Кәсіпкерлер жобасын қолдауға 1,6 млрд. теңге

Сейсенбіде Қазақстанның орталық коммуникациялық қызметі БҚО филиалында  кезекті баспасөз мәслихаты өтті. Бұған облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов, облыстық кәсіпкерлік, индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Бақдәулет Ибраимов және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.

Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов өңіріміздегі кәсіпкерлік саласының дамуы жөнінде баяндады.

— Елбасы биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында бес басымдықпен ерекшеленген негізгі мәселелерге баса назар аударды. Солардың қатарында бизнес ортаны жақсарту және кеңейту жұмысы да бар. Бұл саладағы жұмысты біз қашан да басты назарда ұстап келеміз. Нәтижесінде өңірімізде кәсіпкерлік саласы қанат жайып, жылдан-жылға дамып келеді. Бүгінгі таңда облыс бо-йынша 47 мың кәсіпкерлік нысаны тіркелген, соның 41 мыңы белсенді жұмыс жасауда. Тұрғындардың көпшілігі өңірімізде құрылған шағын және орта бизнес нысандарында жұмыс істейді. Жыл басынан бері облыстағы шағын және орта бизнес нысандары 848 млрд. теңге көлемінде өнім өндірді. Бизнесті қолдауға арналған «Бизнестің жол картасы – 2020» бірыңғай бағдарламасы елімізде кәсіпкерліктің қарқынды дамуына мықты ықпал етті. Мысалы, 2010 жылдан бастап жергілікті кәсіпкерлердің 634 жобасына мемлекет тарапынан 77,1 млрд. теңгеге қолдау көрсетілген. 57 жобаның инфрақұрылымына 2,7 млрд. теңге жұмсалған. Бұл 27,4 мың жұмыс орнының сақталып, 4,3 мың жаңа жұмыс орнының құрылуына себепші болды. Соңғы екі жылда ауыл кәсіпкерлеріне баса назар аударыла бастады. Мәселен, былтыр мақұлданған жобалардың 43 пайызы ауыл кәсіпкерлерінің еншісінде.

Ағымдағы жылы 130 жобаның 22,1 млрд. теңге несиесін субсидиялау үшін республикалық бюджеттен 1,5 млрд. теңге бөлінді. Сондай-ақ 52 жобаға 1,4 млрд. теңге мөлшерінде кепілдік берілді. 2015 жылы несиелеу бойынша проценттік ставканы субсидиялау үшін айналым қорын толықтыру мақсатында 560 млн. теңге бөлінген болатын. Бұл шара өңдеу өнеркәсібімен айналысатын кәсіпорындар үшін үлкен көмек болды. Олар шикізат сатып алу барысында мемлекет тарапынан көрсетілген жеңіл-діктерді пайдаланып, келісімшартта көрсетілген міндеттерін уақытында орындауға мүмкіндік алды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бірыңғай бағдарламасы арқылы «Жайық Агро LTD» ЖШС құс фабрикасының құрылысын жүргізуге және құс етін өңдеуге қажетті құрал-жабдықтар сатып алса, «Батысмұнайгазжабдықтары» ЖШС өз кәсіпорындарын мұнай-газ өнімдерін өндіруге қажетті құрылғылармен қамтамасыз етті. Бұл мүмкіндікті «Топан» ЖШС мен «Нұржанар» АҚ ұтымды пайдалана білді.

Сондай-ақ 27 ауыл кәсіпкеріне 152 млн. теңге мөлшерінде шағын несие берілді. 2012-2016 жылдар аралығында өңірімізде 60 кәсіпкер жалпы сомасы 130 млн. теңге инновациялық грантқа ие болды. Осы қаражаттың 51 млн. теңгесі ауыл кәсіпкерлерінің 34 жобасына берілді. Өткен жылы 15 кәсіпкерге 18 млн. теңгенің гранты бөлінді, бұл гранттар ауыл тұрғындары үшін жұмыс көздерін ашу мақсатында беріліп отыр. Бұған мысал ретінде Орал қаласындағы робот техникасын оқыту орталығы («Қайсар Электро» ЖШС) мен «Мастерфайбер» резеңке жабындар өндіру цехын, Теректі ауданындағы ұлттық үлгіде ағаштан ыдыс-аяқ жасайтын «Иманғалиев А.» ЖК және Жәнібек ауданындағы жүн өңдеу цехын («Молдашева Н.» ЖК) айтуға болады.

