Демократияға батыл бетбұрыс

Кеше облыстық мәслихатта «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының алқалы жиыны өтті. Партия филиалының төрағасы, облыс әкімі Алтай Көлгіновтің жетекшілігімен өткен жиынға партияның аумақтық филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары, облыстық және қалалық мәслихаттардың «Нұр Отан» партиясынан сайланған депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының басшылары, партия ардагерлері, «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері қатысты.

Жиналғандарды Көрісу күнімен құттықтаған соң өңір басшысы партия филиалының активі елімізде жүргізілген конституциялық реформаларға арналатынын жеткізді.

— Елбасының бастауымен, ел-жұрттың қолдауымен, бір айдан аса кеңінен талқыланған жаңа реформа ел дамуына бастайтын тарихи маңызды құжат екенін көрсетті. Қоғамымызда қызу талқыланған жаңа өзгерістер бүтін бір мемлекеттің тарихына жаңару енгізген, болашағын айқындайтын тың серпін деп бағаланды. Соған орай өңірімізге Парламент депутаттары, орталық атқарушы билік өкілдері келіп, аудандарда, елді мекендерде халықпен кездесіп, бұл реформаның мән-маңызы жөнінде кеңірек түсінік берді. Бүгінгі таңда Парламентпен Конституцияға өзгерістер енгізілді.

Елбасы мемлекеттік билік тармақтарының арасында өкілеттіктерді қайта бөліп, Парламенттің рөлін күшейтті. Мемлекет басшысы өзінің кейбір өкілеттіліктерін Үкіметке берді. Сондай-ақ жерлікті атқарушы биліктің де құзыреттілігі кеңейді. Біз енді жаңа даму кезеңінде жұмыс істейтін боламыз. Жалпы конституциялық реформа мемлекет пен қоғам үшін маңызды шешім болды деп есептейміз, — деді Алтай Сейдірұлы.

Жиында негізгі баяндаманы «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүйлеймен жасады. Ол Конституцияға енгізілген өзгерістерді одан әрі қарай түсіндіру және іс жүзіне асырудағы “Нұр Отан” партиясы облыстық  филиалының міндеттері турасында баяндады.

— Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елдің тұтастығын қамтамасыз ету үшін Президенттік институттың мүмкіндіктерін нығайту қажет болды. Өйткені уақытты тек пікірталаспен өткізбей, қоғамның дамуына қажетті, елдің болашағы үшін маңызды реформалар жүргізу керек еді. Сол кездегі Президенттің жасаған реформалары халық арасында кең қолдау тапты.

Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде мемлекет  билігі  қалыптасып, қоғамымыздың сан-салалы тыныс-тіршілігі ілгеріледі, азаматтардың қорғалуы мен қауіпсіздігі, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелердің шешілуі, елдің халықаралық саясатқа бейімделуі тек Президент арқылы ғана жүзеге асты. Қарапайым адам мемлекеттік билікті Президентсіз елестете де алмайтын еді. Мемлекетті қалыптастырудың алғашқы жылдарында билік тетіктерінің Президент қолына жиналуы, оның өкілеттігінің қарымды болуы сол кезеңдегі саяси ахуалдан туындаған еді. Енді қоғамымыз жетіліп, дербес кәсіби мемлекеттік механизм қалыптасқан кезде Мемлекет басшысының мойнындағы жүкті жеңілдетіп, біраз өкілеттікті Парламент пен Үкіметке бөліп беру – қисынды қадам, тәуелсіз ел тарихында тұңғыш батыл бетбұрыс.

2016 жылғы 15 желтоқсанда ҚР Президенті билік тараптары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі жұмысты бастауды тапсырған болатын. Осыған байланысты арнайы жұмыс тобы құрылды.

Ағымдағы жылдың 25 қаңтарында Елбасы Үндеу жолдап, билік өкілеттіктерін қайта бөлу, жалпы саяси жүйені демократияландыру туралы реформа ұсынды. Мемлекет басшысының өкімі бойынша «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жалпы халықтық талқылауға шығарылды. Бұл талқылау биылғы 26 қаңтардан 26 ақпанға дейін жалғасты.

Елбасының Үндеуін талқылау мақсатында облысымызда 14 ақпараттық топ құрылды. Олардың құрамына «Нұр Отан» партиясы облыстық және аудандық филиалының спикерлер пулы, зиялы қауым өкілдері, облысымыздың белгілі тұлғалары, жалпы алғанда 212 мүше енгізілді. Бұл бағыттағы кездесулер облыс тұрғындарымен болды, сонымен қатар 271 бастауыш партия ұйымында, облыстық және аумақтық филиалдардың кеңейтілген саяси кеңестерінің отырыстарында, «Қазақстан — 2050» демократиялық күштердің облыстық коалициясы отырысында өтті. Сондай-ақ партия филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелері тарапынан тақырыптық қабылдаулар ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Желілік кестемізге сәйкес облыс аумағында 1000-ға жуық кездесу ұйымдастырылып, саяси-бұқаралық және түсіндіру жұмыстарымен облысымыздың 160 мыңнан астам тұрғыны қамтылды. 100-ге тарта ұсыныс айтылды. Жинақталған барлық ұсыныс мемлекеттік билік тараптары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобына жолданды.

