Ресейдің Елек, Сақмар өзендерінен су келеді деп күтілуде

Облыс басшысы Алтай Көлгіновтің төрағалығымен өткен облыс әкімдігі жанындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында көктемгі су тасқынының алдын алу жайы талқыланды.

Жиын барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министірлігі Су ресурстары комитеті «Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспи бассейндік инспекциясының басшысы Ғалидолла Азидуллин  аталған тақырыпта сөз қозғап, нақты деректерге тоқталып өтті.

-Бүгінгі таңда Жайық өзенініндегі су деңгейінің көтерілуі қалыпты жағдайда. Бүгінде судың келуі тәулігіне 14 сантиметрді құраса, ең шекті нормасы 80 сантиметр болды. Сонымен қатар облыс аумағындағы Деркөл, Шаған, Утва өзендеріне келетін судың ағымы бәсеңдей түсті. Қазіргі таңда Шаған су қоймасын жабу жағы қарастырылуда. Алдағы 4-5 күн шамасында Ақтөбе облысының Елек өзенінен су келеді деп күтілуде. Сонымен қатар Жайық өзенінің жоғарғы ағысында орналасқан Орынбор облысы арқылы өтетін Сақмар өзенінен де мол мөлшерде су келетін болады. Қазіргі мәліметтерге сүйенсек, Сақмар өзенінен 3,5-5,5 миллиард текше метр тасқын су келеді деп күтілуде. Бұл тасқын су біздің өңірге 20 сәуірден бастап айдың аяғына дейінгі мерзімде жетеді деп жоспарлануда. Оған дейін Елек өзенінен келетін ағыс саябырлайды деп болжап отырмыз. Дегенмен екі өзеннен құятын су бір мезетке тап болса, Жайық өзенінің су деңгейі тез көтерілуі мүмкін. Бұл өзеннің Орал қаласындағы деңгейі 700 сантиметр шамасында болады деп болжануда. Егер судың көлемі біздің болжамымызға сәйкес келетін болса, Жайық өзені бойында орналасқан саяжайларға суға кету қаупі төнеді. Сонымен қатар келетін судың көлемін ескерсек, Шаған өзені де арнасынан тасуы ғажап емес,- деді Ғалидолла Азидуллаұлы.

-Су инспекциясы мамандарының бүгінгі келтірілген деректеріне немқұрайлы қарауға болмайды. Бір жағынан Жайық пен Шаған өзеніне су көзі мол келіп, өзен суы мен арналары тазартылып, көлдіктерге су шыққаны қуанарлық жайт. Дейтұрғанмен біздің басты міндетіміз тұрғындар мен олардың мүліктерін шығынсыз, аман-сау алып қалуымыз керек. Негізі көктемгі су тасқыны кезінде Жайық өзені бойында орналасқан саяжайларда адамдар тұрмауы керек. Амалсыздан саяжайларда тұрақтаған халықты су тасқыны туралы уақытылы және қатаң ескертуіміз қажет. Тұрғындарды да қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырамыз. Егер қауіпті жағдай туындай қалса, тұрақтап қалған халықты мәжбүрлі тұрде көшіруіміз қажет. Сондықтан барлық жауапты органдарға күшейтілген жүйемен жұмыс жасауды тапсырамын,-деді жиынды қорытындылаған Алтай Көлгінов.

Нұрбек ОРАЗАЕВ

zhaikpress.kz

Сауалнама

Бос уақытыңызда Сіз дене шынықтыру және спортпен айналысасыз ба?
Мекен-жай
Қазақстан Республикасы, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Достық-Дружбы, даңғылы, 179
Сайтты қолдау
IT Group Kazakhstan