Көне шаһардың көнекөз ғимараттары

Орал – қазақ елінің байырғы қалаларының бірі. Шаһардың Шаған мен Жайық өзендерінің тоғысқан тұсындағы тарихи бөлігін ХІХ ғасырдың тарихи-мә­дени сәулет ескерткіштері құрайды.

Қала орталығындағы шығыстық сәулет үлгісінде салынған үш қа­тарлы Ва­нюшин үйі (қазір Ә. Мол­да­ғұлова атындағы №38 мек­теп-лицей орналасқан) ХІХ ға­сыр­­дың ар­хитектуралық ескерткіші. Бұл үй 1984 жылы 12 қыркүйекте Орал облыстық атқару комитетінің №473 ше­­­­шімі­мен тарихи ғима­рат ре­тін­де та­нылып, облыс­тық ар­хи­тек­ту­ра­­лық ес­керткіш­тер­ді қорғау коми­те­­ті­­нің есебіне алынған. Жергілікті өлкетанушы Генна­­дий Васильевтің пікірінше, өлке­­міз­­дегі патша үкіметінің отарлық сая­са­­тын жүзеге асырушы ірі кө­пестер­дің бірі Александр Ванюшин бұл үйді 1876 жылы салдырған. Ә.Мол­да­ғұлова атындағы №38 мек­теп-лицейге кіретін есіктің жоғар­ғы жағына қарайтын болсаңыз, тасқа қашалып жазылған «1876» санын көруге болады. Деректерге қарағанда, бұл ғи­­­марат кейін көпестер бірлесті­гі­не сатылып, Орал қаласының кө­пес­тері мен саудагерлерінің кө­­­ңіл кө­теріп, демалатын коммер­циялық клуб үйіне айналады.

Александр Ванюшин үйінің ал­­­­дын­да үлкен сауда базары бол­ған­дығын ескі сурет­тер­ден де көруге болады. Қазір бұл Не­красов атындағы шағын алаң. А. Ванюшиннің ұрпақтары туралы өлкетанушы Николай Чес­ноков: «Көпестің жанұясында екі ұл, бір қыз болды. Қызы Анна Александровна Ванюшина қаладағы өте бай әйел болған. Ол бұл үйді ке­йін шарап өндіретін үйге айнал­ды­рып, жоғары сапалы ұннан жасалған шарап бірнеше рет халықаралық көрмелерге қатысып, медальдарға ие болған» - деген мәлімет береді. 1997 жылы №38 мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып жүрген кезімде өлкетанушы Геннадий Васильевті мектепке шақырып, осы ғимарат тарихын айтып беруді өтінген едім. Сонда ол: «1980 жылдардың бас кезінде А. Ванюшин үйіне үлкен жөндеу жұмысы жүргізілген кезде ғимараттың жер­төлесінен сынған бөтелкелер мен шараптың этикеткалары табылды» – деп сол эти­­кет­­ка­ның біреуін маған көрсеткен еді. Азамат соғысы кезінде 1919 жылдың қаңтар айынан бастап, Ваню­шин үйіне Орал қалалық РКП(б), кейінірек губерниялық ко­митет орналасып жұмыс жасайды. Ал 1930 жылдары бұл үй өлке­міздегі ауыл шаруашылығы ма­­­­­ман­дарын даярлай­тын оқу ор­ны болған­дығын облыстық мұра­ғат қорында сақтал­­ған ауыл шар­­­уашылы­­ғы тех­никумының төл­­құ­­­­жа­­ты дәлелдейді. ХІХ ғасырдың ескерткіш үйінің 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы тарихымен де тығыз байланысы бар. Өйткені соғыс бас­тал­ған кезде өлкемізге Одесса қа­ласы­­нан эвакуацияланып келген жаяу әскери училищесі осы үйге ор­­наласады. Алты айлық қысқа мер­­зімді курсты тәмамдаған ке­ңес жауынгерлері осы үйден Сталинград майданына жөнелтіліп отыр­ған. Қаланың байырғы тұрғыны С.Аве­рянова соғыс кезінде бұл үй­­дің жертөлесіндегі жауын­гер­лер­­­дің кір киімдерін жуатын бөлмесінде ана­сының қызмет ет­кенін, ал өзі оның «кіш­­кен­тай кө­мекші­сі» бол­­­ға­­нын айтады. Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін Ванюшин үйі қайтадан ауыл шаруашылығы техникумының оқу корпусы болып 1981 жылға дейін қызмет етеді. Одан соң ғимаратта пионерлер үйі орналасты. Ал 1996 жылдан бері Ванюшин үйі қаламыздағы жалпы білім беретін орта мектепке айналды.

