БҚО клиникалық ауруханасы науқастарды жаңа үлгіде қабылдай бастады

БҚО клиникалық ауруханасының ғимаратында қараша айында триаж жүйесі негізінде жасақталған «Emergency room» қабылдау бөлмесі іске қосылды.

Бөлмеге пердемен бөлінген 6 кереует қойылған. Ғимаратқа кіре берістен бастап еденге жасыл, сары және қызыл жолақ белгіленген. Сары мен қызыл белгілер дәліз бойында бірлесіп келіп, орта және ауыр дәрежедегі науқастарды шұғыл қабылдайтын аймақтарға бағыттайды. Ем қабылдаушыларға бригада құрамындағы бес хирург-маман қызмет көрсетеді. Олардың жай-күйін кейін медбике бақылауға алады. Науқастарға жедел көмек көрсетіліп, диагноз қойылады. Ол үшін қажетті құрылғылар жинақталған. Мәселен, облыстық кардиологиялық орталық мамандарынан онлайн-байланыста шұғыл кеңес алуға болатын ЭКГ құрылғысы дайын тұр. Сонымен қатар, жан-жақты пайдалануға ыңғайлы кереует (каталка) пен қоларба бар.

- Клиникалық ауруханада халықаралық үлгідегі қабылдау қызметі қосылды. Науқасқа шұғыл түрде бірнеше дәрігер қызмет көрсетеді. Бұл - ауруханадағы кезек мәселесін шешуге арналған. Яғни, жоспарлы түрде тексеріске келген тұрғындарды қабылдау бөлек жүргізіле береді. Триаж жүйесінде іріктеу қызметін алдағы уақытта басқа да ауруханаларға енгіземіз, - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаев.

Айта кетейік, клиникалық аурухана тәулігіне 200-дей науқасты қабылдайды. Кеше келген 160-тай адамның 85-іне шұғыл көмек көрсетілсе, елуден астамына ота жасату туралы шешім қабылданған. Қаралуға келгендер арасында ауру белгілері әртүрлі. Мысалы, бірі жарақат алса, бірі жүрек дертімен қабылданады. Дәрігерлер сонымен қатар соңғы кезде жол-көлік апатына түсушілер саны едәуір азайғанын айтты. 

Нұртай Алтайұлы

zhaikpress.kz

Сауалнама

Бос уақытыңызда Сіз дене шынықтыру және спортпен айналысасыз ба?
Мекен-жай
Қазақстан Республикасы, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Достық-Дружбы, даңғылы, 179
Сайтты қолдау
IT Group Kazakhstan