Еңбек иелері еленген күн

Мерекеге орай таңсәріден қала орталығындағы М. Ықсанов көшесі бойында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі  ашылды. Қала тұрғындарына арналып ұйымдастырылған жәрмеңкеге өңір аудандарындағы және қаладағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер өз тауарларын қолжетімді бағамен саттыққа шығарды.

         Облыстық «Нұр Отан» партиясы ғимаратында аталмыш мерекеге орай салтанатты шара ұйымдастырылды. Мерекеге жиналғандар ғимарат дәлізінде орнатылған теледидарлар арқылы әр ауданның экономикалық дамуы мен жетістіктерінен сыр шертетін бейнебаяндарды тамашалады.

         Салтанатты шараға жиналған ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлері мен ардагерлерін облыс әкімі Алтай Көлгінов құттықтады.

– Биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ауыл шаруашылығы қиын кезеңдерді бастан өткерді. Бүгінгі таңда өңіріміздің агроөнеркәсіп кешені айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Кеше ғана мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев астық жинау науқанының табысты аяқталуына байланысты еліміздің агроөнеркәсіп кешені еңбеккерлеріне құттықтау жолдады. Елбасы құттықтауында ауыл шаруашылығындағы жетістіктерге тоқталып өтіп, «Осының барлығы мейлінше мол тер төгуді, ұдайы қамқорлықты, зор қажырлылықты, білім мен тәжірибені талап ететін саланың бірі – егін шаруашылығының табысты дамып келе жатқанын даусыз дәлелдейді. Бұл саладағы азаматтардың бәрін құттықтап, бірден жеміс бере қоймайтын жер төсіндегі бейнетті еңбектері үшін» деп алғыс білдірді. Сонымен қатар ел Президенті «Біз Қазақстанда диқандардың адал еңбегі барынша бағаланып, ауыл шаруашылығы инвестицияға қолайлы, жаңа жобаларға, жастарымыздың күш-қуатына өріс ашатын перспективалы салаға айналуы үшін барлық жағдайды жасаймыз» деп атап өтті.  Халқымызда «Ауылдың амандығы – елдің амандығы» деген өсиетті сөз бар. Расында да, ұлтымыздың тамыры – ауыл, тағдырымыз да соған байланысты. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту – бұл 443 ауылдық елді мекенді өркендету, облыс тұрғындарының жартысынан астамын қолдау болып табылады. Мемлекет тәуелсіздік жылдары бұл салаға айрықша назар аударып, ерекше көңіл бөліп келеді. Тек 2016 жылы ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 8,3 млрд. теңге қаражат жұмсалды. Сонымен қатар 2016 жылы ауыл шаруашылығын қаржыландыруға                         3,6 млрд. теңге «ҚазАгро» акционерлік қоғамы арқылы несие ресурстары тартылды. Біздің өңіріміз – асыл тұқымды Көшім жылқысы, қазақтың ақбас сиыры мен Еділбай қойының отаны. Соңғы 20 жылда ірі қара мал басы 30, қой мен ешкі – 50, жылқы – 60, құс саны 130 пайызға артты. Еуразиялық экономикалық одақ аясында және Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргелі шаруаларымыздың аяғына нық тұруына, бәсекеге қабілетті сапалы өнім шығаруға «Агробизнес – 2020» бағдарламасы шеңберінде барлық жағдай жасалуда. Үсіміздегі жылдың қаңтар-тамыз айларындағы есеп бойынша ауыл шаруашылығының ішкі тауарайналымы 14,4 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде экспорт 2,4 миллиард, импорт 12,0 миллиард теңгені құрайды. Бүгінгі таңда өңіріміз ірі қара малы мен қой етін, балық, астық пен астық өнімдерін, майлы дақылдарды сыртқа нарыққа шығарып отыр.  Бізде Ресей, Испания, Әзірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Ауғанстан, Өзбекстан мен Украина секілді елдермен сауда-саттық саласы мықты дамыған. Еліміздегі ауыл шаруашылығы саласына деген қолдаудың, ауа райының қолайлы болуының және диқандар мен жұмысшылардың қажырлы еңбегінің арқасында биылғы жылы егін шаруашылығынан мол өнім алдық. Ағымдағы жылы өңіріміз бойынша дәнді дақылдан түскен өнім 318 мың тоннаны құрап отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда 35 есеге көп. Мол өнімге қол жеткізген шаруашылықтар қатарында Зеленов ауданындағы «Алтын бидай», «Матевосян», «Достық» шаруа қожалықтары бар. Олар әр гектар егістен 52,3 центнерден бастап 41 центнерге дейін өнім алды. Бұл – біздің өңір үшін үлкен жетістік.

