Қазақстан Президенті Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі саммиті аясында осы ұйымның бас хатшысы Юсеф бен Ахмад әл-Осейминмен кездесті

Әңгіме барысында Мемлекет басшысы Қазақстан бұл ұйымның жұмысына толықтай қатысу үшін қажетті барлық шараларды қабылдап отырғанын атап өтті.

– Бүгінгі іс-шара аса маңызды. Біз саммиттің нәтижелері табысты болады деп үміттенеміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ислам ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы Қазақстан Президентіне саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін ризашылығын білдірді.

– Қазақстанның ислам әлеміндегі беделі зор. Бүгінгі саммитке келген барлық делегация өкілдерінің атынан Сізге және Қазақстан халқына қонақжайлық көрсетіп, іс-шараны жоғары деңгейде өткізгендеріңіз үшін алғыс айтамын, – деді Бас хатшы.

Юсеф бен Ахмад әл-Осеймин Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі саммиті алғаш рет өткізіліп отырғанына  тоқталды.

– Мұны тарихи оқиға деп зор сеніммен айтуға болады. 57 ислам елінің өкілдері ғылым мен технология саласындағы өзекті мәселелерді талқылау үшін бас қосты. Біз ұлы дініміздің жаңа қырларын аша түсеміз деп үміттенемін. Өкінішке қарай, террористік ұйымдар әлемдегі исламның беделіне нұқсан келтіруде, – деді Ислам ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы.

Ұйым басшысы кең ауқымда танымал өкілдер қатысқан бүгінгі кездесу Қазақстан Президенті беделінің арқасында өткізіліп отырғанын айтты.

Юсеф бен Ахмад әл-Осеймин ислам елдерінің халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде ортақ ұстаным қалыптастыруға және исламдық емес ұйымдармен сындарлы ынтымақтасуға бағытталған Ұйымның алдағы жұмыс жоспары туралы ой бөлісті.

Сондай-ақ, Ұйым басшысы Қазақстанның жаңа елордасы – Астананың әсемдігіне тамсанатынын айтып, қаланың инвестициялық тартымдылығына тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев Юсеф бен Ахмад әл-Осейминнің Ислам ынтымақтастығы ұйымының дамуына тың серпін беретін білікті басшы екенін атап өтті.  

– Сіздің қызметіңізге табыс тілеймін, бізді қолдайтыныңызға сенемін. Қазіргі уақытта лаңкестік шабуылдардың көбісі ислам елдерінде болуда.  Осы орайда Сіздің бұл зауалмен бірлесе күрес жүргізу қажеттігі жөніндегі сөзіңіз орынды, – деді Мемлекет басшысы.

Соңында Қазақстан Президенті орта ғасырларда негізгі ғылыми жаңалықтар ислам әлемінде ашылғанына ерекше тоқталды.

– Мұны әрдайым есте ұстап, аянбай еңбек етуіміз қажет. Біз ғылым мен технологияларға арналған саммитті Төртінші өнеркәсіп төңкерісі кезеңінде тектен-тек өткізіп отырған жоқпыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сауалнама

Бос уақытыңызда Сіз дене шынықтыру және спортпен айналысасыз ба?
Мекен-жай
Қазақстан Республикасы, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Достық-Дружбы, даңғылы, 179
Сайтты қолдау
IT Group Kazakhstan