13 Наурыз 2019
34

«Қардың қалыңдығы 15 сантиметрге түсті»

 

Шыңғырлау ауданы әкімі А.Есалиев ауылдар мен аудан орталығын аралап, су басу қаупінің алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты.

 

Ауылдық округ әкімдеріне және тиісті мекеме басшыларына жағдайды бақылауда ұстап, тиісті жұмысты ұйымдастыруды тапсырды.

 

Көктемгі су тасқынының алдын алу қауырт жұмыс. Оның үстіне биылғы қардың қалың болуы да баршамызды әбігерге салғаны рас. Осы орайда, Шыңғырлау ауылдық округінің әкімі Ғ.Жұмағазиев:

 

-Ауылдық округ көлемінде су тасқынының алдын алу мақсатында қар шығару, су арнасын салу секілді тиісті жұмыстармен қатар, біздің тарапымыздан түрлі сенбіліктер мен акциялар ұйымдастырылуда. 1 наурыз - алғыс айту күнінде мектеп оқушылары мен колледж студенттері жалғыз басты қариялар мен мұқтаж адамдардың үйлеріне барып аулаларындағы қарды аршыса, 6 наурыз күні мекеме қызметкерлері арасында сенбіліктер ұйымдастырылды. Барлық су құбырлары мен арықтар тазартылды,-деді.

 

Ауыл әкімі сөз барысында барлық техникалардың дайын екендігін атап өтті. Яғни, су тасқыны қатері болған жағдайда 6 ауыр жүк техника, 4 мотопомпа, УАЗ автокөліктері және құм салынған қапшықтар әзір тұр. Жалпы аудан орталығындағы 6 көшедегі үйге су кету қаупі бар. Бүгінде ол көшелерден 5000 м3 жуық қар шығарылып, су ағысына арналған жыра салынған. Аудан бойынша аудандық маңызы бар автожолдарда орналасқан  су құбырлары тазартылған.

 

  - Жеке тұрғын үйлерді аралап, қар аршу, қар шығару жөнінде ескертулер жасап, жадынамалар үлестірдік. Бір-екі жұмада аудан орталығындағы қардың қалыңдығы 35 см-ден 15 см-ге дейін түсті. Бірақ, аудан көлемінде су тасқынына қауіпті аймақ жоқ,-деп хабарлады аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері Р.Шукаев.