Академия жергілікті полиция қызметкерлерін оқытады

Облыс әкімдігінің «Ақжайық» залында облыс әкімдігі мен ҚР Бас прокуратурасы жанындағы құқық қорғау органдары Академиясы арасындағы меморандумға қол қою рәсімі өтті.

Жиынды ашқан облыс әкімі Алтай Көлгінов өңірімізге  жұмыс сапарымен Бас прокуратураның өкілдері, аталмыш  Академияның ректоры міндетін атқарушы  Наиль Ахметзакировтың келгенін, бұл іссапардың мәнісі Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру, жергілікті полиция қызметін дамыту, полиция қызметкерлерін заман талабына сай оқыту жобасымен таныстыруда екендігін айтты.

– Мемлекет тарапынан жергілікті полицияның материалдық-техникалық базасын нығайту, тиісті құрал-жабдықтармен қамту,  бейнекамераларды қою, қылмысты азайту, қылмысқа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру,  қылмыстың алдын алу жөніндегі жұмыстарды құқық қорғау органдарымен,  прокуратура, ішкі істер департаменті, жергілікті полиция және басқа да мемлекеттік органдармен бірге атқарудамыз. Негізгі мақсат – бұл азаматтардың мүддесін қорғау, қылмыстың түрлерін мүлдем азайту, қоғамдағы халықты мазалап отырған мәселелердің оң шешімін табу, - деді облыс басшысы.  Өңір басшысының айтуынша,  өткен жылы қызметтік көлік алынса, биыл Оралда мемлекеттік-жеке меншік серіктестігі шеңберінде, жергілікті бюджет есебінен қылмысты азайту мақсатында бейне бақылау камераларын орнатуға қаржы бөлінуде. Биыл да 50 қызметтік көлік сатып алынады. Облыс орталығында жедел басқару орталығының (ЦОУ) құрылысы басталды.

Наиль Ахметзакировтың айтуынша, Академия жергілікті полициямен «құрдас». – Мен бір басылымнан Қазталов ауданы Бостандық ауылының учаскелік инспекторы Әділбек Ғазизов труалы мақала оқыдым. Тұрғындар оның жұмысы жөнінде жылы лебіз білдірген. Оның жұмысымен таныстық, пәлендей құпия жоқ: аумақты аралау, ұсақ қылмыспен күрес. Бірте-бірте оның жұмысы нәтижелі бола түскен. Полиция туралы айтқанда БАҚ-та, құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында жақсы сөз айтыла бермейді. Бүгінде полицияға жұртшылық сене бермейді ме? Бірақ мен басқаша ойлаймын, қоғамда адал, сатылмайтын полиция қызметкерлері бар, - деген Н.Ахметзакиров өңіріміздегі ерлігімен, өжеттігімен танылған полиция қызметкерлерінің атын айтып, түсін түстеп, Елбасы тапсырмасымен «100  жаңа есім» жобасына лайықты есімдерді ұсыну полиция қызметкерлерінің беделін биіктетіне тоқталды.

«БҚО-да 2016 жылы жергілікті полиция қызметін дамытуға 1,5 миллиард теңге бөлінген, 50 қызметтік көлік, бейне камералар алынған. Осының барлығы полиция жұмысының нәтижелілігін арттырады. Алайда барлығын кадрлар шешеді. Сондықтан білім мәселесі бірінші тұруы керек. БҚО-дағы жергілікті полиция қызметінде бір мыңнан астам адам жұмыс істесе, солардың тек 39-ы, 4 пайызы ғана оқудан өткен. Жаңа форматтағы полицияны қалыптастыру үшін оның білім-біліктілігі мен практикалық қызметінің стандарттар тізімін анықтауымыз керек», - деді Н. Ахметзакиров. Оның айтуынша, БҚО әкімінің үлкен ұйымдастырушылық жұмыстарының арқасында Академия жергілікті полиция қызметкерлерін  оқытудың 36 сағаттық бағдарламасын жасақтаған. Полицейлерді оқыту жұмыстары жуықта басталмақ және Академиядан өңірімізге оқытушылар келеді.

Жиынға қатысқан облыс прокуроры Сапарғали Нұрпейісовтың айтуынша, полиция қызметі қоғамның адал көмекшісіне айналуы керек. Сондықтан полиция қызметкерлерінің білім-білігін жетілдіру, дәріс оқу оларды сол деңгейге жеткізбек. Академияда мықты, тәжірибелі маман-оқытушылар құрамы бар.

Басқосу соңында облыс әкімдігі мен ҚР Бас прокуратурасы жанындағы құқық қорғау органдары Академиясы арасындағы облыстық полиция қызметкерлерінің кәсіби дағдыларын арттыру, ақпараттық, талдау, әдістемелік саласындағы ынтымақтастықты қамтамасыз ету жөніндегі меморандумға облыс әкімі Алтай Көлгінов және аталмыш Академия ректоры міндетін атқарушы Наиль Ахметзакиров қол қойды.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА

«Орал өңірі»

zhaikpress.kz

Сауалнама

Бос уақытыңызда Сіз дене шынықтыру және спортпен айналысасыз ба?
Мекен-жай
Қазақстан Республикасы, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Достық-Дружбы, даңғылы, 179
Сайтты қолдау
IT Group Kazakhstan