29 Қазан 2018
11

Сайқында екі пәтерлік 16 үйдің құрылысы басталды

 

29.10.2018ж

 

Бұл жайында «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ХХ есеп беру, сайлау конференциясында айтылды.

 

Конференцияда партияның аудандық филиалы төрағасы, аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов филиалдың саяси кеңесінің 2017-2018 жылдары атқарған жұмысының есебін баяндады. Төрағаның мәліметінше, ауданда партия мүшелерінің саны 1496 адам. Аудандық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері жергілікті бюджетті қалыптастыруға, аймақтық бағдарламалардың орындалуына, әлеуметтік мәселелердің шешім табуына ықпал етуде. Депутаттар сайлаушылармен кездесіп, қоғамдық қабылдаулар өткізеді. Бүгінге дейін 148 тұрғын қабылдауға келіп, олардан түскен өтініштердің 40-ына қатысты мәселе оң шешіліпті.

 

– «Қазақстан – 2021. Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасы бойынша елімізде 34 мектеп, 17 балабақша салу көзделді. Биыл аудан орталығында 70 орындық мектеп жатақханасы пайдалануға берілді. Сонымен қатар, бірнеше білім нысандарын күрделі жөндеуден өткізуге жобалық-сметалық құжаттамалар жасақталуда. Ауданда интернет жиілігіне қатысты мәселе бар екені рас. Оны реттеу мақсатында 2019 жылы оптикалық-талшықты интернет желісін іске қосу жоспарлануда, – деді Нұрлан Рахымжанов.

 

 «Бақытты отбасы», «Бақытты балалық шақ», «Жастар – Отанға», «Сәтті қадам», «Ардагерлерді ардақтайық!», «Кедергісіз келешек» сынды партиялық жобалар аясында іс-шаралар жоспарлы ұйымдастырылып тұрады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ауқымында 16 млн. 250 мың теңгеге 22 жоба жүзеге асқан. Жобалардың іске асуына партия мүшелерінің үлесі зор.

 

Конференцияда «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілеген Арыстанбеков Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында халықтың өмірін жақсартуға арналған шаралар белгіленгенін атап өтті. Н.Назарбаев «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламаларын орындау мерзімі 2025 жылға дейін ұзартылатынын мәлімдегені белгілі. Биыл ауданда екі пәтерлік 5 үй және инфрақұрылымдармен қамтамасыз етілген жер учаскелері қолданысқа берілді. Жыл соңына дейін тағы екі пәтерлік 16 үйдің құрылысы басталды.

 

  • Келесі жылы ең төменгі жалақы мөлшері 42 мың теңге болады. Соған байланысты аудандағы мектепке дейінгі мекемелердегі 91 қызметкердің жалақысы көбейеді. Дәрігерлер мен медбикелердің айлық еңбекақысына 20 пайыз қосымша қаражат қосылмақ.

 

Тілеген Арыстанбеков «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ауқымында аудан бойынша биыл 265-ке жуық шара өткенін айтты. «Атамекен» кіші бағдарламасы шеңберінде жыл басынан бері меценаттар қаржысы есебінен 11 млн. 350 мың теңгеге 40 жоба жүзеге асырылды. «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы шеңберінде сапалы білім беру, үштілділікті дамыту, цифрлық сауаттылықты қамтамасыз етуге жағдай жасау бағытында М-С.Бабажанов атындағы мектепте алғашқы IT-сынып ашылды.

 

Конференцияда Тілеген Керейұлы жақында өткен «Үздік бастауыш партия ұйымы» облыстық байқауында республикалық кезеңге жолдама алған Тайыр Жароков бастауыш партия ұйымының төрайымы Нұргүл Омарованы құттықтады және партияның белсенді мүшелеріне «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлейменнің алғысхатын табыстады.

 

Жиында партияның аудандық филиалының саяси кеңесінің құрамы және облыстық партия конференциясына қатысатын делегаттар сайланды. Сондай-ақ еңбек ардагері Чарльз Қойшыбаев, Ұялы ауылдық мәдениет үйінің директоры Сайлаубек Мұхтаров, «Луч добра» славян этномәдени орталығы төрағасының орынбасары Татьяна Березина сөйлеп, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының саяси кеңесінің жұмысына оң баға берді.

 

 

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

Бөкей ордасы ауданы

 zhaikpress.kz