Бағдарлама мәйегі – мазмұнды шаралар

Ел Президенті Н.Назарбаев өзінің стратегиялық маңызға ие «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында ауқымды мәселелерге назар аударғаны белгілі. Еліміздің ертеңгі бағыт-бағдары айқындалған Мемлекет басшысының ойтолғамы ешкімді де бей-жай қалдырмай, елімізде «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Батыс Қазақстан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өңірлік жоба кеңсесі өз жұмысына кірісуде.

Облыс әкімдігі ғимаратында орналасқан өңірлік жоба кеңсесі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша қолға алынған шараларды жинақтап, облыс көлемінде іске асыруда. Кеңсе жетекшісі – ең жас облыстық депутат Салтанат Тұманбаева. Өңірлік жобалық кеңсе орталығы  жергілікті атқарушы органдармен жұмысты үйлестіру және бағдарламаның жобаларын ілгерілету үшін құрылған. Сондай-ақ, облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бойынша сарапшылар кеңесі құрылып, аудандарда жұмыс тобы жасақталмақ.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жаңа, тың жобалар жасақтау – басты міндет. Мемлекет басшысының қойған мақсат-міндеті де осындай: «Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді» деген болатын Елбасы өз мақаласында.

Өңірімізде Жантас Сафуллиннің жетекшілігімен бірнеше жылдар бойы эпиграфикалық ескерткіштерді зерттеп жүрген «Құлпытас сырын ашайық», өңіріміздің тарихи, киелі орындары жөнінде бейнероликтер түсіріп жүрген «Дешті Қыпшақ даласы», Ресей мұрағаттарындағы тарихи деректерді жинақтау  жобалары осы бағдарламаның аясына дөп келеді.

Алаштың 100 жылдығымен қатар келген облыстық «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттеріне 100 жыл толуына орай «Жайық Пресс» ЖШС-да біраз іс тындырылды. «Орал өңірі» газетінің бастауында тұрған «Қазақстан», «Ұран», «Известия-Хабар», «Киргизская правда» - «Қазақ дұрыстығы», «Дұрыстық жолы», «Ұшқын» (республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің бастауы) газеттері де жинақталып, жеке кітап болып жарық көрді. Соңғы бес жыл ішіндегі облыстың баспасөз тарихы туралы он кітап жарық көрді. Оған қоса газеттердің 100 жылдық тігіндісі де баспасөздің қара шаңырағына жинақталды. Олардың электрондық нұсқалары Елбасының «Цифрлық Қазақстан» жобасымен толық үндеседі.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған шаралар қатарын  «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Ж.Сафуллин: «Баспасөз тарихына қатысты тұлғалардың көне суреттері жинақталуда. Башқұртстан мұрағаттарында ХІХ ғасырда қазақ мешіттерінде толтырылған метркелері сақталған. Бұл құжаттар сол кезеңге тарихи сараптама жасауға негіз болды. Әрине тарихи ескерткіштердегі, мұрағаттардағы мәліметтерді жинау оңай шаруа емес. Оған мамандар тартылуы қажет. Осы басталған ғылыми жұмыстарды жалғастыру үшін «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» бағытына 6 жоба ұсынылды»,- деп толықтырды.

Батыс Қазақстан облысының ішкі саясат басқармасы «Туған жер» кіші бағдарламасы аясында облыстағы 12 ауданға пресс-турлар ұйымдастырмақ. Әрбір ауданның көрікті және киелі жерлері, өңірдің дамуына үлес қосқан азаматтар туралы БАҚ-қа материалдар шығару көзделуде. Сондай-ақ, «Жылдың үздік меценаты», «Жылдың үздік волонтері», «Жылдың үздік ҮЕҰ», «Жомарт жүрек» атты шаралар мен «Қоғамдық-пікірталас клубының» отырыстары өткізіліп, «Әлеуметтік-маңызды жобалар мен идеялардың жәрмеңкесі» және өлкетану бойынша онлайн оқытулары ұйымдастырылмақ.

Шекаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында көршілес Ресей облыстарының этно-мәдени орталықтарының қатысуымен «Достықта шекара жоқ» фестивалі жоспарланды.

zhaikpress.kz

Сауалнама

Бос уақытыңызда Сіз дене шынықтыру және спортпен айналысасыз ба?
Мекен-жай
Қазақстан Республикасы, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Достық-Дружбы, даңғылы, 179
Сайтты қолдау
IT Group Kazakhstan