Оралда жаңа тынымбақ пайдалануға берілмек

Орал қаласындағы Темір Масин көшесі бойында салынған жаңа тынымбақ жуырда қолданысқа берілмек. Аталған жобаны «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырған – «БККС» ЖШС бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Жасұлан Жақыпов.

Аумағы 540 шаршы метрді құрайтын жаңа саябақта балалар алаңқайы, орындықтар, жарықшамдар орнатылып, жаяу жүргіншілер жолы төселген. Кәсіпкер Жасұлан Жақыповтың мәлімдеуінше, демалыс алаңының бой көтеруі үшін 34 млн. теңге жұмсалып, мұндағы құрылыс-монтаждау жұмыстарын «Эркер» ЖШС жүргізген.

– Елбасы «Рухани жаңғыру» мақаласында «Патриотизм, ең алдымен, туған жерге, өз ауылына, қаласына, өңіріне және кіші Отанына деген сүйіспеншіліктен бастау алады» деген болатын. Осы сөзді алға тартып, қала тұрғындарының игілігіне саябақ салуды жөн көрдім. Демалыс алаңын келушілерге барынша ыңғайлы етуге тырыстық, – дейді Жасұлан Қабиболлаұлы.

Таза ауамен тыныстап, серуендеуге мүмкіндік туғызған оралдық кәсіпкердің жомарттығы қала тұрғындарын қуантты.

– Біз отбасымызбен Темір Масин көшесі арқылы жиі жүреміз. Өйткені үйіміз осы маңда орналасқан. Бұрын бұл жерде ескі саябақ болатын. Оның балалар ойнайтын ауласы болмады. Ал енді жаңа тынымбақ, әсіресе, жас аналар үшін өте қолайлы болды. Өйткені олар кішкентай бүлдіршіндерін су жаңа ойын алаңында ойнатып, өздері де тыныға алады. Ескірген орындықтар жаңаларымен алмастырылған екен. Жалпы бақтағы абаттандыру жұмыстары көз тартады. Саябақ Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжі маңында орналасқан. Демек, студенттер де бос уақыттарын осында келіп өткізе алады. Туған жеріне қайырымдылық жасаған азамат үшін іштей мақтанып қойдық. Осындай ел азаматтары көбейсін деп тілейміз, – дейді қала тұрғыны Фарида Сағынғалиева.

Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Орынбасар Бисенғалиевтің айтуынша, биыл демеушілер қаражатына үш тынымбақ салынған. Оның біреуі Еуразия даңғылы бойында, ал екіншісі Ет комбинаты ауданында бой көтерген болатын.

Айым ТӨЛЕУҒАЛИ,

zhaikpress.kz

 

Сауалнама

Бос уақытыңызда Сіз дене шынықтыру және спортпен айналысасыз ба?
Мекен-жай
Қазақстан Республикасы, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Достық-Дружбы, даңғылы, 179
Сайтты қолдау
Cтудия «Web-Design.kz»