«Атқарылған ауқымды істердің астарында әрбір батысқазақстандықтың еңбегі бар»

— Ұлы Абайдың «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір өзіңнен өзің есеп ал!» дегені бар. Ендеше, жақсылыққа ұмтылған мемлекетте де билік пен халықтың арасын жақындата түсетін осындай емен-жарқын есептік кездесулердің ұйымдастырылуы заңдылық.

2016 жыл аса маңызды екі үлкен оқиғамен ерекшеленді. Біріншіден, ел болып тәуелсіздіктің ширек ғасырына талдау жасап, қол жеткізген толайым табысты бірге бөлістік. Екіншіден, дамуымыздың келесі кезеңін айқындайтын Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары жүзеге аса бастады. Біз биыл даму мен өрлеудің келесі ширек ғасырына еңсесін тіктеген, экономикасы қалыптасқан мемлекет ретінде қадам бастық. БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі ретінде жылды бастаған еліміз жаңа жылдың алғашқы айын Дүниежүзілік универсиаданы абыроймен өткізді. Бұл табыстардың басты кілті – Елбасының әу-баста таңдаған саяси жолы мен Президентке тіреу болған халқымыздың мығым бірлігі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы «Жаңа елдің іргесін қалаған бүгінгі замандастардың ерен еңбегі уақыт өте келе, тіпті мың жылдан кейін де ұрпақтарымызға Отанымызды одан әрі ілгерілету жолында демеу болады» деп атап өтті.

Біз сіздермен бірге 2016 жылды өнімді тірлікпен, мызғымас бірлікпен қорытындыладық. Өңірімізде өткен жылы тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ауқымды істерге тоқтала кетейік. Жұмыстарымызды жүйелі атқару мақсатында былтырғы жылдың басында 12 аудан мен Орал қаласының 2020 жылға дейінгі даму жоспары әзірленді. Осы құжаттардың негізінде «Батыс Қазақстан облысының 2020 жылға дейінгі даму жоспары» бекітілді. Даму жоспарлары аудандық және облыстық қоғамдық кеңестер мен депутаттардың талқылауынан өтті.

Өткен жылы облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы оң нәтижені көрсетті. Облыстың аймақтық жалпы өнімі 2,6 пайызға артты. Өнеркәсіп өнімі 1 триллион 620 миллиард теңгені құрады, ол 2015 жылы 1 трлн. 302 млрд. теңге болды. Қарашығанақ кенішіндегі жоспарлы жұмыстарға байланысты ондағы өндіріс көлемі 1,2%-ға төмендеді. Ал өңдеу өнеркәсібіндегі өсім көлемі 2,5%-ға, еңбек өнімділігі 37,5%-ға артты. Еңбек өнімділігінің артуына кәсіпорындардағы жоғары технологиялы өндірістердің өсуі әсер етті. Олардың қатарында Орал трансформатор зауыты, «Конденсат» сынды кәсіпорындар бар. Ал «Квант» жиһаз фабрикасы 2,5 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, 585 млн. теңгеден астам салық төледі. Өнімдері қазір экспортталуда. Сондай-ақ осындай мысалды Батыс Қазақстан машина жасау компаниясына, «Зенит» зауыттарына, «Кублей», «Батыс Нық» кәсіпорындарына да қатысты айтуға болады. Жалпы, өткен жылы 520-дан аса жұмыс орнының құрылуымен 10 жаңа индустриалды жобаны іске қостық. Ал индустриялизациялау картасы аясында 335 млрд. теңгенің 47 жобасы жүзеге асырылып жатқаны белгілі.

PRI_3470Агроөндірістік кешенде өндіріс көлемі 17 пайызға артты. Егін шаруашылығы 42, мал шаруашылығы 2 пайызға өсіп, өндіріс қаржысы 123 млрд. теңгені құрады (2015 жылы 106 млрд. теңге болды). Бұл өсімге мемлекет тарапынан бөлінген 9 млрд. теңгеден астам қаржы үлкен көмек болды. Мемлекеттен ауыл шаруашылығын қолдау үшін бөлінген бұл  қаржы 2015 жылмен салыстырғанда 27 пайызға артық. Нәтижесінде былтыр егін бітік шығып, өткен жылмен салыстырғанда 3 есе көп өнім жиналды. Мал басы 2 пайыздан 11,5 пайызға артты. Ет өнімдерінің экспорты 2 мың тоннаны құрады. Облыста шаруа қожалықтарының қатары 155-ке дейін көбейіп, алдыңғы жылдармен салыстырғанда 21 пайызға артты.

