45 ауылдық округке дербес бюджет

Сырым ауданында Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаеваның төрағалығымен жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту бойынша төртінші деңгейдегі бюджетті енгізуге әзірлік шаралары туралы мәселені талқылаған мәжіліс өтті. Жиналысқа облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау, қаржы, мемлекеттік сатып алу басқармаларының және ішкі мемлекеттік аудит, мемлекеттік кірістер департаменттерінің мамандары, сонымен бірге Сырым және Қаратөбе аудандарының әкімдіктерінің жауапты қызметкерлері, ауыл әкімдері мен мамандары қатысты.

Күн тәртібінде қаралған негізгі мәселе төртінші деңгейдегі бюджет туралы. Қарапайым әрі түсінікті қылып айтқанда, бұқараға осы кезге дейін республикалық, облыстық және аудандық бюджеттің бар екені белгілі болып келді. Бұлар – үш деңгейлі қаржыландыру жүйесінің құрылымдары. Енді төртінші деңгей арқылы тұрғын саны 2 мыңнан асатын ауылдық округтердің де дербес бюджеті болады. Селолық округ, ауыл, село, кент, аудандық маңыздағы қала деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті енгізілетіндігі жайлы Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 98-қадамында нақты көрсетілді. Айтылған мәселе айтылған жерде қалмай, жүзеге асқалы жатыр. Бұл туралы Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков кеңірек айтты.

Дербес бюджет ауылдық округтер үшін 2018 жылдан бастап енгізіледі. Сырым ауданы бойынша Жымпиты және Бұлдырты ауылдық округтері төртінші деңгейдегі бюджеттің игілігін көретін округтердің қатарына кіріп отыр. Қаратөбе ауданындағы төртінші деңгейдегі бюджеттің игілігіне іліккен округтердің саны да біздің ауданмен бірдей. Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаеваның сөзіне қарағанда, жалпы облыс бойынша 45 ауылдық округ келер жылы дербес бюджетке ие болатын көрінеді.

Жаңа бюджет өзімен бірге жаңа міндеттерді жүктейтіні мәлім. 2018 жылға дейін жергілікті билік төртінші деңгейдегі бюджет енгізілетін ауылдық округтер әкімдері аппараттарының материалдық-техникалық қамтамасыз етілуінің шараларын бірінші кезекте жолға қоймақ. Осы сияқты округтерді сапалы ғаламтормен қамтамасыз ету, кадрлардың сапалық құрамын қайта қарап, білікті мамандармен толықтыру, соның ішінде жергілікті өзін-өзі басқарудың бюджет процестеріне және коммуналдық меншікті басқару бойынша білімі жетілген мамандарды шоғырландыру мәселелерді шешуді де кейінге қалдырмаған дұрыс. Жиынға қатысушылардың пікір алысы осындай түйінге тірелді. Айтылған мәселелер жөнінде жауапты лауазым иелеріне тиісті тапсырмалар берілді.

Сырым ауданында осы сапар барысында облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша тағы бір жиын өткізді.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Сауалнама

Бос уақытыңызда Сіз дене шынықтыру және спортпен айналысасыз ба?
Мекен-жай
Қазақстан Республикасы, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Достық-Дружбы, даңғылы, 179
Сайтты қолдау
IT Group Kazakhstan