Биыл БҚО-ның Ресеймен тауар айналымы 400 млн. долларға жетті

Бүгін Ресейдің Челябинск қаласында Ресей және Қазақстан елі басшыларының қатысуымен өтіп жатқан XIV өңіраралық ынтымақтастық форумына Батыс Қазақстан облысының әкімі А.Көлгінов те қатысуда, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

2003 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан форумның мақсаты – екі елдің арасындағы түрлі саладағы ынтымақтастықты бекітіп, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени байланыстарды нығайту.

Географиялық орналасуы мен тарихы жағынан байланысы тереңде екі мемлекеттің арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастар өте тығыз. Мәселен, Ресейдің 5 облысымен шектесетін Батыс Қазақстанның өзінде Ресей бизнес өкілдерінің қатысуымен 160-тан аса кәсіпкерлік нысан жұмыс жасайды. Сондай-ақ соңғы 3 жылдың ішінде тек Батыс Қазақстан облысының Еуразиялық экономикалық Одақпен арадағы тауар айналымы 2 млдр. АҚШ долларын құраса, биылдың өзінде Ресей елімен 400 млн. долларды құрап, 40 пайыз өсімді көрсетіп отыр.

Форум аясында Қазақстан мен Ресей Федерациясы облыстарының арасында арнайы келісімдер жасалды. Соның ішінде Пенза облысының Үкіметі мен Батыс Қазақстан облысының әкімдігі экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Өз кезегінде өңіраралық форумның екі ел үшін де аса тиімділігін атап өткен облыс әкімі А.Көлгінов:

- Біз үшін Пенза облысының ІT технология, медицина, фармацевтика, ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асырып жатқан жобалары өте қызықты. Өйткені Батыс Қазақстан облысында да машина жасау, ауыл шаруашылығы бағыты жақсы жолға қойылған. Сондықтан бүгін біз жасасқан келісімнің ауқымы кең, көп саланы қамтиды. Қазірдің өзінде екі облыстың өкілдері бір-бірімізге барып, тәжірибе алмасу жөнінде уағдаластық. Жалпы, мұндай шаралар жақындастыра түседі деп ойлаймын. Мысалы былтыр Астана қаласында екі мемлекет басшысы Н.Назарбаев пен В.Путиннің қатысуымен өткен форумда Батыс Қазақстан облысына қатысты екі құжатқа қол қойылған болатын. Оның бірі жүрдек пойыздарды іске қосу және екі ел шекарасындағы тексерістерді алып тастау болса, екіншісі Жайық өзеніне қатысты. Бүгінде жүрдек пойыздар арқылы қатынау тұрғындарға өте қолайлы. Бір сөзбен, халық осындай келісімдер негізінде жүзеге асатын шаралардың нәтижесін көруде, - деді.

Форум тақырыбы «Адам капиталына инновациялар енгізу» болғандықтан, мұнда екі мемлекеттің оқу орындары мен ғылыми орталықтарының арасындағы байланыс мәселесі де талқыланды. Қазірдің өзінде Батыс Қазақстан облысының бірнеше оқу орындары мен Ресей оқу орындарының арасындағы байланыс тығыз. Студенттермен академиялық алмасу, ғалым-ұстаздардың тәжірибе бөлісуі мақсатындағы шаралар көптеп жүзеге асуда. Соның ішінде М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ұжымы мен Пенза мемлекеттік университетінің арасында арнайы келісім жасалған.

Форум қорытындысында Қазақстан мен Ресей арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 25 жыл толуына орай Н.Назарбаев пен В.Путин келісімдерге қол қояды деп күтілуде, делінген облыс әкімінің баспасөз қызметінен келген ақпаратта.

zhaikpress.kz

Сауалнама

Бос уақытыңызда Сіз дене шынықтыру және спортпен айналысасыз ба?
Мекен-жай
Қазақстан Республикасы, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Достық-Дружбы, даңғылы, 179
Сайтты қолдау
IT Group Kazakhstan