Өткен жылы 105 бас мал әкелінді. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы бөлінген 4 млрд. теңгеден астам қаржыға 25 мыңнан астам мал және 343 техника сатып алынды.

Құрылыс саласындағы атқарылған жұмыс көлемі 5,5 пайызға артып, 96 млрд. теңгеден артық соманы құрады. 275 мың шаршы метрден аса тұрғын жай іске қосылып, көп қабатты 15 үй қолданысқа берілді. Соның нәтижесінде 1500 отбасы қоныстойларын тойлады. Ал аудандарда 25 бір пәтерлі үй салынды.

Инвестиция көлемі 3,6%-ға (394 млрд. теңге) артты. Бұл, әсіресе, өңдеу (12%), тау-кен (10,5%), өндіріс және ауыл шаруашылығы (2,5 есе) салаларында байқалуда. Салық 36%-ға немесе 254 млрд. теңгеге жоғарылады, ол есепті кезеңнен 93 млрд. теңгеге көп.

Автокөлік жолдарының сапасы біздің негізгі басымдықтардың бірі болып табылады. Былтыр 290 шақырымнан аса жол жөнделді. Оған қазынадан 23,5 млрд. теңге бөлінді, бұл алдыңғы жылдан 5 млрд. теңгеге артық. Оның 96 шақырымы республикалық маңызды жол болса, 146 шақырымы – облыстық және аудандық маңызды жолдар. Ақсай – Бөрлі жолы да жаңғыртылды. Осы жұмыстар барысында Қаратөбе, Шыңғырлау, Жаңақала, Зеленов аудандарының орталықтарын Орал қаласымен байланыстыратын жолдарға асфальт төселіп, олардың сапасы жақсарды.

Инженерлік желілер, газ бен электр қуатымен қамту  бағытында да біраз жұмыс атқарылды. 20 нысан немесе 350 шақырым инженерлік-коммуникациялық желілер пайдалануға берілді. Бүгінде батысқазақстандықтардың 93,6 пайыздан астамы, яғни 275 ауылдағы 593 мың тұрғын газбен қамтылған. Өткен жылы Сырым, Қаратөбе, Шыңғырлау, Теректі аудандарының 17 ауылына газ тартылып, 8 мыңнан астам жерлесіміз от жағу машақатынан құтылды. Индустрияландыру картасы аясында «Батыс Пауэр» компаниясы 200 МВаттық ГТЭС-ты іске қосқаны аян. Сөйтіп, облысымыз сырттан келетін электр қуатына тәуелсіз өңірге айналды. Тиімді деп саналуына орай қазір тек Бөкей ордасы, Жәнібек және Қазталов аудандарының кейбір елді мекендері электр қуатын Ресейден алып отыр. Мұның өзі 3 пайыздың көлемінде.

Әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымдарды жаңарту бағытында да ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар жасалды. Мемлекет басшысының шешімімен өткен жылы жұмыспен қамту мақсатына қосымша 5 млрд. теңге бөлінген еді. Соған орай өңір бойынша 200-ден астам әлеуметтік нысан мен инфрақұрылым жаңартылды. Мысал ретінде айтар болсақ, Ақжайық аудандық ауруханасы 370 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өтті. Теректі, Зеленов аудандарының орталығындағы мектептер де жаңа кейіпке енді. Барлық бағыт бойынша 22 мыңның үстінде тұрғын жұмыспен қамтылып, олардың 6 мыңнан астамы тұрақты жұмысқа тұрды.

