Оралда қатарынан екінші апта жәрмеңке өтуде

Орал қаласындағы М.Ықсанов көшесі бойында кезекті азық-түлік жәрмеңкесі өтуде. Сағат 09:00 болмай басталған жәрмеңке түскі 13:00 дейін жалғасады.

Жәрмеңкеде облыстың 4 ауданы, сонымен қатар, қала кәсіпкерлері тауарларын тиімді бағада ұсынуда. Олардың қатарында ет, сүт, балық, жұмыртқа, бал, жаңғақ, кондитерлік өнім, көкөніс, жеміс-жидек т.б. бар.

Жәрмеңке кезінде, әсіресе, ауылдан әкелінген етке кезек көп болды. Мәселен, Қаратөбе ауданы Қалдығайты елді мекенінен 160 келі сиыр еті әкелініпті. "Бағасын 1300 теңгеден қойдық. Бір сағаттың ішінде өтті де кетті, -дейді "Төлен" шаруа қожалығының өкілдері.

Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұловтың айтуынша, бұндағы азық-түлік бағалары нарықтағыдан 10-20 пайызға арзан.
- Бүгін үш аптаға жоспарланған жәрмеңкенің екінші аптасы өтіп жатыр. Осыған дейін халықтың сұрауымен 3 наурызда ұйымдастырылған болса, алдағы аптада да жәрмеңке болады. Халықтың санын көріп отырсыздар. Жәрмеңкеге облыстың 4 ауданы және қаламыздың кәсіпкерлері қатысып отыр. Олар халыққа 50 басқа жуық жылқы, сиыр еті, 18000 дана жұмыртқа т.б. тауарларын ұсынып отыр, - деді Ғ. Абдоллаұлы.

Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаевтың айтуынша, өткен жылы 50-ге жуық жәрмеңке өткізілген. "Бұл өз кезегінде бағаны тұрақтандыруға әсерін тигізеді",- дейді әкім.
- Естеріңізде болса, күз айларында еліміздің өзге өңірлерінде картоптың бағасы 150 теңгеге дейін барды. Ал бізде 100 теңгеден аспады. Бұл - тұрақты жәрмеңкелердің нәтижесі. Өйткені базар саудагерлеріне жәрмеңке бағасына қарауға тура келеді, яғни баға өздігінен тұрақтанады. Қазір тұрақтандыру қорындағы 1300 тонна картоптың  300-і пайдаланылды. Жалпы, бүгінгі жәрмеңкені "етті жәрмеңке" дер ем. Соғым еті азая келген уақыт. Алдағы аптада жәрмеңке жалғасады,- деді ол.

Расымен, еттің кезегінде тұрған халықтың қарасы мол болды. Жәрмеңкеде сиыр еті 1300 (базарда 1800 тг шамасы), жылқы еті 1400 (базарда 1800 тг шамасы), жұмыртқа 210 (260 тг шамасы), картоп 90 теңгеден сатылды.

Алма Мақашова, Орал қаласының тұрғыны:
- Өзім осы ауданда тұрамын. Зейнеткермін. Сондықтан жәрмеңкеден қалмаймын. Бүгін  60 дана жұмыртқа (210 теңгеден), аздап жылқы етін (1400 теңгеден) алдым. Тиімді сауда жасадым деп ойлаймын.

Зәмзәгүл Ғабдрашқызы, қала тұрғыны:
- 90 теңгеден картоп алдым, етті 1200 теңгеге түсіріп берді. Қазір жұмыртқа кезегінде тұрмын. Ұйымдастырушыларға рахмет, жәрмеңке бола берсе екен.

Нина Воробьева, зейнеткер:
- Екінші апта қатарынан келіп тұрмыз. Келесі апта тағы болады деседі. Бүгін май, ұн, шұжық, жеміс-жидек алдым. Барлығы 4000 теңгеге сөмкені толтырып алдық. Біздің отбасы үшін жәрмеңкеден сауда жасаған өте тиімді.

Айта кетейік, саудагерлерге сату орындары тегін берілуде.

Айдана Хамидуллина
zhaikpress.kz

Фото Айбатыр Нұраштікі

Сауалнама

Бос уақытыңызда Сіз дене шынықтыру және спортпен айналысасыз ба?
Мекен-жай
Қазақстан Республикасы, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Достық-Дружбы, даңғылы, 179
Сайтты қолдау
Cтудия «Web-Design.kz»