Пайдасы зор кеңес

Зеленов  ауданында  мемлекеттік-жеке меншік  серіктестікті  дамыту  бойынша  кеңес  өтті. Жиынға  облыс әкімінің орынбасары  Бибігүл  Қонысбаева қатысты.

Аудан әкімінің орынбасары Амангелді Тоғызбаев төрағалық еткен жиынға облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Алтай Құлқаев, аталмыш басқарманың жергілікті бюджеттің кірістерін болжау және талдау бөлімінің басшысы Ғалым Жұбанышев, өңірлік даму және мониторинг бөлімінің басшысы Райса Еркеғалиева, облыстық қаржы басқармасы коммуналдық меншікті басқару бөлімінің басшысы Жеңіс Нығметуллин, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы әкімшілік бөлімінің бас маман-заңгері Ильдар Ғайнутдинов, облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің мемлекеттік сатып алу аудит бөлімінің басшысы Бақтияр Раджапов және ауыл әкімдері, есеп мамандары  және  басқалары  қатысты.

Басқосу барысында сөз алған облыс әкімінің орынбасары  Бибігүл  Қонысбаева:

– Бүгінгі іссапарымыздың басты мақсатына тоқталатын болсақ, біздер желілік кесте жасап, әр ауданға жұмыс бабымен шығуды жөн көрген едік.

Міне, сол жоспарымыз бойынша Зеленов ауданынан бастадық. Баршаңызға белгілі, 2018 жылдан бастап жаңа деңгейде бюджет құрылып, бюджеттік кодекс өзгеретін болады. Осы орайда егжейлі-тегжейлі түсіндіру, көмегімізді көрсету және жаңа деңгейде жасақталған бюджетке мамандарымыз әр кез  дайын болуы керек, – деді.

Одан әрі кеңесте жергілікті бюджетті, қаржылық жоспарды қалай жоспарлау қажеттігі, бюджеттің кірістерін болжау, талдау жөнінде әңгіме өрбіді. Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу хақында да біраз жайттар айтылды. Жалпы, қаржы ресурстарын басқарудағы бюджеттік жоспарлаудың рөлі өте зор, өйткені ол тек қана бюджеттің кірісі мен шығындарының жоспарын құруы және оларды атқаруы, яғни төлемдер бойынша міндеттемелерді тағайындау мен бюджеттік қаржыландыру көлемін анықтаумен  шектелмейді. Кеңеске қатысушылар осы тақырып төңірегінде өздерін толғандырып жүрген сауалдарын  жолдап,  мағлұмат  алды.

Айшабибі  МӘМЕТ,

Зеленов  ауданы

Теректі ауданының  Достық  үйінде  ірі  ауылдық  округтерде  төрт  деңгейлік бюджет  және  мемлекеттік  сатып  алулар  рәсімін  жүргізу тақырыбында  семинар-кеңес  өтті.

Оның жұмысына облыс  әкімінің  орынбасары Бибігүл Қонысбаева,  облыстық экономика және бюджеттік  жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары  Алтай Құлқаев, БҚО бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің  мемлекеттік  аудиторы Асылбек Арыстанов, облыстық мемлекеттік  сатып  алулар  басқармасының бас маман-заңгері Ильдар Ғайнутдинов, облыстық қаржы басқармасының коммуналдық меншікті басқару бөлімінің  басшысы  Жеңіс  Нығметуллин және  аудан  әкімі  Мұрат Мұқаев, оның  орынбасарлары қатысты. Ауылдық округ әкімдері  мен  бас  мамандар, аудандық  бөлім  басшылары  да  осы  жиынға  тартылды.

Семинар-кеңес барысында жергілікті басқарудың жеке меншігін басқару, дербес бюджеттерін жоспарлау және бекіту мәселелері бойынша әдістемелік көмек көрсетілді.

Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару концепциясын бекіту туралы» Жарлығына сай, Үкімет  2018 жылдың  1 қаңтарынан бастап  тұрғындарының саны 2000 адамнан астам ауылдық округтерде дербес бюджет енгізуді жоспарлап отыр.  Бұл санатқа Теректі ауданы бойынша Федоров, Подстепный, Ақжайық, Шаған, Ақсуат, Шағатай  ауылдық  округтері  жатады  екен.