Қол жеткізген табыстарымыздың бәрі – Елбасы ұсынған «100 нақты қадам»  Ұлт жоспарының, «Нұрлы жол», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» және тағы басқа бағдарламалардың нәтижесі, – деген Алтай Сейдірұлы одан әрі Елбасының биылғы Жолдауында айтылған міндеттер мен соған сәйкес атқарылатын жұмыстардың  жоспарымен  бөлісті.

Технологиялық жаңғырту бойынша бірінші басымдық ретінде «Smart сity – Ақылды қала» тұжырымдамасына мән беріліп отыр.

Бұл тұжырымдаманы қолға алу урбанизацияға байланысты облыс орталығындағы мектеп, аурухана сынды әлеуметтік нысандарға деген сұраныстың туындауы себеп болуда. Соған орай жергілікті атқарушы билік өңір тұрғындары өздерін жайлы сезінулері үшін қажет жағдайларды жасамақшы. Бүгінде аталмыш тұжырымдаманың негізгі бағыттары айқындалды. Мәселен, «Қауіпсіз қала» шеңберінде 300 бейнекамера орнату турасында инвесторлармен келісімдер жүргізілуде, ал жол бойындағы жарық жүйесін жаңғыртуды көздейтін «Электр қуаты тиімді қала» бағыты да мемлекеттік-жеке меншік серіктестігі негізінде жүзеге аспақшы. Ал онлайн жүйесіндегі мобильдік қосымша «2 GIS» жобасы қалалық қоғамдық көлікті бақылауға мүмкіндік береді. Жұмысқа орналастыру бағытында да бос орындар бойынша сандық онлайн тұғырнама іске қосылады.

Екіншіден, мұнайгаз саласына «ҚПО б.в.» мен «Жайықмұнай» компаниялары арқылы тартылатын инвестиция көлемін арттыру көзделуде. Бұл жерде «ҚПО б.в.» компаниясының Қарашығанақты кеңейтуі мен «Жайықмұнайдың» газды кешенді дайындау қондырғысы жобалары жүзеге асқанда өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Үшіншіден, агроөндірістік кешен технологиялық модернизацияның драйвері болуы тиіс. Бұл сала бойынша мемлекеттер бағдарламалар арқылы несиелеу күшейтілетін болады. Асыл тұқымды мал санын 150 мың басқа  жеткізу көзделуде. Облысымызда жалпы мал басын, сүт өнімдерінің көлемін көбейту жоспарлануда. Елбасының ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді дамыту бойынша берген тапсырмасына сәйкес, биыл жылына 6 мың тонна ет өндіретін құс фабрикасын іске қосып, ет және ет өнімдерінің экспортын 2,5 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда. Аудандарда 30-дан астам ауыл шаруашылығы кооперативін құрып, 505 шағын мал бордақылау алаңдарын салуды көздеп отырмыз. Ветеринарлық стансалар мен пункттер қалпына келтіріліп, мал көметін 50 жаңа орын әзірленеді  және  мал соятын сегіз пункт ашылады.  Суармалы жерлерді қалпына келтіруге баса мән берілетін болады. Алдағы бес жыл ішінде 145 мың гектар тұрақты және көлтабанды суармалы жерлер қалпына келтірілмекші. Бүгінгі таңда облыс аумағында 38 су қоймасы, 91 ірі гидротехникалық құрылыс және 1,7 мың шақырымды құрайтын каналдар бар. Олардың көбінің техникалық жағдайы мәз емес. Сол себепті былтыр кешенді шаралар алынды. Мәселен, Сырым ауданында 2 мың гектарды құрайтын Өлеңті көлтабанды суармалы жүйесін жаңғырту жұмыстары басталды. Күрделі жөндеу жұмыстары Тоғанас ауылындағы Шолақ-Аңқаты каналында да биыл аяқталады. Теректі ауданындағы Жайық-Шалқар каналына жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Жәнібек ауданындағы Әбділман және Соркөл көлтабанды суармалы жерлерді қалпына келтіру бойынша құжаттамалар дайындалды. Облысымызда бұл бағытта басымдыққа ие жобаның бірі – Киров-Шежін каналын жаңғырту. Жаңғырту жұмыстарының екі кезеңі аяқталды. Биыл үшіншісі басталады. Оған Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан таяуда 1,5 млрд. теңге бөлінді. Соның нәтижесінде төрт ауданның аумағынан өтетін Киров-Шежін каналы ауылдағы шаруалар жағдайының жақсаруына өз  септігін  тигізбек.

