Ақжайықта «Ауыл кітапханаларының фестивалі» өтті

1Ақжайық ауданының орталығы Чапаевта облыстық «Ауыл кітапханаларының фестивалі» жобасы аясында аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің ұйымдастыруымен «Оқырман ұрпақ – Қазақстанның болашағы» атты аймақтық кітап фестивалі өтті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көзделген мақсаттарға байланысты ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз, әдебиетіміз, рухымызды түлетуде кітапханалардың оқырманмен тығыз байланысы үлкен рөл атқарады. Жұбан Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық ғылыми-әмбебап ктапханасының бастамасымен былтыр Қаратөбе ауданынан бастау алған кітап мерекесі аудандардың бәрінде өтіп, жыл соңында облыс орталығында қорытындыланбақ. Бұған дейін Зеленов, Шыңғырлау, Теректі, Бөкей ордасы, Жәнібек, Қазталов аудандарында ұйымдастырылған фестиваль Ақжайық ауданына келіп жетті.

Көршілес Атырау облысынан кітапханалар өкілдері, облысымыз бойынша Оралдағы, аудандардағы сала мамандары қатысқан мереке меймандардың Чапаевтағы «Өркен» коворкинг орталығының тыныс-тірлігімен танысуынан басталып, Н.Майданов атындағы саябақта жалғасты.

Осында жиналғандар алдында аудан әкімі Әділ Жоламанов құттықтау сөз сөйледі. Ол адамзат тіршілігінің сан қилы құпия-сырлары сақталған кітаптың құдіретін, көркем әдебиеттің біздің өміріміздегі маңызын сөз етті.

Аудан әкімі өлкетанушы Бақтығали Қоспаевқа, журналистика ардагері Тілес Жазықбайға, чапаевтық оқырман отбасы болып табылатын Есенәлиевтерге, орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Роза Мұсағалиеваға кітап оқуды насихаттап, аудан руханиятына зор үлес қосып жүргендері үшін алғысхат табыстады.

Саябақтағы кітап аукционында қазақтың аймаңдай ақын-жазушыларының, шетел қаламгерлерінің соңғы жылдары тыңнан жарық көрген шығармалары саудаға түсті. Аукционнан түскен қаржы мүгедектер қоғамының аудандық филиалы қорына аударылады.

Бұдан әрі ауданның тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін «Ақжайық өлкем, ғажайып көркем» атты кітап көрмесі таныстырылды. Шараға қатысушылардан басқа, Чапаев тұрғындары ауылдық округтердің тынысынан хабар беретін билборттар, аудандық балалар шығармашылығы орталығының көрмесі, еңбек ардегері Аманғали Қайсағалиевтың қолөнер бұйымдарымен қызыға танысты.

Осыдан он жыл бұрын ақын Сағынтай Бисенғалиевтың бастамасымен аудандық кітапхана жанынан құрылған «Муза» шығармашыл оқырмандар отауының жұмысы, уақыт өткен сайын көбейген оның мүшелері жайында да кеңінен айтылды. «Музаның» жетістіктері, ұл-қыздарға, қыз-жігіттерге кітап әлемімен достасудың зор пайдасы жайында Б.Қоспаев, Т.Жазықбай, С.Бисенғалиев, М.Берді Әлі, жас ақын М.Шәкеновтың қатысуымен кітапханашылар сұхбат сағатын құрса, ақындар жырдан шашу шашты.

Фестиваль Жаңабұлақ ауылында «Мамандық мәртебесі» атты әдеби-сазды кешпен жалғасты. Жан-жақтан келген мамандар осындағы коворкинг орталығына таңданыстарын жасырмады. Өйткені шалғай аудандарда модельді кітапханаларды ашу енді-енді қолға алынып жатыр. Облысымыз ауылдары бойынша осындай орталық тек Жаңабұлақ ауылында бар екенін айта кеткен жөн.

Зейнеткерлік демалысқа шығып жатқан Тайпақ ауылдық модельді кітапханасының кітапханашысы Светлана Тілекееваға, Жамбыл ауылдық кітапханасының кітапханашасы Күләш Қайырғалиеваға, Чапаевтағы орталық кітапхананың кітапханашысы Жұпар Көбегеноваға, сондай-ақ бірқатар жас мамандарға аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының сый-сияпаты табысталды. Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана директорының орынбасары Нұрлыгүл Сағынова мәдениет саласының бірқатар мамандарын қошеметтеді.

Шара соңында Р.Мұсағалиева фестиваль эстафетасын Жаңақала аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Дина Мұқашеваға табыстады.

Бекболат ҚАЛЕНОВ.

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген Нұрхат МАҒЗОМ

1

Сауалнама

Бос уақытыңызда Сіз дене шынықтыру және спортпен айналысасыз ба?
Мекен-жай
Қазақстан Республикасы, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Достық-Дружбы, даңғылы, 179
Сайтты қолдау
Cтудия «Web-Design.kz»