Мемлекет басшысы ұсынған заң жобасында Конституцияның 19 бабына 26 түзету қарастырылған болатын. Түзетулердің басым бөлігі Президенттің, Парламент пен Үкіметтің билік өкілеттіктерін қайта бөлу мәселелерін қамтыды. Парламент қабылдаған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңын Конституциялық Кеңес ҚР Конституциясына, оның ішінде республиканың конституциялық құндылықтарына, қызметінің түбегейлі принциптеріне және басқару нысанына сәйкес келеді деп қаулы еткені белгілі.

Конституциялық өзгерістерді Қазақстанның саяси жүйесін демократияландырудағы үлкен қадам ретінде қарастыру керек. Жалпы, осы өзгерістермен біздің саяси жүйеміздің тиімділігі, тұрақтылығы мен теңгерімділігі артатыны сөзсіз. Мұндай қадамның еліміз үшін тағдыршешті маңызы бар. Бұл біздің елдігіміздің есеюінің келісті көрінісі. Жиырма бес жылдың ішінде қалыптасқан қоғамдық қатынастар мемлекеттік биліктің жоғары құрылымдарының беделі биіктегенін, олардың кемеліне келе бастағанын көрсетеді. Жаңа жағдай конституциялық реформаның қажеттігіне, өзгерістердің пісіп жетілгеніне көз жеткізді. Осы арқылы Елбасы өз халқының даналығына сенетінін дәлелдеп отыр. Енді біз сол сенімге сай болуымыз қажет. Соған орай партияның барлық мүшесі өз күш-жігерлерін осы сенім мен жауапкершілікті ақтауға жұмсаулары керек, — деді Серік Кенжебекұлы.

Жиын барысында сөз алған партияның Зеленов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Дүзбатыров конституциялық реформаның мәнін ауданның әр тұрғынына жеткізу үшін ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін жеткізді. Реформа барысы Зеленов ауданында 22 ауылдық округ пен отызға жуық елді мекенде, 18 өндірістік-кәсіптік ұжымда талқыланып, түскен ұсыныстар облыстық филиалға жолданды. «Елбасы Ата Заңды өзгертіп, өз өкілеттіктерінің басым бөлігін Парламент пен Үкіметке беретіні туралы жариялағанда ауыл тұрғындары алаңдаушылық танытты, — деді Нұржан Тоғызбайұлы. — Талқылауда бас қосқан көптеген тұрғын ширек ғасыр ішінде елдің жүріп өткен жолын мысалға ала отырып, әлі де Президенттің құзырында биліктің көбірек шоғырланғанын қалайтындықтарын аңғартты. Дегенмен де мемлекеттік басқару жүйесі дәуір талабына сай икемделе түсуі үшін мұндай қадамның маңызды екеніне де сенім білдірді».

«Батыс энергоресурсы» ЖШС бастауыш партия ұйымының төрайымы Светлана Мукиеваның айтуынша, еліміздің негізігі заңына өзгеріс енгізу жайы «Нұр Отан» партиясының Орал қалалық филиалына қарасты бастауыш партия ұйымдарында қызу талқыланған. Барлық 63 бастауыш ұйымда жиындар өтіп, жиынға қатысушылар аталмыш реформаны қолдайтындарын білдірген. Ал облыстық мәслихат депутаты, «Болашақ» корпоративтік қорының төрайымы Салтанат Тұманбаева конституциялық реформаларды ел жастары, соның ішінде батысқазақстандық жас ұрпақ та толығымен қуаттайтынын жеткізді. «Біз ел болудың, мемлекет құрудың ең қиын, ең жауапты белесінен абыроймен өттік, — деді Салтанат Асқарқызы. —  Тәуелсіздік тарихының екінші ширегіне аяқ бастық. Ендігі жерде Қазақстанымызды жас мемлекетке жатқыза алмаймыз. Жиырма бес белестен асқан, бүкіл әлем білетін елге айналған мемлекетке қандай талап қойылса да артығы жоқ. Өзгелердің жүз жылдап жүріп өткен жолын біз осы жиырма бес жылдың ішінде-ақ жүріп өте алдық, олармен терезе теңестіре алдық. Ендігі кезеңде әлемдік доданың қандайына да қорықпай кірісіп, қандай бәйгеге де қысылмай қосыла аламыз. Оған жаңа конституциялық реформалар да өз септігін тигізері анық».

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал өңірі»

Сауалнама

Бос уақытыңызда Сіз дене шынықтыру және спортпен айналысасыз ба?
Мекен-жай
Қазақстан Республикасы, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Достық-Дружбы, даңғылы, 179
Сайтты қолдау
IT Group Kazakhstan