Облыс орталығындағы Ж. Мол­­­дағалиев атындағы облыс­тық ғылыми-әмбебап кітапхана ор­на­ласқан ХІХ ғасырдың архи­текту­ра­лық ескерткіші, көпес Александр Карев үйінің салыну тарихы кім-кімді де қызықтыратыны анық. Дерек көздеріне қарағанда, Бу­­зулук көпесі (Ресей) Карев алғаш рет Орал қаласына ат-арбамен келген. Жайық жағасындағы балықшылардың жағаға лақты­рып тастайтын ұсақ балықтарын ж­­инап, Гурьев (қазіргі Аты- рау) қа­ласына дейін ба­­руды кәсіп еткен. Өз­де­рін Жайық өзені ба­лы­ғының қожасы са­на­ған казактар бекіре тұ­қым­­дас балықтарды ғана ау­­лап, ұсақ шабақтарды суға қайта лақтырып жі­бе­ре­тін еді. Осы ба­лық аулау маусымында Александр Карев балықтың мол қо­рын жинап алып, оны Ресей қалаларына апарып, саудасын қыз­дырған. Ал балық сатудан түскен ақшасына сол кездегі оралдықтар үшін ең қажетті иірілген жіп, арқан сияқ­ты тауарларды әке­ліп, жоғары ба­ға­мен өткізіп отырған. Сөйтіп, бірте-бірте қаржы қорын жинаған көпес А.Карев 1900 жылы Орал қаласында дү­ке­ні­мен бірге екі қабатты үй тұрғыз­бақ­шы болады. Алайда тағдыр Каревке бұл үйінің құрылысы аяқтал­ға­­нын көруді жазбайды. Қалың орман арасында құрылысқа қажетті материалдар дайындап жүрген кезде ағаш астында қалып, қайтыс болады да, әйелі Кариха үйдің құрылысын аяғына дейін жеткізіп, үш қабатты үй тұрғызады (А.Карев құрылыстың үшінші қабатынан құлап, өлім құшты деген дерек те айтылады). Сөйтіп, қала ортасындағы алыстан көз тартатын әдемі Карев үйі бой көте­­ре­ді. Қазақтар биіктігі мен сыртқы тү­сіне қарап, бұл үйді «Нар үй» не­месе «Қызыл үй» деп атаған.

1917 жылғы қазан төңкерісіне дейін бұл ғимаратта бірнеше дү­кен, мыса­лы, «Шмит және К°» сау­да үйі, екін­ші қабатында ресторан және офицерлер клубы, үшін­ші қаба­тында қонақүй орналасады. 1919 жылдың жазында Орал қаласы қызыл әскер бөлім­ше­лерінің қолына көшкеннен кейін Карев үйі «Еңбекшілер сарайы» деп аталады да, бұл үйге жергілікті кәсіподақ орналасады. Ал 1920 жылдардың бас кезінде үйдің бірінші қабатында «Красный Урал» газетінің баспаханасы және конференция залы орналасады да, үшінші қабаты қонақүй болып қала береді. 1923 жылы қараша айында Орал қаласына келген халық комиссарлар кеңесінің төр­ағасы, қа­зақ жазушысы Сәкен Сейфуллин­нің осы қонақүйде тоқтағаны жөнінде мәліметтер бар. А.Карев үйінің жанында кең аумақты қамтыған металшылар кәсіподағының қалалық бағы бол­ған. Бұл бақта әдеби кештер өт­­кі­зі­­ліп, ақындар өлең оқып отырған. Қазір бұл бақтың орнында қала­лық сот пен балабақша ор­­на­­лас­­қан. Ұлы Отан соғысы жылда­­рын­­­­да Карев үйінің екінші және үшін­ші қабаты эвакуацияланып кел­­­ген әскери госпитальдың баспанасына айналады. 1965-1984 жылдар аралығын­да ғимараттың үшінші қабатынан об­лыстық «Орал өңірі» және «При­уралье» газет­те­рінің редакцияла­ры қоныстанады. Ал екінші қаба­ты бүгін­гі күнге дейін бұрынғы Н.Круп­ская (қазір Ж. Молда­ға­лиев) атындағы об­лыс­тық ғылыми-әм­бебап кітапхана мен облыс­тық филармонияның құзырында. Фи­­лармония залы өзінің жоғарғы акус­­тикасымен ерекшеленеді.

