БҚО-да білім саласының үздіктері марапатталды

Облыс әкімдігінде Ұстаздар күніне арналған салтанатты шара өтті. Өңіріміздің ең үздік педагогтарын мерекемен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов білім саласында болып жатқан оң өзгерістерге тоқталды.

- Елбасы Н. Назарбаев бүгінгі Жолдауында келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажеттігін айтты. Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекеме қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға көмектесері сөзсіз. Ең негізгі қағида мұғалім мұғалімдікпен яғни, бала оқытумен айналысуы керек, - деп сөзін сабақтаған облыс әкімінің орынбасары танымал, ардагер ұстаз Мариям Абдушеваны ҚР Астана қаласының 20 жылдық мерекелік медалімен марапаттады.

Сондай-ақ, дәл осы күні білім саласында ерен еңбегімен танылған ұстаздар облыс әкімінің алғыс хатымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Олардың қатарында Ақжайық ауданы, Абай атындағы мектеп - гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Әсел Ерментаева, №8 облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Асан Заиров, Теректі ауданы, Шаған орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Елена Плотникова бар.

Ұстаздықтың биік шыңын бағындырған ардагер ұстаз Мариям Мамайқызы жас ұстаздарға «Ең бастысы адамнан жақсылықты аямаңдар! Өз жұмыстарыңды беріліп, сүйіспеншілікпен жасаңдар. Сонда істерің алға басады. Бақытты болыңдар!» деп ақ батасын берді.

Салтанатты шара Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрында Ұстаздар күні мерекесіне арналған «100 жаңа есім» атты мерекелік кешпен жалғасты. Мерекелік шарада бірқатар ұстаздарға ҚР Білім және ғылым министрлігінің наградалары, «Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпаздарына 2,4 млн. теңгенің сертификатын табысталды. Мерекелік шара соңы ұстаздар қауымына арналған концерттік бағдарламаға ұласты.

 

ФОТО: Темирболат Токмамбетов

Сауалнама

Бос уақытыңызда Сіз дене шынықтыру және спортпен айналысасыз ба?
Мекен-жай
Қазақстан Республикасы, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Достық-Дружбы, даңғылы, 179
Сайтты қолдау
Cтудия «Web-Design.kz»