БҚО-да «Таза жағалау» акциясына 17 мыңдай тұрғын қатысты

Өткен сенбіде «Экспо – 2017» халықаралық көрмесіне орай Орал қаласы мен облыс аудандарының аумағындағы өзен-көл жағалауларын жақсартуға бағытталған «Таза жағалау» облыстық экологиялық акциясы ұйымдастырылды.

Жыл сайын өтетін дәстүрлі шараның ашылу салтанатына қала әкімі Мұрат Мұқаев, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Амангелді Дәулетжанов қатысып, бастаманың сәтті өтуін тіледі.

Су нысандары жағалауларын тазалау мақсатында ұйымдастырылған шараға Орал қаласы бойынша 1000 адам қатысып, 6 техника іске қосылып, барлығы 40 тоннадай қоқыс шығарылды. Табиғат қорғаушылары алдымен Чапаев атындағы затоннан, Металлист зауыты аумағындағы жағажайға дейінгі аралықты тазалады. Содан соң аталған аумақтағы көпір арқылы өтіп, Мәңгілік алау алаңына дейінгі қашықтықты қамтыды. Алаңнан Ескі шіркеуге дейінгі, ал Ескі шіркеуден Хан тоғайына дейінгі аралықта тазалық жұмыстары жүргізілді. Хан тоғайындағы жағажайдан Шаған өзенінің сағасына дейін барған тазалықшылар ең соңында Коминтерн шағын ауданында болды.

Ал облыс бойынша шараға 16 800 адам қатысып, 231 техника іске қосылды. Нәтижесінде 788 тонна қоқыс шығарылған. Облыс аумағындағы Жайық, Кіші және Үлкен өзендер, Шаған, Деркөл, Елек, Утва өзендері, Шалқар, Еділсор, Балықты көлдерінің жағалауларында тазалық жұмыстар атқарылды.

– Қазір демалыстың қызған шағы. Өзен-көлдердің маңайын төңіректейтіндер тек тынығып қана қоймай, өздерінен қалған қалдықтарды жинастыруы тиіс. Себебі елімізді көгалдандырып, таза күйінде сақтау – біздің басты мақсаттарымыздың бірі. Мен дәстүрлі шараға жыл сайын қатысып, қала тазалығына өз үлесімді қосып жүрмін, – дейді «Жасыл ел» жасағының өкілі Сымбат Айбатқызы.

Айым ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал өңірі»

zhaikpress.kz

Сауалнама

Бос уақытыңызда Сіз дене шынықтыру және спортпен айналысасыз ба?
Мекен-жай
Қазақстан Республикасы, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Достық-Дружбы, даңғылы, 179
Сайтты қолдау
IT Group Kazakhstan