Депутаттардың көңілінен шықты

Облысымызға іссапармен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Бақтықожа Ізмұхамбетов, Абай Тасболатов, Қанат Мусин және Павел Казанцев шаһардағы жаңадан салынып жатқан №4 мектептің құрылыс жұмыстарымен танысты.

Халық қалаулыларын мектеп құрылысымен «Альтаир» ЖШС директорының орынбасары Виктор Дорошенко таныстырды. Айта кетейік, Сергей Потиченко басқаратын аталған құрылыс компаниясы осыған дейін Орал қаласында жаңа Салтанат, оқушылар сарайларын, бірнеше мектеп пен балабақшалар салып үлгерген болатын. Компания қызметкерінің мәліметінше, мектеп құрылысының жобасы 941, 626 млн. теңгеге есептелген. Әзірге «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 605, 000 млн. теңге, жергілікті бюджеттен 95, 061 млн. теңге бөлінген. Апаттық жағдайда болған ескі мектепті наурыз айында бар жоғы 21 күн үшінде қиратып, сәуір айында жаңа құрылыс басталып кеткен. 300 оқушыға есептелген мектепте үлкен спорт алаңы, тіпті әскери дайындыққа арналған тир залы да салынуда. Әр сынып арнайы пәндерге арналған қажетті құралдармен жабдықталмақ. Сонымен қатар құрылысшы маман мектеп ішіндегі бөлмелердің көлемі кең болатынын айтты. Мәселен мектептің жалпы жер аумағы 1, 1877 гектар болса, ғимарат аумағы 8,6 мың шаршы метрді құрайды екен. Ескі мектеп бір ғана блоктан құралған болса, жаңасы үш блокқа бөлініп салынуда. Келісімшарт бойынша құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың сәуір айында басталып, 16 ай ішінде аяқталуы тиіс болған. Алайда Виктор  Тимофейевич аталған жобаны биыл қараша айында аяқтауды жоспарлап отыр. Төрт қабатты мектепте мүмкіндіктері шектеулі жандарға арналған 630 килограммға дейін жүк көтеретін «SL Elevator» маркасының лифті салынады. Ұлттық қор есебінен қаржыланып жатқан мектеп құрылысы жөнінде Мәжіліс депутаттары оң көзқарастарын білдірді.

–Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы алты басым бағыттың біреуі – білім. Ал білімнің мектеп қабырғасынан басталатыны анық. Биыл Батыс Қазақстан облысы бойынша сегіз жаңа мектептің құрылысы жоспарланған екен. Солардың бірін бүгін өз көзімізбен көріп тұрмыз. Оны салушы – Орал қаласындағы белгілі «Альтаир» компаниясы. Құрылыс басшысының орынбасарына бірқатар сауалдарымызды жаудырып, тұшымды жауаптар алдық. Ұлттық қордың қаражаты текке кетпегеніне қуаныштымыз. Аталған құрылыс компаниясы Орал қаласындағы үздіктердің үздігі екендігіне көзіміз жетті. Себебі бір жылдан аса уақытқа есептелген жобаны небары жарты жылдай уақытта аяқтау – жоғары кәсібиліктің белгісі. Құрылысты ерте аяқтап, кейін сапасы сын көтермей жатқан нысандарды білеміз. Алайда «Альтаир» компаниясы осыған дейін де бірнеше құрылыс нысандарын сапалы әрі уақытынан бұрын бітіріп жүр. Сонымен қатар құрылыс материалдарының 80 пайызы Орал қаласында өндіріледі екен. Ал құрылысқа жұмылған 120 қызметшінің барлығы да осы облыстың тұрғындары. Бұл – қазақстандық өнімді пайдалануда және жұмыссыздық деңгейін азайтуда айтарлықтай қолдау көрсетеді,- дейді Мәжіліс депутаты Павел Казанцев.

Айымгүл ЖОМАРТҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»

Сауалнама

Бос уақытыңызда Сіз дене шынықтыру және спортпен айналысасыз ба?
Мекен-жай
Қазақстан Республикасы, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Достық-Дружбы, даңғылы, 179
Сайтты қолдау
IT Group Kazakhstan