Мемлекет басшысы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шағын құрамдағы отырысына қатысты

Қазақстан Президенті Шанхай ынтымақтастық ұйымы 16 жылдағы даму тарихында халықаралық тұрғыдан мойындалып, көп салалы өзара іс-қимылдың тиімді басқосуына айналғанын атап өтті.

– Аймақтық қауіпсіздікті нығайту, елдеріміз арасындағы  экономикалық өзара іс-қимылды ілгерілету және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту жолында ауқымды жұмыс атқарылды. Шарттық-құқықтық база қалыптасты. Ұйымның берік институционалдық негізі жасалып, аймақтық және жаһандық ықпалы артып келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Астана саммиті ұйымның жаңа тарихына бастау болып отырғанына тоқталды.  

– Бұл отырыс алты тарапты форматта соңғы рет өтіп отыр. Бүгін біз Үндістан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасын қабылдау рәсімін аяқтап, оларға ШҰЫ-ның мүше-мемлекеті мәртебесін беру жөніндегі шешімге қол қоямыз. Жаңа мүшелерді қабылдау ұйымның дамуына зор серпін беріп, оның халықаралық беделінің артуына септігін тигізеді, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының жұмысында геосаясаттағы кейінгі үрдістер мен әлемдік экономикадағы негізгі трендтер ескеріліп отыратынын атап өтті.  

– Басты мақсаттарға біртіндеп қол жеткізу және барлық бірлескен шешімдерді тиімді іске асыру үшін  жүйелі жұмыс жүргізілуде. Тұрақтылық пен қауіпсіздікке төнген жаңа қауіп-қатерлерді еңсеру мәселелеріне ерекше назар аударылады. Атап айтқанда, осы саммит аясында Халықаралық терроризмге қарсы бірлескен іс-қимыл туралы мәлімдеме қабылдап, Экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі конвенцияға қол қою жоспарланып отыр.  Бұл Шанхай ынтымақтастық ұйымының осы жаһандық зұлматпен күресуге қосқан елеулі үлесі болмақ, – деді Қазақстан Президенті. 

Сауалнама

Бос уақытыңызда Сіз дене шынықтыру және спортпен айналысасыз ба?
Мекен-жай
Қазақстан Республикасы, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Достық-Дружбы, даңғылы, 179
Сайтты қолдау
IT Group Kazakhstan