Төртіншіден, логистикалық инфрақұрылымды дамыту көзделуде. Бұл Жолдауда көрсетілген бағыттың бірі екені белгілі. Облыстың жағырапиялық жағынан оңтайлы орналасуы транзитті жүк тасымалын жақсартуға  мүмкіндік береді. Сол себепті бизнес-сервиспен жалғасатын өңірлік көліктік-логистикалық орталық салу жоспарлануда. Қазір Орал қаласы аумағында бұл жобаны жүзеге асыру шарасы қолға алынды. Жеке инвесторлар арқылы жүзеге асатын жобаға мемлекет тарапынан да тиісті қолдау шаралары көрсетіледі. Мәселен, өңіріміздің көкөніс сақтау қоймасына деген  сұраныс көлемі 50 мың тоннаны құрайды. Ал салынған қоймалардың сыйымдылығы – 10 мың тонна. Бүгінгі таңда Орта Азия елдерінен жеміскөкөніс өнімдерін тасымалдаумен айналысатын ресейлік кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізілуде. Сондай-ақ жергілікті кәсіпкерлер тарапынан да қызығушылық жоқ емес.

– Құрылыс саласы экономиканы дамытудың мықты драйвері болып табылады. Биыл біз 300 мың шаршы метрден аса тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз. Бұл былтырғы көрсеткіштен 10 пайызға жоғары. Соның ішінде Ақжайық, Қазталов, Қаратөбе, Сырым, Теректі, Шыңғырлау аудандарында 160 тұрғын үй бой көтереді. Бұл – өзге аудандар қамтылмай қалды деген сөз емес. Егер осыған қатысты мәселе  туындаса, оны аудандардағы менің әріптестерімнен сұрау керек.

Олар қандай сұраныс жасады, біз соларды қолдадық. Нақтылап айтсам, өткен жылы біз аудан әкімдерімен, басқарма басшыларымен кездесіп, ең маңызды мәселе қандай, қайсысына басымдық беру керек деп сұрадық. Соған сәйкес жоспарланды. Осы жерде екпін түсіріп айта кететін жайт, кейбір аудан басшылары жол мәселесін көтерген жоқ. Негізінен біздің жақтың жолдарының сапасы мәз емес екендігін  білеміз. Бұл жерде әріптестерім бір жылды жіберіп алды. Биыл сол кемшіліктердің орнын толтыру керек. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында мемлекет 65 шаршы метрге дейін арендалық арзандатылған үй ұсынатын болады. Мұндай үйлерді Орал мен Ақсай қалаларында ғана емес, аудандарда да салатын боламыз. Жеке тұрғын үй құрылысы бойынша айта кетейін. Біз тұрақты түрде азаматтарды қабылдауды жүргізіп келе жатырмыз. Қабылдауда көбінің көтеретін мәселесі – тұрғын үй мен жер телімін беру жайы. Бұл – күрделі мәселе. Биыл тоғыз ауданда жеке үй салу үшін 3417 жер телімі беріледі. Сөйтіп, аудандардағы осыған қатысты біраз мәселе шешілетін сияқты. Ал облыс орталығында жағдай басқа. Қазіргі таңда жер кезегінде 70 мыңдай адам тұр. Соңғы рет жер телімі 2011 жылы берілген. Нақтылап айтқанда, 1700 жер учаскесі. Ол кезде заң басқа болды. Сол себепті ол жерлерге инфрақұрылым тартылмаған еді. Артынан заң өзгеріп, егер инфрақұрылым тартылмаса, ол жерлерді беруге тыйым салынды. Тәжірибе де көрсетіп отырғандай, тиісті инфрақұрылымсыз жерді бермеген дұрыс. Мәселен, соңғы рет жер телімін алғандар қуанышпен үй салып тастаған соң, артынан электр қуаты, газ, су, жол керек деп мәселе көтерді. Төрт жыл бойы  сол жерлерге инженерлік желілер тартылды. Болашақта мұндай мәселе болмауы үшін біз қаланың бас жоспарын, тұрғындарға ыңғайлы жерлерді қарап, тиісті жұмыстар жүргізудеміз. Біраз шаруа қожалықтары жерлерді қайтаруға келісімдерін берді. Ол жерлер алынғаннан соң, оған инфрақұрылымдар тартатын боламыз. Сонымен қатар біз жаңадан алты мектеп саламыз, оның төртеуі қалада болса, екеуі аудандарда. Білім және ғылым министрлігімен келісілді, тиісті қаражаттар аударылды. Теректі ауданының Подстепный ауылында мәдениет үйі бой көтереді.

