14 Қараша 2018
7

Жәнібекте «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған үйлер берілді

 

14.11.2018ж

 

Бүгін Жәнібек ауылының батыс бетіндегі Наурыз көшесінде «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылыс бағдарламасы бойынша бастау алған екі пәтерлік жиырма тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Шараға облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Сатқанов арнайы келіп қатысты.

 

-Құрметті жерлестер! Баршаңызды облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атынан бүгінгі қуаныштарыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Нұрлы жер», «7-20-25» бағдарламаларының арқасында өңір, аудан тұрғындары баспанаға қол жеткізуде. Соның жемісін бүгін өздеріңіз де көріп отырсыз. Осы тұрғын үйлерді салған мердігерге, оған атсалысқан барша азаматтарға алғысымды білдіремін. Пәтерлеріңіз құтты болып, іші балаларға толы болсын!-деген Мейіржан Мұнайдарұлы қоныстой иелеріне пәтер кілттерін табыс етті.

 

Баспана иелері атынан сөз алған Мөлдір Шалғынбаева 2015 жылы жоғары оқу орнын бітіріп келгеннен кейін жұмысқа орналасып, тұрғын үй кезегіне тұрғанын, бүгін соның сәті түсіп, пәтерге ие болып отырғанын үлкен мақтанышпен жеткізіп, алғысын білдірді.

 

Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары ауданға танымал күміс көмей әнші Шынар Каюпованың пәтеріне кіріп, құтты болсын айтып, дәмнен ауыз тиді.

 

А.ЕСІРКЕПОВ,

Жәнібек ауданы