14 Қараша 2018
14

Жаңақала ауруханасы жапондық грантқа үміткер

 

14.11.2018ж

 

Бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов өңірімізге жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасындағы Жапон елшілігінің Атташесі Юма Танакамен және «Корни травы» қайтарымсыз гранттық бағдарламасының үйлестірушісі Жанар Амантаймен кездесті.

 

Кездесу барысында облыс әкімі екі ел арасындағы  әріптестікті еселей түсуге ықылас танытқаны және өңірдегі ең шалғай аудандарының бірін заманауи әрі қымбат медициналық құрал-жабдықпен қамтамасыз етуде зор мүмкіндікті ұсынғаны үшін Жапон елшілігіне алғыс айтты. Озық технологияның  отаны саналатын Жапония мен Батыс Қазақстан облысы арасында цифрландыру, білім-ғылым, денсаулық сақтау салаларында екі жақты тиімді әріптестікті жандандыруға мүдделі екенін атап өтті.

 

-  Елбасы Н. Назарбаев мемлекеттік қызмет көрсету саласынан бастап, барлық саланы цифрландыруға баса мән береді. Технологиялық жаңғыртуды жедел қамтамасыз ету, цифрлық трансформациялау мақсатында арнайы қабылданған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының басты мақсаты - мемлекеттік қызмет сапасын арттырып, тұрғындардың уақыты мен шығынын азайту және қажеттіліктеріне кедергісіз қол жеткізуіне жағдай жасау, - деді облыс әкімі.

 

Сондай-ақ, экономикалық әріптестік және даму халықаралық ұйымының (ЭӘДҰ) тәжірибесіне сүйене отырып, блокчейн технологиясын енгізуде жапондық инвесторлармен әріптестік орнатып, бірлесе жұмыстануға дайын екенін мәлімдеді.

 

-  Жаңақала аудандық орталық ауруханасынан алған әсерім күткендегімнен де асып түсті. Шалғайда орналасқанымен, сапалы құрал-жабдықтармен, білікті мамандармен, цифрландыру үрдістерімен қамтылған медициналық мекеме екен. Әсіресе, саланы цифрландыру бағытындағы жобалар менің қызығушылығымды тудырды,-деді Юма Танака.

 

Жиын соңында облыс әкімі жапондық қонақтарға Орал қаласындағы «Арба» және «Бәйтерек БҚО» қоғамдық бірлестіктерімен,  қалалық жедел медициналық жәрдем станциясымен тиімді әріптестік орнату мүмкіндіктері туралы айтып, 29 қарашада облыс орталығында өтетін Цифрландыру форумына қатысуға шақырды.

 

Айта кету керек, Жапония Үкіметінің  «Kusanone-Корни травы» бағдарламасы елімізде құны 6,035 млн. АҚШ долларына жуық 92 әлеуметтік жобаны жүзеге асырды. Соның ішінде Бөкей ордасы ауданындағы ауруханаға құны 97 мың АҚШ долларды құрайтын заманауи рентген-аппарат, ашық реанимация жүйесі, қос бірдей электрокардиограф сияқты 11 түрлі медициналық құрал-жабдықты сатып алуға қайтарымсыз грант бөлген еді.

 

Биыл Жаңақала аудандық орталық ауруханасы «Корни травы» бағдарламасы бойынша онкологиялық және ас қорыту жолдары ауруларын емдеу үшін 24 млн. теңгені құрайтын аса қажетті бейнегастроскоп қондырғысы мен эндоскопиялық жүйені сатып алуды жоспарлап отыр.

 

ФОТО: Александр Куприенко