БҚО-ға жаңа өкіл имам тағайындалды (ФОТО)

Өңірімізге жұмыс сапарымен келген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасының орынбасары, наиб мүфти Алау Шайқымұлы облыстық орталық мешітте өткен жұма намазында жаңа өкіл имамды таныстырды.

- Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ішкі ережесіне сәйкес өңірлердегі имамдар бес жыл сайын ауысып отырады. Соған орай ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлының бұйрығымен БҚО бойынша өкіл имам болып келген Руслан Сұлтанов бұл қызметінен босатылып, Астанадағы  республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы болып тағайындалды. Руслан Тыныштықұлы өкіл имам болып қызмет еткен жылдары Ақ Жайық өңірінің рухани өмірінде көптеген игілікті іс жүзеге асқанын білеміз. Батысқазақстандықтарға серпіліс алып келген бұл шаралардың жоғары деңгейде өтуіне Руслан Тыныштықұлының білімі мен білігі, еңбекқорлығы себепші болғаны анық. Ол өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып, жемісті еңбек етті,-деген Алау Шайқымұлы Бас мүфтидің Алғыс хатын табыстап, иығына шапан жапты.

Өз кезегінде сөз алған Руслан Тыныштықұлы имам болып қызмет еткен кезде тіл табысып жұмыс істеген мешіт жамағытына өз алғысын айтты. Бес жылға жуық уақыт аралығында біраз мәселе шешілгенін де айтып өтті. Олардың ішінде аудан-ауылдағы мешіттердегі имамдарға төленетін жалақы, облыстық мешіттің күрделі жөндеуден өтуі, өңірге «Әл-Азхар» университетін тәмамдаған теологтардың келуі бар.

Бас мүфтидің бұйрығымен ҚМБД-ның БҚО бойынша өкіл имамы болып тағайындалған Еркебұлан Қарақұловты таныстыра кетсек, ол - «Әл-Азхар» университетін теология негіздері факультетін үздік тәмамдаған қазақстандықтардың бірі. Одан кейін әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-да философия және саясаттану факультетін бітіріп, дінтану магистрі ғылыми дәрежесін алды. Еңбек жолын Алматы қаласындағы орталық мешіттің ұстазы болып бастады. Одан кейін ҚМДБ-да бөлімінің меңгерушісі, Атырау облыстық орталық мешітінің наиб имамы, Шымкент қалалық А.Қаттани мешітінің бас имамы қызметтерін атқарды. 2014 жылдан бері ОҚО орталық мешітінің наиб имамы. Сондай-ақ республикалық ақпараттық насихат тобының белсенді мүшесі.

Мәди ЫҚЫЛАС

zhaikpress.kz

Сауалнама

Бос уақытыңызда Сіз дене шынықтыру және спортпен айналысасыз ба?
Мекен-жай
Қазақстан Республикасы, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Достық-Дружбы, даңғылы, 179
Сайтты қолдау
Cтудия «Web-Design.kz»