Мерейлі отбасы анықталды

Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрында «Мерейлі отбасы – 2017» ұлттық байқауы облыстық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. Сайысқа қатысып, 26 шаңырақтың арасында топ жарған Чукиндер отбасына облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов бас жүлде - отандық "Сарыағаш" шипажайында  демалуға мүмкіндік беретін сертификат  тапсырды.

  - Елордамыз Астана күнімен тұспа-тұс келген көңілге қонымды мерекелік кеш құтты болсын! Мерекеге байланысты облысымызда көптеген мәдени іс-шаралар өтуде. Мәселен, бүгін Орал қаласында 162 пәтерлік көп қабатты үйдің кілті табысталды. Ол жерде де өздеріңіздей отбасылар қуанышқа кенелді. Сонымен қатар Бөрлі ауданының Ақсай қаласында 320 орындық балабақша ашылды. Облысымыздағы тұрғындар саны 641 мыңға жетті. Бір ғана жылдың ішінде 1217 отбасы шаңырақ көтерген және 6227 сәби жарық дүниеге көрінген. Бұл еліміздің өркендеп келе жатқанының айқын көрінісі. Ал бүгінгі сайысқа қатысушы жанұяларға ерекше алғыс білдіремін. Себебі сіздер өз туған ауылдарыңызда бірлігі мол отбасы ретінде үлгі-өнеге көрсетіп жүрсіздер,-деді Арман Кәрімұлы.

   Аталған конкурс Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен биыл төртінші рет ұйымдастырылды. Шараның мақсаты - өнегелі құндылықтарды жаңғырту, отбасы мен некенің жағымды үлгісін насиxаттау болып табылады. Облыс бойынша іріктеу кезеңіне 129 отбасы қатысып, соның ішіндегі 26 шаңырақ облыстық кезеңге өткен болатын. Сайысушылар "Еліне еңбегі сіңген отбасы", "Бірлік пен татулығын ұлықтаған отбасы", "Жас ұрпаққа үлгі етер отбасы", "Ұлттық тәрбиені ардақтаған отбасы", "Шежірелі отбасы", "Сегіз сырлы, бір қырлы", "Шеберлік сырын ұққан отбасы" сияқты аталымдармен марапатталды. Ал байқаудың ІІІ орнын Теректі ауданынан Қуанышқалиевтер отбасы иеленіп, оларға алғыс xат және ноутбук табысталды. Зеленов ауданынан Халеловтар отбасы ІІ орынды, Тасқала ауданынан Қойшыбаевтар отбасы І орынды жеңіп алды. Оларға кір жуғыш машина және теледидар табыс етілді. Жәнібек ауданынан келіп, бас жүлдені жеңіп алған Чукиндер жанұясының отағасы, марқұм Ғадел Чукин ауыл шаруашылық теxникумының ветеренария бөлімін аяқтап, өз мамандығы бойынша қызмет еткен. Кейін Ленин музыка мектебінде 13 жыл ән сабағының ұстазы болған. Отанасы Жаңылсын Есенқызы жалпы білім беретін Ұзынкөл орта мектебінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, орыс тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі болып 34 жылдан бері еңбек етіп келеді. Екі ұл, үш қызды тәрбиелеп өсірген Чукиндер отбасы 1993 жылы отбасылық ансамбль құрып, байқауларға қатысып, талай жүлделі орындар алған. Сондай-ақ олар мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, қайырымдылық ісімен айналысып келеді. Жеңімпаз жанұя өңіріміздің намысын республикалық деңгейде өтетін сайыста, Астана қаласында қорғамақ.

   - «Мерейлі отбасы – 2017» байқауына қатысып, бас жүлде алғанымыз үшін өте бақыттымыз. Шуақты шара болашақта да жалғасын таба берсін. Еліміздегі барлық отбасыларға қолдау көрсетіп жүрген Елбасымызға рақмет, -дейді байқаудың жеңімпазы Жаңылсын Чукина. Шарада өңірімізге танымал өнерпаздар әннен шашу шашып, мың бұралған би биледі.

Айым  ТӨЛЕУҒАЛИ

«Орал  өңірі»

zhaikpress.kz

Сауалнама

Бос уақытыңызда Сіз дене шынықтыру және спортпен айналысасыз ба?
Мекен-жай
Қазақстан Республикасы, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Достық-Дружбы, даңғылы, 179
Сайтты қолдау
IT Group Kazakhstan