Оралда ІТ лицейі ашылмақ

1111

Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде Елбасы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының білім саласына қатысты басым бағыттары талқыланған облыстың білім саласы қызметкерлерінің кеңесі өтті. Кеңес жұмысына облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов, облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова, Орал қаласы мен барлық аудан әкімдерінің орынбасарлары, білім беру саласының ардагерлері, БҚО білім саласындағы бақылау департаментінің, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ БҚО бойынша педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институтының, жоғары және арнаулы оқу орындарының басшылары қатысты.

Жиында сөз алғандар ел Президентінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауындағы басым бағыттардың бірі - адами капиталды дамыту мәселесі білім беру жүйесіне тікелей қатысты. Демек, бұл міндетті жүзеге асырудың негізгі жауапкершілігі білім беру саласының қызметкерлеріне жүктеледі.

-Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесін дамыту еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыты. Облыста мектепке дейінгі білім беру ісімен мемлекеттік үлгідегі 148 балабақша, 240 шағын орталық, 59 балабақша-мектеп кешендері және 43 жеке балабақша жұмыс жасап, 1-6 жас аралығындағы балдырғандардың 74,2 пайызы, 3-6 жастағы бүлдіршіндердің 99,9 пайызы тәрбие-білім алуда. Биыл 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту көрсеткішін 100 пайызға дейін жеткізу көзделуде, ол үшін 19 балабақша ашылмақ, оның 15-і жеке балабақша, -деді облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Маратқызы.

Мектепке дейінгі ұйымдарда қазақ, орыс және ағылшын тілдері оқытылып, «Жас математик» байқауы, «Жас ұлан» білім беру жобасы, «Робот техникасы», «Жас техник» және шахмат үйірмелері жұмыс жасауда. Биылдан бастап ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы негізінде мектепалды даярлық сыныптарында «Әліппе» оқулығы мен оқу-әдістемелік кешендері сынақтан өткізілмек.

Өткен оқу жылынан бастап орта білім беру жүйесінде жаңартылған білім мазмұнына көшу қолға алынған болатын. Республика бойынша 30 пилоттық мектеп сынақтан өткізілсе, облыстың барлық мектептерінде де жаңартылған білім мазмұнын енгізу бойынша жүйелі жұмыс атқарылуда. Облыстық әкімдік пен Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі арасында меморандумға қол қойылып, 70 мұғалімнен құралған кеңес комиссиясы тұрақты жұмыс істейді. Әдістемелік десанттар аудан-ауылдарға барып, жаңартылған білім мазмұнының ерекшеліктерін жұртшылыққа түсіндіруде.

-Жаңартылған білім мазмұны енгізілетін 67 жетекші мектеп пен көптілді білім беру бойынша 6 старт алаңы анықталды. Ұстаздар Назарбаев зияткерлік мектебінің сайтынан 1,2,5,7 сыныптар үшін жаңартылған білім мазмұны бойынша оқу материалдарын тегін алу мүмкіндігіне ие. 2016 жылы облыста 5299 мұғалім жаңаталапқа сәйкес біліктілік арттырса, 1144 басшы курстан өтті, олардың 389-ы мектеп директорлары.

Биылғы оқу жылынан бастап оқушылардың жүктемесі азайды. Яғни министрліктің бұйрығымен үй тапсырмасын орындау ұзақтығы 130 минуттан аспауы туралы норма бекітілді. Оған қоса, бескүндік оқу жүйесіне көшуге нормативтік негіздеме жасалды. Егер мектептерде кабинеттер саны жеткілікті болып, оқу үрдісін толыққанды ұйымдастыруға жағдай жасалса, ата-аналар мен білім беру ұйымы бес күндік оқу аптасына көшу туралы ортақ шешім қабылдай алады,-деді басқарма басшысы.

