Оралда педагог-психологтарға арналған екі күндік курс өтті

Орал қаласында «Өмірлік таңдау» республикалық жобасы аясында педагог-психологтарға кәсіби бағдар бағытындағы тренингтер жүргізуді меңгерту бойынша екі күндік курс өтті.

Жоба «Samruk-KazynaTrust» акционерлік қоғамының «Менің елім» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы бойынша жұмысшы мамандықты дәріптеу бағытында қолға алынған.

– Жоба 8, 9 және 10-сынып оқушыларына дұрыс мамандық таңдауды, кәсіби бағдар беру жұмыстарын үйретуді мақсат етеді. Кәсіби бағдарлау барысында жұмысшы мамандықтарын дәріптеу көзделген. Қазіргі кезде жастар арасында жұмысшы мамандығын естісе, көздеріне кір-қожалақ болып, қолына күрек алып, қара жұмыс істеп жүрген адам елестейді. Бұл баяғыдан қалыптасып қалған стереотиптер. Бүгінде жұмысшы мамандықтардың қатарында машина жасау, автоматтандыру және басқару секілді тағы да басқа кәсіптер бар. Қазір техниканың дамыған заманы. Бірақ елімізде сол техниканы басқарып отыратын адами ресурсымыз жоқ. Сондықтан да осы мәселені шешуді мектеп оқушыларынан бастап отырмыз.

Алдымен, облыстағы аудандардан 30 және Орал қаласынан 20 психолог-педагог маман іріктеп алынған болатын. Бұл жобаның екінші кезеңінде қаланың іріктелген төрт мектебінің 300 оқушысын жұмысшы мамандықтарын қамтыған кәсіпорындарға апарып, экскурсия ұйымдастырамыз. Бұған тек 9-сынып оқушылары қатыспақ, – деді Астана қаласынан келген «Өмірлік таңдау» республикалық жобасының жоба менеджері Сұлтан Темірлан.

Жоба менеджерінің айтуынша, жобаның үшінші кезеңі Астана қаласында өтетін форуммен қорытындыланады. Оған осы курстан өткен тренерлер қатысып, финалға шыққан 10 педагог-психологтың арасынан бес жеңімпаз анықталатын болады. Ал бұл жеңімпаздарға Ресей Федерациясында тегін оқуға кепілдік берілмек. «Әр мектептен жиналған бұл ұстаздарға тренингті Қазақстан Республикасының Ұлттық тренерлер пулынан іріктеліп алынған Оралбек Жандауов пен Келбетова Эльмира есімді білікті мамандар жүргізді. Оқуға қатысып отырған психолог мамандардың ең төменгі еңбек өтілі үш жыл. Педагогика саласында біраз жетістіктерге жеткені көрініп тұр. Әрқайсының өзіндік бір ойы, айтатын сөзі бар. Қатысу белсенділіктері жоғары», – деп батысқазақстандық ұстаздардың білім-білігіне баға берді Сұлтан Мұратбекұлы.

Тренинг соңында педагог-психологтар сертификаттармен марапатталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, оқу жылының соңына дейін 40 000-нан астам 8-10-сынып оқушысы мен 200 мұғалімді қамту жоспарланған. Сондай-ақ аталған бағытта әлеуметтік зерттеу жұмыстары жүргізілмек.

 

Сауалнама

Бос уақытыңызда Сіз дене шынықтыру және спортпен айналысасыз ба?
Мекен-жай
Қазақстан Республикасы, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Достық-Дружбы, даңғылы, 179
Сайтты қолдау
IT Group Kazakhstan