Облысымыз республика көлемінде газбен жақсы қамтылған өңірлердің бірі болып саналады. Дегенмен, кейбір аудандарда бұл мәселе бар. Сол себепті биыл Бөкей ордасы ауданының 11 елді мекеніне, Ақжайық, Жаңақала, Жәнібек және Сырым аудандарынан 23 елді мекенге газ жеткізіледі. Яғни бес аудандағы 34 елді мекенге газ тартуды бастаймыз. Орал жылу электр орталығына резервтік газ құбырының құрылысын аяқтаймыз.

Ал ауыз сумен қамту жағынан республикада көштің соңғы жағындамыз. Өңіріміздегі 440 елді мекеннің 36 пайызы орталықтандырылған таза сумен қамтылған. Таза су ана мен баланың, жастардың, орта және аға буынның денсаулығымен тығыз байланысты. Аудан-ауылдарда болған кезімізде, бұл мәселе жиі көтеріледі. Мысалы, жаңақалалықтардың 70 пайызы сапасыз суды ішіп отыр. Соған байланысты мамандармен тиісті зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Аудан аумағында жеткілікті қоры бар су көзін таба алмадық. Бірақ Бөкей ордасымен шекарадағы Құлшық деген жерден су көзін таптық. Осы жерден су құбырын тартуға байланысты жоба жасалып, он күн бұрын ол жобаны қолымызға алдық. Жоба құны – 2,5 млрд. теңге. Бұл мәселеге байланысты Үкіметтен қолдау таптық. Бұйыртса, биыл су құбырын тарту жұмыстары басталады. Сонымен қатар ағымдағы жылы барлық аудандағы 52 елді мекенді таза сумен қамту бағытындағы жұмыстар қолға алынады. Оған 5 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді.

Автокөлік жолдарын жөндеу биыл да жалғасатын болады. Республикалық бағыттағы «Орал – Тасқала», «Чапаев – Жалпақтал – Қазталов», «Қазталов – Жәнібек» жолдары күрделі жөндеуден өтсе, «Ақсай – Жымпиты», «Чапаев – Жаңақала», «Орал – Кирсанов», «Барбастау – Ақжайық – Индер» және «Үлкен Шаған – Переметный» сықылды жергілікті маңызы бар жолдар да қалпына келтіріледі. Сонымен қатар қалаішілік жолдар да назардан тыс қалмайды және облыс орталығындағы Депо көпірі жаңғыртудан өтеді.

Жолдаудағы екінші басымдық бизнес ортаны түбегейлі жақсартуға арналған. Президент 2025 жылға дейін елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 50 пайызды құрау керек деп тапсырған болатын. Қазір ол аймақтық жалпы өнімнің 39 пайызына жетті. Өңірімізде бұл салада 100 мыңдай адам, яғни тұрғындардың экономикалық белсенді бөлігінің үштен бірі еңбек етуде. Ал мемлекеттік бюджетке түсетін барлық салық түсімінің бестен бірін құрайды, бұл 53 млрд. теңге шамасында. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар өз жемісін беруде. Бизнесті одан әрі өркендетуге басқа да мүмкіндіктер бар. Мәселен, биыл «Атамекен» кәсіпкерлік палатасымен бірге ауылдағы бизнесті көтеруге жете мән бермекпіз. «Атамекен» 300 млн. теңге бөлсе, бюджеттен біз 300 млн. теңге бөлеміз. Өздеріңіз жақсы білесіздер, банктер ауылдағы мүлікті кепілдікке алғысы келмейді. Ал бұл бағдарлама бойынша барлық мүлікті кепілдікке қоюға болады. Жалпы, биыл барлық қаржы көздері арқылы жеке бизнесті қолдау үшін 4,5 млрд. теңге қаралып отыр. Жыл басының өзінде бізде жүзеге асыруға болатын 1 млрд. теңгеден астам соманың 115 жобасы бар. «Атамекен» палатасы, «Даму» қоры, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры», әкімдік – бәрі де бизнесті қолдау бойынша жұмыс істейтінін есте ұстау қажет.

