13 Наурыз 2019
27

Ақжайық ауданында «Өнердің өрнекті қырлары» атты көрме өтті

 

Ақжайық ауданы орталығындағы «Өркен» коворкинг орталығында өткен сурет және қолөнер туындыларының көрмесі көпшілікті таң қалдырды. Көрмеге балалар шығармашылығы орталығы оқытушылары мен шәкірттерінің туындылары қойылды.

 

 

Көрменің ашылуымен аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев құттықтады.

 

Аталған орталық педагогтары он жылдан астам мектеп оқушыларымен жүйелі жұмыстанып келеді. Тәжірибелі педагог Руслан Есенәлиев басқаратын ұжым бүгінде балалардың қызығушылығын оята алатын, заман үдесінен шыға алатын іргелі орда. Жалпы саны 101 қосымша білім беру оқытушысы түрлі үйірменің жұмысын жүргізіп отыр.

 

Көрмеге орталықтан және Талап, Есенсай, Бітік, О.Исаев, Ж.Молдағалиев, М.Әуезов атындағы, Мерген, Базартөбе орта мектептері, Горячкин, Ілбішін негізгі мектептері ұл-қыздарының сурет және қолөнер бұйымдары қойылды. Мысалы, орталықтағы «Көркемсурет» үйірмесінің жетекшісі Қайсар Сисенғазиев, «Қолөнер» үйірмесінің жетекшілері Досжан Бижанов, Жадыра Мұхамбетқалиева, «Дизайн» үйірмесінің жетекшісі Данияр Ізбасаров, «Фотосурет» үйірмесінің жетекшісі Сәкен Әбілхайыров өз туындыларымен қатар шәкірттерінің шығармаларын ұсынды.

 

Айталық, ұлттық таным мен жаңашылдық синтезінің бүгінгі көрінісі Қайсар Сисенғазиевтың қылқаламынан өзгеше көрініс тапқан.

 

Ол қазір «Әже әлдиі» атты отбасылық құндылықтарды ұлықтайтын сурет салу үстінде екен. Қайсардың галереясындағы іргелі жұмыс болып табылатын бұл суретте бір отбасы мүшелері түгел суреттелген. Немересін тербетіп отырған әже, қыздарымен бірге бақытты ана, бәрі-бәрі де сәтті шығып жатыр.

 

«Жылқылар үйірі» атты суретте жылқышының үйір қылқұйрықты үйіре қуып келе жатқаны бейнеленген. Майлы бояумен салынған туындыға ол біраз уақытын жұмсаған.

 

Қайсар Талапұлы сонымен қатар қалдық заттармен жұмыс жасаудың шебері. Әсіресе, ағаш тамырларынан бейнелер жасауды дағдыға айналдырған. Мысалы, «Шал» деп аталытын туындысын көктеректің тамырынан ойып жасаған. Мұнда жүзін әбден күн қағып, әжім өрнек салған дала данасының эмоциясы бейнеленген. «Қай затқа қарасаң да, белгілі бір бейнеге сұранып тұрады. Тек оған көкірек көзімен қарай білу керек. Мен үшін ағаш тамырлары әлдебір бейнелерді көрсетіп тұрады. Арнайы уақытымды бөліп, ағаш тамырларын жинау үшін орманға барып тұрамын»,-дейді Қайсар.

 

Көрмеде «Жалғыздық» картинасы мен мұндалап, тамашалаушыларды өзіне тартып тұр. Оның авторы Данияр Ізбасаровпен әңгіме барысында туындының сыры тым тереңде екенін білдік.

 

-Бұл суретте Қыз Жібек пен Төлеген, сыңар аққу, ер-тоқымсыз ақ боз ат, Жайық өзені бейнеленген. Мұңды сурет деуге де болады. Себебі картинаны салуға атақты әртіс Құман Тастанбековтың өмірден өтуі себеп болды. Өнерде де, өмірде де Төлегенінен айрылған Қыз Жібектің сырын, бар мұңын осы суретке сыйғызуға тырыстым. Өмірде ешкімге де айта алмайтын сыр болады. Осында Қыз Жібектің алай-дүлей ішкі жан-дүниесі леп бергендей,-дейді Д.Ізбасаров.

 

Досжан Бижановтың ағаштан ойып жасаған туындылары тамашалаушылардың таңдайын қақтырды. Ағашты көркемдеп өңдеуді бала жастан жанына серік еткен Досжанның қолынан шыққан дүниелер талай жерде бәйге алып жүр. 

 

Айта кетейік, бұл көрме бүгін Оралдағы Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында өтетін болады.