Зияткерлік мектепте алғашқы қоңырау соғылды

Бүгін Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде алғашқы қоңырау салтанатты шарасы өтті. Жиынға облыс әкімі Алтай Көлгінов арнайы қатысты.

Назарбаев зияткерлік мектебі өткен оқу жылын сәтті аяқтаған. Аталмыш мектеп шәкірттерінің 2-уі халықаралық, 31-і республикалық, 35-і облыстық олимпиада, ғылыми жобалар байқауы мен түрлі сайыстарда жеңімпаз атанған. Сондай-ақ Назарбаев зияткерлік мектептері арасында өткен желілік пәндік олимпиада қорытындысы бойынша «Үздік олимпиадалық мектеп» атағын иемденген. 2017 жылдың 3-4 шілде аралығында Астана қаласында халықаралық «ЭКСПО - 2017» көрмесі аясында ұйымдастырылған республикалық робототехника олимпиадасында мектеп оқушылары ең үздік нәтиже көрсетіп, бес бірдей жүлделі орыннан көрінген. Жеңімпаздар осы жылдың қараша айында Коста-Рикада өтетін халықаралық жарысқа жолдама алыпты.

- Құрметті ұстаздар, ата-аналар, қадірменді оқушылар! Баршаңызды жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Биылғы жыл Елбасымыздың рухани жаңғыру бағытында жариялаған мақаласымен ерекше болып отыр. Тарихымызды білу, мәдениетімізді көтеру, ел бірлігін нығайту, сонымен бірге заманауи талаптарға сай болу – аталмыш мақалада көтерілген басты мәселе. Еліміз бойынша жаңа заманға сай мектеп алғаш болып 1841 жылы Жәңгір ханның бастауымен бүгінгі Батыс Қазақстан облысының территориясында ашылған екен. Осыдан 24 жыл өткеннен кейін ғана Ыбырай Алтынсарин мектеп ашқан. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев білімге ерекше көңіл бөліп келеді. Сондықтан мектептерде жыл сайын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Биылдың өзінде облысымызда 10 білім ошағы салынуда. Оның 8-і жаңадан ашылатын мектеп. Орал қаласында 4 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Құрметті оқушылыр, сіздерді мемлекетіміздің сенімін ақтайды деп сенеміз. Жаңа оқу жылын білімге деген ерекше құштарлықпен, жаңа армандармен бастасаңыздар, армандарыңыз орындалады. Ол үшін аянбай, тер төгіп оқу керек, - деді салтанатты шарада құттықтау сөз алған облыс әкімі.
Жиында «Рухани жаңғыру: жетістіктер тарихы» театрландырылған көрінісі көрсетілгеннен кейін, 7-сынып оқушылары алғашқы қоңырау соғу рәсімін жасады.

Облыс әкімі шараның құрметті қонақтарымен, сондай-ақ аталмыш мектепке жаңадан қабылданған 7 – сынып оқушыларымен бірге мектеп ауласына алма ағашының көшеттерін отырғызды. Мұндай шара дәстүрлі түрде жылма-жыл жалғасын тауып келеді. Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Шолпан Қадырованың айтуынша, биыл 7-сыныпқа 680 талапкердің ішінен іріктелген 80 оқушы қабылданған.
Оқушылар салтанатты жиыннан кейін «Туған елге тағзым», «Ауылдағы екі апта», «Ата-ана жұмыс орнындағы 10 күн», «Баланы жұмысқа жетеле», секілді жазғы әлеуметтік тәжірибелер мен шетелдегі оқу курстары, «ЭКСПО-2017» көрмесі тақырыбында жинаған білімдерімен бөлісті.

Нұртас Сафуллин

zhaikpress.kz

Сауалнама

Бос уақытыңызда Сіз дене шынықтыру және спортпен айналысасыз ба?
Мекен-жай
Қазақстан Республикасы, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Достық-Дружбы, даңғылы, 179
Сайтты қолдау
IT Group Kazakhstan