Инвестиция – біз үшін өте маңызды бағыт. Елбасы тапсырмасына сәйкес өткен жылы әріптестерімізбен еліміздің біраз өңірінде болдық. Соның нәтижесінде облысымызда өндірілген ауыл шаруашылығы бағытындағы өнімдер көрші өңірлерге шығарылуда. Отандық инвесторлармен өзге де жобалар қолға алынды. Сонымен қатар шетелдік инвесторлармен де жұмыстар жүруде. Мәселен, «Lammin» фин компаниясымен бірлескен кәсіпорын құрылып, ол құрылыс саласында қажет өнімдер  шығарып жатыр. Швейцарлық «АВВ» компаниясымен бірге оралдық кәсіпкерлер электр құрылғыларын шығаруда.  Ал ирандық «Falizan» компаниясымен серіктес болған жергілікті кәсіпкер мұнай-химия саласында еңбек етуде. Еуропалық қайта құру және даму банкінен 7 млрд. теңге шамасында қаржы алып, жылу жүйелерін жаңырту жұмыстарын жүргіземіз. Сонымен қатар облыс орталығындағы автобус паркін де жаңартқымыз келеді. Жалпы, біз инвестиция есебінен жаңғырту жұмыстарына жете мән бермекпіз, – деген өңір басшысы одан әрі білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында қол жеткізген табыстарға тоқталып, бұл бағыттарда биыл жүзеге асырылатын іс-шараларды да баяндап өтті.

Әкім жергілікті атқарушы билік тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандарды жан-жақты қолдау, олардың жобаларының жүзеге  асуына барынша жәрдем көрсетіліп жатқанын да атап өтті. Соған орай биылғы көктемнің үш айын облысымызда «Шуақты көктем» мейірімділік айлары ретінде атап өтуді ұсынды. Мәдениетті қоғам қай кезеңде де мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша көмек қолын созатыны анық. Осы мерзім ішінде мұндай қолдау айқын сезілеріне сенім мол. Қазірдің өзінде азаматтар тарапынан бұл бағыттағы түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға деген ниет байқалып отырғандығы қуантады.

– Құрметті батысқазақстандықтар! 2016 жылда атқарылған істер бойынша есеп беріп, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға қатысты жоспармен бөлістім. Бұл бір адамның ғана еңбегі емес. Атқарылған ауқымды істер мен тыңғылықты жоспардың астарында барлық батысқазақстандық азаматтардың еңбегі бар. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Бізге күнделікті еңбек ету керек. Шындығына келсек, бүгінде тынымсыз еңбектену жеткіліксіз, бұған қоса тиімді жұмыс істеген жөн. Қазір заман  ағымы солай» деп атап өтті. Мемлекет басшысы «Еліміздің ақмаржаны» деп бағасын берген өңіріміздің гүлденуі жолында бірлесе қызмет етейік! – деп сөзін қорытындылады  Алтай  Сейдірұлы.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал  өңірі»

 

 

Сәлімбай  МӘДИЕВ, Теректі  ауданының  тұрғыны:

– Соңғы кездері ауылымызға  газет-журнал уақытымен жетпейтін болды. «Қазпошта»  АҚ-ның қызметкерлері бұл мәселені қызметкерлердің жетіспеуімен түсіндіреді. Бір пошта қызметкері жарытымсыз ставкамен жұмыс жасайды. Тұрғындарға газет-журнал уақытымен жету үшін штатты көбейтуге немесе 0,25 ставкада жүрген қызметкердің жұмысын толық ставкаға жеткізуге болмай  ма?

