БҚО Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясы өтті.

1111111

Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясының ХХІ сессиясы өтті.

Облыс әкімі, БҚО ҚХА төрағасы Алтай Көлгіновтің төрағалық етуімен өткен ХХІ сессия отырысына Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Леонид Прокопенко де арнайы қатысты.

Алқалы жиын театр фойесіне орналастырылған өңірдегі этномәдени орталықтар мен қоғамдық бірлестіктердің көрмесін аралаудан бастау алды. Астанадан арнайы келген төраға орынбасары Леонид Прокопенко әрбір орталықтар мен бірлестіктердің жұмысымен жеке-жеке танысып өтті.

Сессия жұмысының күн тәртібіне Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқы ассамблеясының XXVI сессиясында берген тапсырмалардан туындайтын міндеттер және облыстық ассамблея мүшелерінің ротациясы туралы екі мәселе ұсынылды.
Облыс басшысы Елбасының Қазақстан халқы ассамблеясының ХХVI сессиясында сөйлеген сөзіне, жүктеген тапсырмаларына жеке-жеке тоқталып өтіп, осы бағыттағы біздің өңірде қолға алынып жатқан игі істер туралы баяндады.

-Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінде «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бастамасын бірінші кезекке шығаруы тегін емес. Мысал үшін, тек Орал қаласының өзінде жеке тұрғын үй салу мақсатында жер телімін алу үшін кезекте тұрғандардың саны бүгінде 71 мыңға жетті. Ал 24 мыңнан астам өңір тұрғындары пәтер кезегінде тұрған болса, оның 18 мыңы облыс орталығына тиесілі. Бүгіннің өзінде мыңдаған батысқазақстандықтар бес әлеуметтік бастамада айтылған «7-20-25» бағдарламасына қатысуға ниет білдірді. Бұл бағдарламаға осы жерде жұмыс жасайтын, бірақ баспанасы жоқ барлық тұрғын қатысуға құқылы. Осы бағдарламаның игілігі туралы тұрғындарға дұрыс түсінік беру, құрылыс компанияларына тұрғын үй салуға жағдай жасау және халықтың пәтерге қолжетімділігін арттыру - бүгінгі біздің басты міндетіміз.

Сонымен қатар Елбасы өз үндеуінде «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту» туралы да бастама көтерген болатын. Бұл да қарапайым халық үшін зор көмек болмақ. Аула сыпырушы, тазалықшы, еден жуушы, аспаз секілді жұмыстарды атқарып, аз жалақы алатындардың жалақыларын көтерудің бір жолы деп түсінуіміз керек. Біздің өңірдің 72 мың тұрғыны төменгі жалақы алатындар қатарында екен. Яғни, соншама адамның жалақылары аз да болса артары сөзсіз.

Елбасы өз үндеуінде «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» туралы да бірқатар тапсырмалар жүктеген болатын. Бүгінгі таңда өңірдегі жоғары оқу орындарында 30 мыңнан астам жастар білім алуда. Облыс бойынша төрт жоғары білім беретін оқу орындары мен 38 колледж жұмыс жасайды. Соларда білім алатын 1800-дей студент жатақханаға зәру. Олардың негізгісі - шалғай аудан-ауылдардан келген жастар. Осы бағытта өңір бойынша екі жоғары, бес орта білім беретін оқу орындарына барлығы жеті жатақхана салуға сұраныс беріп отырмыз. Оның алтауы Орал шаһарында, біреуі Ақсай қаласынан салынатын болады. Сонымен қатар 2018-2019 оқу жылында қосымша 20 мың грант бөлу, оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болатындығы Елбасы үндеуінде айтылған болатын. Бұл бастама да мектеп бітіретін жас түлектер үшін тегін білім алуға зор мүмкіндік болмақ.

Кәсіпкерлікке әрдайым қолдау көрсету, шағын несие беруді көбейту де - Елбасының басты тапсырмаларының бірі. Өткен жылы өңірімізге шағын несиелеу мақсатына 2 миллиард теңге бөлінген болса, ағымдағы жылы 4 миллиард теңге қарастырылып отыр. Бұл қаражаттың басым көпшілігін ауылдық жерлердегі өз жеке кәсібін ашқысы келетін немесе бастаған ісін дамытқысы келетін ағайынға бағыттауға ниеттіміз.

Елбасы бастамасының бесінші бағыты елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыруға бағытталғандығын білесіздер. Біздің өңір тұрғындары көгілдір отынның қадірін жақсы біледі. Қыс мезгілінде газ жоқ өңірлердің тұрғындарының көмір іздеп сандалып жүргендігін естіп, көріп отырсыздар. Облыс бойынша тек өткен жылдың өзінде 35 елді мекенге газ тартылды. Яғни, сол ауылдардағы 75 мыңға жуық тұрғын отын жағу машақатынан құтылды деген сөз. Ең шалғай орналасқан Бөкей ордасы ауданының өзінде 11 елді мекенге газ берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар биылғы жылы да жалғасын табуда.

Құрметті сессияға қатысушылар! Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмаларлың өңірде орындалуына қысқаша тоқталып өттім. Елбасымыз ҚХА сесиясында «Бес бастама елдің әл-ауқатын жақсартумен бірге, ұлтты ұйымдастыра түсірудің тағы бір қыры - әлеуметтік бірлікті нығайтуға бағытталған» деп атап көрсетті. Мұндай, өмірімізге түбегейлі өзгеріс әкелетін әлеуметтік бағдарлама бұрын болған жоқ. Енді мұны іске асыру, халықтың арасында оның мәні мен мазмұнын ұғынықты етіп түсіндіру, оған жұмылдыра білу - біздің басты мақсатымыз, - деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Сондай-ақ алқалы жиында сөз алған қоғам белсенділері мен эномәдени бірлестіктердің мүшелері күн тәртібіндегі мәселе төңірегіндегі өз ойларын ортаға салды.

-Биылғы жыл бөкейліктер үшін қуанышқа толы жыл болды. Елбасымыз өңірімізге сапары барысында Қазталов – Өнеге – Бисен – Сайқын бағыты бойынша тас жол төсеу жөнінде нақты тапсырма берді. Көп ұзамай арнайы құрылған комиссия келіп, күре жолдың жайын көріп кетті. Кез келген елді мекеннің гүлденуі мен дамуында сапалы жолдың алар орны ерекше. Жылдың көктем-күз мезгілінде жол азабын тартып келе жатқан бөкейліктер үшін сапалы жол арман болатын. Елбасының сарабдал саясатының арқасында енді, міне, бұл арманға да қол жеткізбекпіз, - деді сессияда сөз алған Бөкей ордасы Орда ауылдық округінің тарихи-мұражай кешенінің директоры Ғайса Махимов.

Сессияда Қазақстан халқы ассамбеясы төрағасының орынбасары Леонид Прокопенко сөз алып, Елбасының тапсырмаларына орай өңірдегі қолға алынған істерге оң баға беріп, облыс басшылығы мен ассамблея мүшелерінің бірлесіп атқарар істеріне береке тіледі.
Жиын соңында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша сессияның шешімі таныстырылып, қатысушылардың қолдауымен енгізілген өзгерістер бекітілді.
Татулық пен бірліктің бірегей моделін қалыптастыруда маңызды рөл атқарып отырған ассамблеяның кезекті сессиясының соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Сауалнама

Бос уақытыңызда Сіз дене шынықтыру және спортпен айналысасыз ба?
Мекен-жай
Қазақстан Республикасы, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Достық-Дружбы, даңғылы, 179
Сайтты қолдау
Cтудия «Web-Design.kz»