-Біз бүгінгі мерекеде ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жатқан азаматтарға және ардагерлерге, барлық диқаншылар мен мал өсiрушiлерге ерекше алғысымызды және ризашылығымызды бiлдiремiз. Сiздер қажырлы еңбектерiңiзбен елiмiздiң экономикасының дамуына ғана емес, қоғамның әлеуметтiк тұрақтылығының нығаюына да қомақты үлес қосып келесiздер. Егер биыл маңызды оқиға – ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы болса, келесі жылы Астана қаласында өтетін «EXPO – 2017» бүкіләлемдік көрмесі халықаралық қоғамның назарын өзіне аударады. Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы қызметкерлері көрменің ұйымдастыруына атсалысады деген сенімдеміз. Барлықтарыңызды төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай келе, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, дастарқандарыңызға береке, еңбектеріңізге мол табыс тілеймін, – деді өңір басшысы Алтай Сейдірұлы.

Бұдан соң облыс басшысы ауыл шаруашылығы саласында елеулі еңбек етіп жүрген бір топ сала мамандарын марапаттады. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен Жаңақала ауданынан сала ардагері Жанболат Семенов, Теректі ауданы «Приречный» шаруа қожалығының жетекшісі Федор Савичев, Шыңғырлау ауданындағы «Усмангалиев» шаруа қожалығының жетекшісі Оразбай Османғалиев марапатталды. Ал ақжайықтық Қанат Досқалиев, қазталовтық Өтепберген Бекжанов, бөкейордалық Исетай Ғабдуллин, сырымдық Болат Тасқалиев, жаңақалалық Тілеген Мусин, Жәнібек ауданынан Абай Жаманқұлов сықылды шаруа қожалықтарының жетекшілері министрліктің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісіне ие болды.

Сонымен қатар салтанатты шарада бір топ қожалық жетекшілеріне министірліктің Құрмет грамотасы табысталды. Олардың қатарында Қазталов ауданынан Мұрат Хасанов, Қаратөбе ауданынан Айгүл Баянова, Тасқала ауданынан Ержан Хаиров сияқты еңбек адамдары бар.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығының әр саласы бойынша үздіктер анықталып, олар жекелеген аталымдармен марапатталды. Атап айтсақ, Зеленов ауданынан Сергей Шунайбеков «Үздік асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын шаруашылық», Ақжайық ауданынан Ерболат Құрманғалиев «Үздік асыл тұқымды қой өсірумен айналысатын шаруашылық», Ерболат Аткеев «Үздік асыл тұқымды жылқы өсірумен айналысатын шаруашылық», Теректі ауданынан Вячеслав Балакиев «Үздік бау-бақша шаруашылығы» аталымымен марапатталды.

Ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне арналған салтанатты шара «Ауылым – асыл мекен» атты концерттік бағдарламаға ұласты.

Бұдан соң облыс әкімі бастаған бір топ өңір басшылары ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін аралап, тұрғындарға ұсынылған тауарлар бағасымен танысып, тұтынушылармен пікірлесті. Өңір басшысы аудан-ауылдардан келген шаруа адамдарына жәрмеңкеге  атсалысқандары үшін алғысын білдірді.

Сауалнама

Бос уақытыңызда Сіз дене шынықтыру және спортпен айналысасыз ба?
Мекен-жай
Қазақстан Республикасы, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Достық-Дружбы, даңғылы, 179
Сайтты қолдау
IT Group Kazakhstan