БІР БӨЛМЕЛІ ПӘТЕРДІҢ БАҒАСЫ – 5 639 200 ТЕҢГЕ

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ БҚОФ директорының м.а. Айгүл Абуғалиқызы Наурзалиеваның қатысуымен «Нұрлы жер» бағдарламасы қолжетімді бола түсті» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті. 

 «Нұрлы жер» бағдарламасына енгізілетін өзгерістер бекітіліп, енді, жаңа ережеге сәйкес, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) салымшыларына жылдық мөлшерлемесі 5% болатын жеңілдетілген заем алу үшін шоттарына үй бағасының 20%-на тең бастапқы жарна жинау жеткілікті. Айталық, бұған дейін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында берілетін несиенің бастапқы жарнасы үй құнының 30%-ын құраған.

- «Нұрлы жер» бағдарламасы халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын қолдауға бағытталған. Азаматтардың бұл санатына бастапқы жарна жинау оңай емес. Бұл жақсы жаңалық болып отыр. «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, бекітілді. Нәтижесінде үйге деп ақша жинау жеңілдей түсті. Мысалы, біздің аймақта мемлекеттік бағдарламаға қатысу үшін шотқа 1,1 млн теңге көлеміндегі сома жинау жеткілікті, - деді Айгүл Абуғалиқызы.

Қазіргі уақытта Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына мемлекеттік бағдарлама аясында бой көтерген Зашаған кентіндегі жаңа дамып келе жатқан «Көктем» атты ықшамауданнан тұрғын үй ұсынуға әзір. Мұндағы пәтерлердің 1 шаршы метрінің бағасы 131 000-140 000 теңге аралығында. Қазір 210 пәтерге өтініш қабылданып жатыр.

Бір бөлмелі пәтердің бағасы 5 639 200 теңгені құрайды, сәйкесінше бастапқы жарна кемінде 1 127 840 теңге болуы керек. Несие бойынша ай сайынғы төлем алғашқы 8 жыл ішінде 41 120 теңгеге тең, кейін ол 26 168 теңгеге дейін төмендейді, оны клиенттер тағы 11 жыл бойы өтеп отырады. Барлығы алдағы 2 жыл ішінде  «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі клиенттері үшін 1 903 пәтерден тұратын 13 үй салынып, пайдалануға беріледі. Бұл өткен жылдарға қарағанда екі есе көп ,-дейді  «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ директорының міндетін атқарушы Айгүл Наурызғалиева.

Банк клиенттеріне арналған тағы бір өзекті жаңалық – «Өз үйім» бағдарламасына қатысушылар үшін жылдық мөлшерлеменің 7%-ға дейін төмендеуі. Бұдан бөлек, банк салымшыларын қолжетімді шаршы метрлермен қамтамасыз ету үшін «Өз үйім» бағдарламасы аясында ең төменгі бастапқы жарна 20%-ға дейін төмендетілді.

«Өз үйімнің» артықшылығы – бағдарлама аясында сатылатын үйлердің бағасының нарықтан төмен болуы. Сондай-ақ қатысушылардың меншігінде жылжымайтын мүліктің бар-жоқтығына банк қарамайды.

Айта кетейік, «Нұрлы жер» және «Өз үйім» бағдарламаларының аясындағы барлық жаңа нысандар туралы ақпарат baspana.kz порталында жарияланады. Мұнда үйден үміткер өтініш қабылданып жатқан-жатпағанын біліп, ұнатқан пәтерді таңдап, үй сатып алушылар пулына қатысу үшін өтініш бере алады.

Сауалнама

Бос уақытыңызда Сіз дене шынықтыру және спортпен айналысасыз ба?
Мекен-жай
Қазақстан Республикасы, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Достық-Дружбы, даңғылы, 179
Сайтты қолдау
Cтудия «Web-Design.kz»