«Таң» мен «Жайманы» Бостоннан көрдім

Ауыл шаруашылығы саласына көптеген жаңалықтар енуде.  Елбасының Жолдауында айтылғанындай,  ауыл шаруашылығы экономиканың драйвері болуға тиісті. Бұған толық мүмкіншілігіміз бар. Облысымызда мал шаруашылығы жылма-жыл дамып келеді.  Төрт түлік мал басы өсуде. Осы саланың дамуына үлес қосып келе жатқан өздеріңізсіздер. Өткен жылы ауа райының қолайлы болуына байланысты егіннен мол өнім алынды. Биыл да молшылық болады деген сенім бар, — деді кездесуді ашқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов.

Серік Егізбаев Елбасы Жолдауының басты басымдықтарына кеңінен тоқталып, мемлекеттік қызметкерлердің маңызды құжатты алдымен өздері оқып, түсініп, айналасындағы адамдарға егжей-тегжейлі түсіндіруге міндетті екендігін еске салды. «Елбасымыз Жолдауында «Бұл жаңғыру – қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа, «Қазақстан – 2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ. Ол Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» базасында өткізіледі», – делінген. Жолдаудың алғашқы бағытында экономика салаларын жаппай цифрлық  модельге көшіру және соған орай Елбасы Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» деген  бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Маңызды құжатта өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, көлік, логистика, құрылыс секторы мен басқа да салалардағы еңбек өнімділігін арттыруға баса мән берілген», – деді С. Егізбаев.

Оның айтуынша, Қазақстан – аграрлық ел, сондықтан Елбасы «аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керектігін» Жолдаудың 4-бөлімінде көрсеткен. Бұл ретте АШМ алдына бірқатар міндеттер қойылған және ол міндеттер «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында іске асырылмақ.

– Әзілдеп айтатын болсақ, ауыл шаруашылығы саласының басты түйткілі – қыс, көктем, жаз, күз. Бірақ әзілдің астарында шындық  жатыр. Өйткені ауыл шаруашылығы жұмыстары ауа райына, табиғатқа тікелей байланысты. Озық 30 елдің тәжірибесі көрсеткеніндей, жоғары агротехнологиялар, ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізу мәдениеті, инновацияларды қолдану әлгіндей табиғи факторлардың әсерін төмендетуге мүмкіндік береді, – деді Серік Рахметоллаұлы. Оның айтуынша, Елбасы ауыл шаруашылығын әртараптандыруды, 2021 жылға қарай азық-түлік тауары экспортын 40%-ға көбейтуді тапсырды. Еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің бәсекеге қабілетті, сапалы азықтүлік өнімдері өндірісін ұлғайту арқылы елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ету міндеті қойылған. – Еуропалық стандарттармен үйлестірілген Қытайдың стандарттарының талаптары өте қатаң. Біздің зертханада бір өнім төрт көрсеткіш бойынша, қытайлықтарда 17 көрсеткіш бойынша зерттеледі. Сондықтан бұл бағытта да жұмыс істеуіміз керек. Еліміз ДСҰ-ға мүшелікке өтер кезде, 20 млрд. теңгеге 126 зертхана салдық. Оның 11-і – облыстық, өзгесі аудандық. Солардың жүктемесіз тұрғаны, бұрынғы кездердегідей тек серологиялық зерттеу жүргізетіні ойлантады. Мал азығына зерттеу жасалмайды.

Кәсіпкерлер ондай зерттеу жұмыстары үшін Барнаулға, Новосибирскіге, Орынборға барады. Ендеше, ондай зертханаларды неменеге салдық? Осының барлығы біздің бәсекеге қабілеттілігімізге келіп тіреледі, – деді вице-министр.

Басқосуда кәсіпкер Валерий Голоухин Қазақстанды «Джон Дир» техникасымен жабдықтаушы «Евразия» фирмасының сервистік қызметінің тек адам күшімен атқарылатындығын, заманауи технологиясының жоқтығын, қосалқы бөлшектерді ұзақ  күтуге тура келетіндігін баян етті. Бұл фирма техниканы мемлекеттің көмегімен өткізеді. Ал кәсіпкер Темірғали Ескендіров ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу жобаларына берілетін екінші деңгейдегі банктердің несиелік қаражаттарының мерзімінің қысқалығын айтып, жаңа технологиялы жобаларға қажетті мамандардың жоқтығын, соған орай сырттан шақырылатын мамандарға жұмсалатын шығынды мемлекет тарапынан өтеу мәселесін көтерді. Ал Қатауолла Ашығалиев Жәңгір хан атындағы агротехникалық университет жанындағы аккредиттелген дайын зертхананы өңірлік етіп ашуды ұсынды. Сонымен қатар мемлекеттік бюджеттен бөлінетін несиелік қаржының қарыз алушыға делдалсыз беру тетігін іске  асыру  қажеттігін  айтты.

*  *  *

Түстен кейін ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Серік Егізбаев пен облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов республикалық ветеринариялық зертхананың өңіріміздегі филиалы қызметкерлерімен  кездесті.

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы халыққа арнаған  Жолдауын түсіндіру, насихаттау мақсатында бірнеше топтар құрылып, еліміздің барлық өңірлеріне шықты. Өзімнің қызметіме тікелей қатысты болғандықтан, сіздің ұжыммен кездесуді жөн санадым. Сіздердің ойларыңызды тыңдап, ұсыныс-пікірлеріңізді білу де — біз үшін маңызды. Президенттің Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын одан әрі дамытудың айқын жолдары көрсетілген. Елді мекендердегі мал өсірумен айналысатын шаруалардың басын біріктіріп, ұжымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Ет және сүт өнімдерін өндіретін шаруаларға өз тауарларын өткізгені үшін жеңіл пайызбен несие беріп, демеуқаржы төленбек. Бұл жерде айта кету керек, өнімнің басым бөлігін сол ауылдық жердегі шаруалар өндіреді. 20 пайызын ірі қожалықтар өндірсе, қалған 80 пайызы ұсақ шаруалардың өнімі. Ал демеуқаржы тек ірі қожалықтарға ғана төленеді. Осы жүйені түбегейлі өзгертудің түрлі жолдары қарастырылып жатыр. Ауыл шаруашылығын дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған жаңа бағдарламасы іске қосылуда. Елбасымыз халық тұтынатын тауарлардың өз жерімізде өндірілуін де қатаң бақылауда ұстауда. Дүкен сөрелерінде «Қазақстанда жасалған» деген атаумен өзіміздің сапалы әрі құнарлы тауарларымыз жайнап тұрса, тамаша емес пе? Мысал ретінде айтайын, осыдан бірер жыл бұрын Американың Бостон қаласында болдым. Бір азық-түлік дүкеніне кірсем, өзімізден өндірілетін «Таң» сусыны мен «Жайма» саттықта тұр. Соны көргенде қуанышымда шек болмады. Міне, біздің әр тауарымыз брендке айналуы тиіс. Ал дастарқанымызға келген әр өнімнің сапасына бақылау жасайтын өздеріңіз. Сондықтан сіздердің жұмыстарыңызға табыс тілеймін, – деді Серік Рахметоллаұлы.

Елбасы Жолдауын талқылауға арналған басқосуда ветеринария саласының қызметкерлері өз ұсыныс-пікірлерін айтып, көкейдегі сауалдарына  жауап  алды.

Сауалнама

Бос уақытыңызда Сіз дене шынықтыру және спортпен айналысасыз ба?
Мекен-жай
Қазақстан Республикасы, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Достық-Дружбы, даңғылы, 179
Сайтты қолдау
IT Group Kazakhstan