Алтай  КӨЛГІНОВ, облыс  әкімі:

– Мен ауыл тұрғындарының газет оқитындығына қатты риза болып тұрмын.  Бұл мәселе бойынша «Қазпошта» АҚ мамандарымен хабарласып, өзіңізге жауабын жеткіземін.

Әлия  АХМЕТОВА, қала  тұрғыны:

– Баспасөз беттерінде қоғамдық көлік жолақысы көтерілуі мүмкін деген болжам бар. Бұл қаншалықты рас?

Бағдат  АРЫСТАНҒАЛИЕВА,

– Қоғамдық көліктердің іші лас, тайғақ. Автобустың ішіне линолеум төсеп қояды.  Баламен кіргенде, тайып, құлап жатамыз.

Бұл  қаншалықты  дұрыс?

Алтай  КӨЛГІНОВ, облыс  әкімі:

– Қоғамдық көлік саласына қатысты көптеген өзекті мәселелер жиналып қалды. Соңғы рет 2013  жылы  жолақы бағасын 50 теңгеден 60 теңгеге көтердік. Тасымалдаушылардың  бәрі – жеке. Күніне 600-ге жуық автокөлік жолаушы тасымалымен айналысады. Олардың мәлімдеуінше, экономикалық жағдай қиын. Қазіргі күнде көп адам сыймайтын шағын автобустарды үлкен автобустармен алмастырудамыз. Оның өзі – ескі, тозығы жеткен автобустар. Олар «Көліктерді жаңартуға қаражатымыз жетпейді, тарифті көтеру керек»  деген уәжді алға тартады. Осы мәселе бойынша екі жылдан бері жұмыстанып келеміз. Былтыр шағын автобустарды «ГАЗельдерді» 80 пайызға ауыстырдық.  Енді қалалық маршрутты өзгертуіміз керек. Өйткені қаланың шет жағына Зашаған, Деркөл, Серебряков ауылдарына баратын автобустар экономикалық тұрғыда тиімсіз. Сондықтан да біз субсидиялау мәселесін қарап жатырмыз. Бұл мәселенің шешімін БАҚ арқылы  жеткізетін  боламыз.

Бағдаттың сұрағы бойынша қоғамдық көліктер туралы сынды қабылдаймыз. Бұл мәселе жақсы таныс. Қоғамдық көліктің жағдайымен танысу үшін өзім де бірнеше рет автобусқа міндім.  Бұл ескертулер орынды. Автокөліктердің ластығы өз алдына, кондукторлардың да мәдениеті төмен. Билет берілмейді, кейде аялдамалар да алдын ала хабарланбайды. Сондықтан бұл мәселемен  біз кешенді түрде айналысамыз.

Алмас  САБЫРОВ, қала  тұрғыны:

– 9-шағынауданының тұрғындары атынан  біздің шағынауданда  ауыз судың сапасы өте төмен екендігін айтқым келеді. Көшелерде жарық жоқ, тротуар жоқ. Ауданымызда бала көп. Көп қабатты бір үйдің өзінен 50-60 бала шығады.  Балаларға спорт алаңы керек.

Алтай  КӨЛГІНОВ,  облыс  әкімі:

– 9-шағынаудан – Орал қаласының үлкен шағынаудандарының бірі. Судың сапасы туралы біз «Батыс су арнасына» тапсырма  береміз. Мамандармен бірге қарап, тексеру керек. Өйткені соңғы кездері 9-шағынауданнан суға қатысты шағым көбейіп кетті.

Жарық, тротуар, спорт алаңы бойынша біз абаттандыру жұмыстарын күшейтеміз.  Биылдың өзінде Орал қаласында 30-ға жуық  спорт  алаңы салынады.

Венера   ЖҮСІПОВА, Орал  қаласының  тұрғыны:

– Қазіргі кезде Ескі әуежай шағынауданындағы қар тазалау жұмысының қарқыны өте баяу. Көктем кезінде жер балшық болып, көшеде  жүріп-тұру  қиындайды.

