Оралда жергілікті жылқы тұқымдарының келешегіне арналған халықаралық ғылыми конференция өтті

11111111111111111111111111

Конференция жұмысына жылқы шаруашылығымен айналысатын ғалымдар мен Қазақстанның, Ресейдің, Қытайдың ипполог-мамандары, жылқы өсіретін шаруашылық иелері қатысты. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде ұйымдастырылған ғылыми-практикалық конференция «Ет және сүт өнімі бағытындағы жергілікті жылқы тұқымдарының қазіргі жағдайы және оның болашақтағы даму перспективасы» тақырыбында өтті.

Конференция елімізге белгілі ғалым, зоотехник-селекционер, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент, «Мұғалжар», «Көшім» тұғымдарын шығарған, «Қазақы жабы» тұқымдарын зерттеуші, ет және сүт өнімі бағытындағы жергілікті жылқы тұқымдарының республикалық палатасы Кеңесінің төрағасы Серікбай Рзабаевтың 80 жасқа толуына орай өткізілді. Конференцияны Серікбай Сағитжанұлының өзі ашты.

1989 жылы Серікбай Сағитжанұлы басқа авторларымен бірге көшім жылқысының мемлекеттік асылдандыру кітабының 2 томын, 2003 жылы Қазақтың «Мұғалжар» жылқысының мемлекеттік асылдандыру кітабының 1 томын ҚР Ауыл шаруашылық министрлігіне ұсынып, кітап болып шығарылған. 2003-2017 жылдарда алдағы 10 жылға жоспарланған «Мұғалжар», «Көшім», «Қазақтың жабы» жылқылары тұқымын асылдандыру жөнінде 19 перспективалық асылдандыру жоспарын жылқы шаруашылықтарына жасап, ұсыныс берген.

Ғалымдардың басқосуына Батыс Қазақстан облыс әкімінің бірінші орынбасары Игорь Стексов қатысты.

Евразиялық экономикалық елдерінде (ЕАЭО) өнімді жылқы шаруашылығын ынталандыру жөнінде ҚазҰАУ-дың профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Қайрат Исхан, Қытайдағы жылқы шаруашылығының қазіргі жағдайы және оның болашағы туралы Қытай Халық Республикасының Тарын Университетінің профессоры Ғымынгүл Мұқатайқызы әңгімеледі.

Қостанай жылқы тұқымының генеалогиялық дамуы турасында ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Қостанай АШҒЗИ директоры Нәбидолла Кикібаев, 2008-2017 жылдар аралығындағы таза қанды араб тұқымы жылқыларын жетілдірудің нәтижелері жайлы Бүкілресейлік жылқы шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Александр Зайцев баяндама жасады.

Етті-сүтті өнімділік бағытындағы жергілікті жылқы тұқымдарының қазіргі жағдайы және оның болашақтағы даму жайына Жәңгір хан атындағы БҚАТУдың профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Қазыбай Бозымов ойларын ортаға салды.

Сала мамандарының баяндамаларынан ұққанымыз, жылқы етінің басқа еттен гөрі диеталық құндылығы мен сапалық артықшылықтары, өндірісінің жоғары тиімділігі, соған қарамастан құнының төмендігі, шет елдердің сұранысын арттырған. Мұны, әсіресе, Қытайдан келген ғалым түрлі жағынан түсіндіріп, жылқы етін алтынға балады. Қытайда жылқысы санын 200-ге жеткізетін фермерлер сирек екенін, ал қазақ арасында бірнеше мың жылқысы бар шаруалар өте көп болса да тиімді өндірісті қолға алмай отырғанына қынжылыс білдірді.

Соңғы бір жылда Қазақстандағы жылғы саны 8 мыңға немесе 6 пайызға өскен. 2018 жылғы 1 қаңтардағы есеп бойынша Қазақстандағы жылқы саны – 2 млн. 395 мың. Оның арасындағы тұқымды жылқысы 7 пайыз. Негізі тұқымды жылқы саны бұл көрсеткіштен көп, алайда олардың құжатын жасалмаған, тіркелмеген.

Өнімділікті бағыттағы жылқы шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан тұқымды ұрғашы бас ұстауға не селекциялық-асылдандыру жұмысы үшін де субсидия берілмейді. Алайда жылқы өсіріп отырған кейбір шаруалар субсидиясыз-ақ мал басын жекелеген селекционер мамандармен бірлесіп асылдандырумен айналысып отырғанын алға тартты. Тұқымды жылқысы бар көптеген шаруашылықтардың ғылыми қолдаусыз қалғаны да шындық. Бұл сала тәжірибелі мамандарсыз қалғаны да рас.

Қазір елеусіздеу көрінген бұл мәселелер кейін еліміздің табиғи жағдайында ғасырлар бойғы жайылымдық-тебінді бағылымға жақсы бейімделген жылқылардың отандық тұқымдарының тектік қорының жойылуына соқтыруы да мүмкін.

Сала мамандары экономикалық және климаттық жағдайға жақсы бейімделген жылқылардың жергілікті түрлерін, асыл тұқымды жылқылардың ішінде кеңінен таралған – Қазақ, Мұғалжар және Көшім жылқыларын сақтау, көбейту және оларды жетілдіру мәселелерін қаузады. Жылқы шаруашылығына қатысты ғалымдардың жекелеген пікірлерін алдағы уақытта жариялайтын боламыз.

Нұрлыбек Рахманов

Суретке түсірген автор

zhaikpress.kz

Сауалнама

Бос уақытыңызда Сіз дене шынықтыру және спортпен айналысасыз ба?
Мекен-жай
Қазақстан Республикасы, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Достық-Дружбы, даңғылы, 179
Сайтты қолдау
IT Group Kazakhstan