиты ауылы, Қазақстан көшесі №8
6.Электронды пошта: E-mail: akim_sirim@mail.ru
7.Байланыс телефондары: 8(71134) 31-274, 31-203
8.Ресми интернет ресурс: http://www.syrym-bko.gov.kz  

Сауалнама

Бос уақытыңызда Сіз дене шынықтыру және спортпен айналысасыз ба?
Мекен-жай
Қазақстан Республикасы, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Достық-Дружбы, даңғылы, 179
Сайтты қолдау
Cтудия «Web-Design.kz»