Алтай  КӨЛГІНОВ, облыс әкімі:

– Аталған шағынауданда асфальт салынбағандықтан, жол қатынасына қатысты қиындық бар екендігін білеміз. Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиевке аудан аумағындағы қарды тазалауға тапсырма бердім. Нәтижесін  өзім  тексеретін  боламын.

Сәлімгерей  НҰРТАЗАЕВ, Зашаған  кентінің  тұрғыны:

– Қаладағы пәтер иелері кооперативтерінің қызметі нашар.

Кооператив жиналысына тұрғындар белсенді қатыспайды. ПИК әкімшілігі тұрғын үйлерге қатысты мәселелерді шешуге құлықты емес. Бірақ жылма-жыл тарифті көтереді. Есесіне, өз қызметкерлерінің жалақысын жоғарылатады. Кооператив әкімшілігінің құжаттары да түгел емес. Мәселен, тұрғындармен келісімшарт жасамайды. Сондықтан ПИК-терді бақылауға алу үшін қала әкімдігі жанынан орталықтандырылған жүйе жасақтауды ұсынамын.

Алтай  КӨЛГІНОВ, облыс  әкімі:

– Қала тұрғындарының өзі кооператив жиналысына белсенді қатысып, оң шешімді талап етулері тиіс. Бір үйдің ішіндегі пәтер иелері бір-бірімен араласпайды. Кооператив қызметінің жандануы тұрғындардың белсенділігіне де байланысты. ПИК-тердің жұмысын жүйелеуге қатысты ұсынысыңызды талқылап, бұл мәселемен шұғылдануға Орал қалалық тұрғын үй инспекциясына тапсырма беремін.

Меңсұлу ТАПАЛОВА, дарынды балаларға арналған Сәкен Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешені директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

– Биыл «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі өтеді. Бұл – еліміз үшін маңызды оқиға болмақ.

Жоғары деңгейде ұйымдастырылған зияткерлік байқауларда жүлделі орын алып жүрген, талантты, зерек оқу озаттары көп. Сондай алғыр да талапты оқушыларымыздың Астанада өтетін көрмені тамашалауына жағдай жасалса  дейміз.

Алтай  КӨЛГІНОВ, облыс  әкімі:

– «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесінде ғылыми жаңалықтар талқыланады, дамыған елдерден келген делегация жаңа технологияларды көрсетеді. Мұндай маңызды оқиғадан жасөспірімдер тыс қалмауы керек. Көрмеге баратын оқушылардың тізімін жасаңыз. Оларға міндетті түрде қолдау  білдіреміз.

Құбай  ӨТЕСЕНОВ, Орал  қаласының  тұрғыны:

– Орал қаласында ескі үйлер көп. Кейбірінің салынғанына 100 жылдан асып кетті. Үйлердің сыртқы қабырғасына сызат түскен.

Қаладағы Дәулеткерей көшесіндегі 29-үйдің тұрғындары атынан ортақ баспананы жөндеуге  көмектесуді  сұраймын.

Алтай  КӨЛГІНОВ, облыс  әкімі:

– Шаһарда апатты деп танылған 41 үй бар. Яғни 350 отбасы осындай баспанада тұрып жатыр. Былтыр Деповская көшесіндегі бірнеше апатты үйді бұзып, мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік аясында тоғыз қабатты үй тұрғыздық. Биыл да осы бағытта жұмыстанатын боламыз. Жоба аясында үш құрылыс компаниясымен келіссөз жүргізудеміз. Облыстық әкімдік белгіленген аумаққа инфрақұрылым желілерін тартып, абаттандыру жұмысын жүргізсе, құрылыс мекемелері баспананы тұрғызып, нарық бағасымен сатып алуды ұсынады. Жеке инвестор болған соң, олар да пайда табуы керек. Сіз айтқан үйге қатысты ахуалды сараптап, жоба аясында қажетті шараларды қарастырамыз.

w

Сауалнама

Бос уақытыңызда Сіз дене шынықтыру және спортпен айналысасыз ба?
Мекен-жай
Қазақстан Республикасы, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Достық-Дружбы, даңғылы, 179
Сайтты қолдау
IT Group Kazakhstan