Кеңес жұмысы аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында, дөңгелек үстел түрінде өз жалғасын тапты. Оны облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева жүргізіп отырды. Отырыста мемлекеттік сатып алу рәсімі мен мемлекеттік-жеке меншік серіктестік мәселелері қозғалды.

– Облыста бүгін МЖС бойынша балабақша құрылысын салу жөніндегі бес  жоба бар. Осындай жобалар сіздің ауданда да қолға алынуы әбден мүмкін. Өйткені сіздерде де балабақша қажеттігі күн тәртібінен түскен  жоқ, – деген Б. Қонысбаеваның айтуынша, облыста екі заңды тұлға осы мәселемен нақты айналысуда. Бірі – МЖС жобаларына қолдау көрсету бойынша заңды тұлға «Орал» АШКК ҰК АҚ. Екіншісі –  сараптама бойынша заңды тұлға «Алгоритм» технопаркі. Олар әрқайсысы өз саласында түскен  ұсыныстар негізінде жобаларды сараптап, дайындау жұмыстарын жүргізеді. Мемлекеттік-жеке меншік серіктестікті әр салада жүзеге асыруға болады. Мемлекет тарапынан қолдау да, серіктестік қаржыландыру түрінде  де  көмек  болады.

Аудан әкімі Мұрат Мұқаев өз сөзінде мемлекет балабақша салуды жеке кәсіпкерлерге беріп отырғанын айта келіп, аудан бойынша 400 бала мектепке дейінгі тәрбие беру мекемесіне кезекте тұрғанын жеткізді. Мемлекет бизнеске бұл істе көмек көрсетеді. Аудан бойынша ірі елді мекен – Подстепный ауылында осындай мемлекеттік-жеке меншік  серіктестігімен екі балабақша салу жобасы бар.

Дөңгелек үстелге қатысып отырғандар осы іске қатысты «Егер жеке үйді бейімдесе, мемлекет көмегі қандай болады? Сенімді басқару кезінде қандай талап қойылады? Серіктестік арқылы салынған балабақшаға бүлдіршіндерді кезектен тыс қабылдай беруге бола ма?» деген сұрақтарын қойды.

Аудан басшысы Мұрат Мұқаевтың айтуынша, ауданда мемлекет-жеке меншік серіктестігі әлі күш алып кете қойған жоқ.

Әлі де «бос сөрелер» бар. Дегенмен халық осы жобаның пайдалы екендігіне көзі жетісімен, іс ашуға талаптанушылар қатары күрт артады.

Бұдан әрі қаралған «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң талаптарының орындалуы туралы мәселе өте қызу талқыланды. Әсіресе, өз қызметін немқұрайлы атқарып, уақтылы шот есебін шығармайтын «Қазақтелеком» АҚ жұмысы сынға ілікті. Аудан аумағынан өтетін облыстық маңыздағы жолдар бойынша мердігерлер жөнінде де сын сөздер естіліп қалды.

БҚО бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің мемлекеттік аудиторы Асылбек Арыстанов, облыстық мемлекеттік сатып алулар басқармасының бас маман-заңгері Ильдар Ғайнутдинов  кездесу барысында  қойылған  сұрақтарға  жауап  берді.

Теректі ауданында өткен семинар-кеңес жайлы өз пікірін білдірген облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева:

 – Мен осы жерде шешімін күткен алты мәселе барын анықтадым. Осындай семинарларды біз барлық аудандарда өткіземіз. Сол отырыстардың қорытындысы бойынша түйткілді жерлерді анықтаймыз. Жүйелі қарауды қажет ететін мәселелерді жоғары тұрған министрліктер алдына жеткіземіз.

Өйткені қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге өзгеріс енгізуді солар атқарады. Енді жұмыс барысында шешілетін сұрақтардың шешімін табу үшін әдістемелік көмек көрсететін тиісті уәкілетті органдар  жұмыс  істейтін  болады.

Нұрзия  СИСЕНБАЕВА,

Теректі  ауданы

Сауалнама

Бос уақытыңызда Сіз дене шынықтыру және спортпен айналысасыз ба?
Мекен-жай
Қазақстан Республикасы, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Достық-Дружбы, даңғылы, 179
Сайтты қолдау
IT Group Kazakhstan