«Шынайылық және прагматизм – алдағы онжылдықтың ұраны»

Облыстық қазақ драма театрында БҚО Қазақстан халқы ассамблеясының ХХ сессиясы өтті. Сессия жұмысына облыс әкімі, БҚО Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы Алтай Көлгінов, мемлекеттік құрылым, этномәдени бірлестік, кәсіподақ, саяси партия, ҮЕҰ басшылары, мәслихат депутаттары қатысты.

Жиында негізгі баяндаманы өңір басшысы жасады. Баяндама ҚР Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Н.Назарбаевтың Ассамблеяның ХХV сессиясында қойған тапсырмаларынан туындайтын міндеттер турасында болды.
-Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық ХХV сессиясында Елбасы қоғамдық сананы жаңғырту үшін Ассамблеясының алдында тұрған нақты мақсат-міндеттерді белгілеп, басым бағыттарды айқындап берді. Нұрсұлтан Әбішұлы сессияда рухани жаңғыруға қатысты жаңа тапсырмалар жүктеді. «Жүйелі жаңғырудың мақсаттарына жауап бере алатын қоғамдық сана-сезім қалыптастыру керек. Бұл процеске мемлекет пен азаматтық қоғам, білім беру мен әлеуметтік сала, жеке бизнес пен масс-медиа, бәрі де тартылуы қажет» деп атап өтті Елбасы.
Біз Мемлекет басшысының осы тапсырмасына сәйкес, өңірімізде қайырымдылық бойынша үйлестіру кеңесін құрып, ізгілікті істер бойынша жұмыс жоспарын орындаудамыз. «Мейірімді көктем» қайырымдылық айлары акциясы тек көктеммен шектелмей, жыл бойы игі істер жалғасын таба береді деп айтқан болатынбыз. Қайырымдылық балы өткізіліп, аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетілсе, мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы арбалар сыйланды. Облыс бойынша «Мейірімді көктем» акциясы шеңберінде барлығы 43675 адамға 18,5 млн. теңге қайырымдылық көмек көрсетіліп және жергілікті бюджеттен бөлінген 119,3 млн. теңге ақшалай, заттай (тұрмыстық техника, сыйлық, азық-түлік) жәрдем берілді. Рухани және мәдени шаралар әлі де жалғасын табуда.
Сананы жаңғырту дегеніміз – мемлекеттің тағдырына бей-жай қарамайтын пайым-парасаты мол, бәсекеге қабілетті, тарихты сауатты саралау. Болашаққа барынша қам жасай білетін прагматикалық ойлау жүйесіне ие тұлғаны қалыптастыру. Бәсекеге қабілеттіліктің басты факторларының бірі - компьютерлік сауаттылық, шет тілін білу және мәдени ашықтық. Бүгінгі таңда облысымызда үштілділік бағдарламасы сәтті жүзеге асуда. Мектеп бағдарламасына сәйкес 1-11 сынып оқушылары, яғни 94 мыңнан астам шәкірт ағылышын тілін меңгеруде. Келесі жылдан бастап өңірімізде үш тілді оқыту бағдарламасы бойынша сыныптар ашылады.
Шынайылық және прагматизм – алдағы онжылдықтың ұраны. Яғни өткен тәсіл мен ұсынымдарды қайта қарау. Осындай ауқымды жұмысқа облыстық ассамблеяның этномәдени ресурсын, оның мәдени-ағартушылық жобаларын пайдалануға болады. Сондай жобалардың бірі – Этнос күні. Жыл сайын жүзеге асып келе жатқан бұл жоба өңіріміздегі этностардың салт-дәстүрлерін, мәдениеті мен тілдерін сақтап, дамытудың жарқын мысалы. Сол себепті аталмыш жобаның географиясын, идеялық құрамдас бөліктерін дамытуды ұсынамын.
Енді Елбасымен ұсынылған уақыт талабына сай келетін, қоғамдық сананы жаңғыртатын нақты жобаларға тоқталайын. Қазіргі уақытта біз облыстық ассамблея қатысуымен өтетін алты жоба бойынша іс-шаралар жоспарын бекітудеміз. Сол жоспар бойынша жұмыс комиссиялары құрылып, бастамашыл топтар жасақталуда.


Ассамблея жүзеге асырып жатқан ірі жобаның бірі - «Қазақстанның 100 жаңа есімі». Біздің бүгінгі міндетіміз – өңіріміздегі өмір жолы көпшілікке үлгі болатын, ерік-жігері жастарға талпыныс беретін жандардың құрамын жасақтау. Олардың өмір тарихы, табыстарының сыры БАҚ-та, әлеуметтік желілерде көрініс табатын болады. Сол себепті аудан, қала әкімдері аталмыш жобаны жүзеге асыруға облыстық ассамблеяға жан-жақты көмек пен қолдау көрсетуіңізді сұраймын.
«Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру барысында айналамыздағылардың өзгеруі үшін бірінші кезекте өзіміз өзгеруіміз қажеттілігін ескергеніміз жөн. Тәртіптілікке деген талпынысты өзімізден бастағанымыз дұрыс. Яғни ауламызды тазалап, күл-қоқысты жинап, ортақ қолданыстағы жерлерді таза ұстай білейік. Сөйтіп үйлеріміздің келбетін, тиісті аумақты, елді мекендерді белгіленген стандарттарға сәйкестендірейік. Осы жерде «Үздік елді мекен», «Үздік көше», «Үздік аула», «Үздік үй» сынды жобаларды қайта жаңғырту туралы ұсыныс айтқым келеді. Бұл тұрғындар арасында тазалық мәдениетін және туған жерге деген құрметті қалыптастырары анық. Мәселен, Зеленов ауданының Зеленое ауылында біраз жылдан бері «Через годы, через расстояния» деген тақырыпта жерлестер кездесуі өтіп келеді. Аудан, облыс, еліміздің, әлемнің түкпір-түкпірінде жүрген ауыл түлектері белгіленген мерзімде ауылға жиналып, ұйымдасқан түрде туған жерге көмектерін көрсетеді. Облыстық ассамблеяның тағы бір жобасы Қазақстаннан тыс жерде тұрып жатқан жерлестермен жұмысқа арналуы қажет. Аудан, қала әкімдері бір ай мерзім ішінде аталмыш жобалардың жүзеге асуына өз ұсыныстарын беруі тиіс,-деді Алтай Сейдірұлы.
Жиын барысында Елбасының бағдарламалық мақаласына қатысты облыстық қоғамдық келісім кеңесі төрағасының орынбасары В.Киянский, Бөрлі ауданындағы кәріс этномәдени бірлестігінің төрағасы В.Ан, Жаңақала аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, аудандық мәслихат хатшысы З.Сисенғали, еңбек ардагері, облыстық ассамблеяның аналар кеңесінің мүшесі Р.Көжекова, Қазталов аудандық мәслихатының депутаты, «Дархан» шаруа қожалығының жетекшісі Н.Жолдыбаев, БҚО бойынша азаматтық альянсының президенті А.Туркина өз ой-ұсыныстарын айтты.
Сессияда сондай-ақ облыстық ассамблеяның даму тұжырымдамасы мен ассамблея мүшелерінің ротациясы бекітілді.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ
zhaikpress.kz

Сауалнама

Бос уақытыңызда Сіз дене шынықтыру және спортпен айналысасыз ба?
Мекен-жай
Қазақстан Республикасы, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Достық-Дружбы, даңғылы, 179
Сайтты қолдау
IT Group Kazakhstan