ХІХ ғасыр соңында Орал қа­ласында бой көтерген архи­тек­туралық сәулет ескерткіш­терінің бірі алғашқы коммерциялық банк ғимараты. Қазақстанда ХІХ ға­сырдың ІІ жартысында капиталис­тік қаты­настардың дамуына бай­ланысты. Бұл ғимаратта біраз жылдан бері Батыс Қазақстан облысының әкімдігі қоныстанған. Деректерге жүгінсек, ғимарат 1896 жылы сәулетші Александр Бунькиннің жетекшілігімен тұр­ғызылған. Құрылыс жұмысына мәскеулік белгілі теміржол құры­лыс­шысы Николай Раевский басшылық еткен.

Орыс сауда-өндірістік коммерциялық банк үйі үш қабатты. Төменгі жер асты қабаты бар. Екін­ші қабаты жаяу адам жүретін жол­мен деңгейлес болды. Екінші қа­бат­қа – дүкен, ал үшінші қабатқа банк және биржа орналасады. Жоба бо­йынша құрылысқа 22 мың сом қаржы бөлінеді. Орал қаласында бұл үйге алғашқы орталық жылу құбыры, желдеткіштер, электр желісі тартылады. Сонымен қатар ғи­мараттың төңірегіне алғашқы жаяу адам жүретін жолдар мен кө­­пірлер салынып, аумағы 1000 шар­шы метр көлемінде көгал­дандыру жұмысы жүргізіліп, Орал қа­ласының бүгінгідей көрікті орталығына айналады. Ғимараттың қасбетінде бедерлі сәнді торлар мен көмкерілген балкондар болды. Сол әдемі балкондарды қа­зір де көре аламыз. Ғимаратқа кіретін есік алдын­дағы бағаналардың арасына екі арыс­тан мүсіні қойылды. Бұл мүсін­дердің авторы Николай Гаврилович Калентьев.

ХІХ ғасыр соңында тұрғызылған қаладағы бұл ғи­ма­рат әмбебап үй болды деп те айтуға болады. Өйткені мұн­­да банк, биржа кеңсесінен бас­­қа, но­та­риал­дық кеңсе, ресто­ран, коммерциялық шайхана және дү­­кендер орналасады. Осы ғи­ма­ратта ірі кәсіпкерлер Ком­па­ней­ца­ның дә­­рі­ханасы, көпес Р.Функаның дү­ке­ні, Грязновтың шаштаразы қала тұр­ғын­да­ры­на қызмет көр­сет­кен. Ал үшінші қабаттағы кең дә­ліз­де кеңсе қыз­меткерлерінің демалысы үшін концерт, спектакльдер қойылған. 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін бұл ғимарат жұмысшы солдат, шаруалар кеңесінің үйі, ал 1919 жылдан облыстық рево­люциялық комитет, 1920 жылы губер­ниялық комитет, 1924 жылы Орал губерниялық соты, кейін облыс­тық атқару комитеті орналасады. Қа­зақ­стан өз тәуелсіздігіне қол жеткізген 1991 жылдан бастап, аталмыш ғимаратта Батыс Қазақстан облысының әкімдігі қоныстанды.

Міне, Орал қаласы – өзінің көне сәулет ескерткіштерімен ерек­шеленетін сәнді қала. Демек, қаламыздағы көненің көзі санала­тын мә­­дени-тарихи архитек­туралық ес­­керт­кіштердің тарихымен танысып, олардың сәнді келбетінің бұ­­зыл­май сақталуына қамқорлық жасау­ға өз үлесімізді қосу абыройлы міндет екенін ұмытпау қажет.

Бақтылы БОРАНБАЕВА,

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің доценті,

тарих ғылымдарының кандидаты

Сауалнама

Бос уақытыңызда Сіз дене шынықтыру және спортпен айналысасыз ба?
Мекен-жай
Қазақстан Республикасы, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Достық-Дружбы, даңғылы, 179
Сайтты қолдау
IT Group Kazakhstan