2015 жылы бірыңғай бағдарламаға несиелеу бойынша кепілдік беру тәсілі енгізілді. Бұл ретте кәсіпкер мемлекет тарапынан несиенің жалпы сомасының 85 пайызына кепілдік ала алады. Ауыл кәсіпкерлерінің дүкен ашудан бастап құрылыс немесе мал сатып алу секілді кез келген жобаларына қаржылық қолдау жасалатын болды. Осы өзгерістердің арқасында Ақжайық ауданындағы «Репетиторлық орталық» ЖК балабақша ашты. Шыңғырлау ауданында «Теща» супермаркеті, Сырым ауданында «Эверест», Ақжайық ауданында «Транзит» кафелері, Теректі, Жаңақала және Бөрлі аудандарында жанар-жағармай құю стансасы ашылып, жұмыс істей бастады. Сондай-ақ Ақсай қаласындағы «Марко Поло» қонақ- үйінің қайта жаңғыртылып, «Еуразия» кешенді мейрамханасы мен Теректі ауданындағы «Mersi» пиццериясының құрылысы басталды.

Кешенді шараның тағы бір түрі – кәсіпкерлердің қаржылық сауатын ашу жұмысы. Бұл ретте бизнеске оқытудың қысқа курстары ұйымдастырылуда. Былтыр «Бизнес-советник» жобасы бойынша 703 адам және «Бизнес-рост» жобасы бойынша 120 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқып, білім алған. Студенттер үшін бизнес-мектеп ашылып, мұнда 23 оқушы бизнес жүргізу ісіне үйренді. Бұдан басқа шетелде оқу және тәжірибеден өтуді қарастыратын «Іскерлік байланыс» атты екі кезеңді жоба бар. «Аға сеньор» жобасы бойынша Қаратөбе ауданындағы «Ашығалиев» ЖК-ның жұмысына канадалық эксперт Джеймсон Рональд Гордон және Бөкей ордасы ауданындағы «Жұмағұлов» ЖК-ның жұмысына Гарет Исслей сараптама жасады. Сондай-ақ 859 кәсіпкерге 987 сервистік қызмет көрсетілді.

Тағы бір айта кететін нәрсе, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мақсатында қолданылып жүрген мемлекеттік қолдау одан әрі жалғасуда. Биыл осы мақсатқа барлығы 1,6 млрд. теңге бөлінсе, соның 1,4 млрд. теңгесі несие бойынша проценттік ставкаларды субсидиялауға, 94 млн. теңгесі жартылай кепілдікке және 47 млн. теңге гранттарды қаржыландыруға жұмсалмақ. Былтырдан бастап кәсіпкерлерді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорымен бірігіп қаржылай қолдау бағдарламасы енгізілді. Несиелер екінші деңгейлі банктер арқылы 8,5 жылдық пайызбен беріле бастады. Бүгінгі таңда кәсіпкерлерге 1 млрд. теңге мөлшерінде несие берілді, — деген облыс әкімінің орынбасары биылдан бастап ауыл шаруашылығының кешенді жобаларын қаржыландыру үшін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-мен бірігіп жұмыстану жоспарланып отырғанын айтты.

Игорь Стексовтың сөзінше, осы мақсатқа облыс бюджетінен және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ әрқайсысынан 300 млн. теңгеден қаражат бөлінбек. Екінші деңгейлі банктер арқылы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорымен бірігіп, әрқайсысы 700 млн. теңгеден қаржы бөлмек.

Жиын соңында журналистер тарапынан сұрақтар қойылып, бұған тиісті жауаптар қайтарылды.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

Сауалнама

Бос уақытыңызда Сіз дене шынықтыру және спортпен айналысасыз ба?
Мекен-жай
Қазақстан Республикасы, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Достық-Дружбы, даңғылы, 179
Сайтты қолдау
IT Group Kazakhstan
Назад