Кеңесте мұғалімдерді қағазбастылықтан айыру мәселесі де талқыланды. Шолпан Қадырованың мәлімдеуінше, ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2018 жылғы 26 қаңтардағы №32 бұйрығына сәйкес қазір мектеп мұғалімдері тек 5 құжат қана толтырады. Сонымен қатар республика көлемінде сынып журналдарының электронды нұсқасы Күнделік.kz сайтының жұмыс жасауы да ұстаздардың жүктемесін азайтуға септігін тигізіп отыр. Сонымен қатар ҚР «Білім туралы» Заңы мен жоғарыда аталған бұйрыққа сәйкес Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, педагог кадрлардың өздерінің кәсіптік міндеттерін орындаумен байланысы жоқ жұмыс түрлеріне тартуға жол берілмейді. Елбасы Жолдауда жаңартылған білім мазмұнына көшкен мұғалімдердің жалақысын 30 пайызға көбейтуді тапсырғаны белгілі. Біздің облыста тоғыз мыңнан астам педагогтың жалақысына үстемеақы қосылады, бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 2 255 365,0 мың теңге қаржы бөлінген.

Қазіргі таңда 10-11 сыныптарда жаралытыстану-математикалық бағыттағы пәндерді ағылшын тілінде оқыту бойынша дайындық жүргізілуде. Бұл жұмыс мұғалімдер мен оқушылардың дайындығына орай кезең-кезеңімен жүзеге аспақ.

Жаңа технологияларды енгізу, игеру және жетілдіру – бүгінгі жас ұрпақтың еншісінде. Осы орайда биыл Орал қаласындағы оқушылар мен жастар сарайында балалар технопаркін ашу арқылы бизнес-инкубаторлар желісін құру, өнеркәсіп орындарымен, бизнес құрылымдармен байланыс орнату көзделуде. Сонымен қатар «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында ІТ лицейін ашу да жоспарда.

Қазталов ауданы әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова, Назарбаев зияткерлік мектебінің Педагогикалық шеберлікті арттыру орталығының директоры Лариса Обыденкина, Орал қалалық білім беру бөлімінің басшысы Жансұлу Төремұратова, Ақсай қаласындағы №4 мектеп директоры Лаура Маметановалар Елбасы Жолдауында білім саласының барлық сатылары бойынша нақты міндеттер айқындалғанын айтып, ауыл мен қала білімін теңестіру, жаңартылған білім мазмұнын енгізу, білім сапасын арттыру, цифрлық білім беру ресурстарын дамыту бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Бөкей ордасы колледжінің директоры Бағдат Лұқпанов Жолдауда көрсетілген міндеттерді басшылыққа ала отырып, ауылдағы кең жолақты интернет жылдамдығын арттыру, колледжерді цифрлық қондырғылармен, электронды білім модульдерімен, электронды тренажерлармен қамту мәселесін көтерді.

-Елбасы 1997 жылы еліміздің ұзақ мерзімді дамуын айқындайтын «Қазақстан-2030» стратегиясын қабылдады. Сол кезде ғалымдардың өздері алдағы 10-15 жылды болжау қиын деп айтқан болатын. Бұл стратегиялық бағдарлама 2012 жылға дейін орындалды, кей міндеттерді жоспарлағаннан да артық орындадық. Оны бәріміз білеміз. 2014 жылы Елбасы «Қазақстан-2050» атты жаңа стратегия жариялады. Оның негізгі мақсаты – дамыған отыз елдің қатарына қосылу болса, жетістікке жетудің кілті-білім мен ғылымның дамуында. Бұл да біздің баршамыздың қолымыздан келетін міндет. Ең бірінші кезекте ұстаздардың моральдық-әлеуметтік мәртебесін арттыруымыз қажет. Бұл бағытта кәсіподақ ұйымдарымен, жергілікті әкімдіктермен, ішкі саясат бөлімдерімен бірлесіп жұмыс жасаймыз. Қала мен аудан әкімдерінің орынбасарларын мектепке дейінгі білім беруде жеке балабақшалар санын арттыру, жаңартылған білім мазмұнын енгізуге қолдау көрсету, интернет жылдамдығын жақсарту мәселелерін шешуге атсалысуға шақырамын-деді кеңес жұмысын қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»

Сауалнама

Бос уақытыңызда Сіз дене шынықтыру және спортпен айналысасыз ба?
Мекен-жай
Қазақстан Республикасы, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Достық-Дружбы, даңғылы, 179
Сайтты қолдау
Cтудия «Web-Design.kz»