Облыс әкімінiң жұмыс сапары Жәнібек ауданында жалғасты.

111111111111111

Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің Жәнібек ауданына жұмыс сапары Ақоба ауылдық округінің аумағында орналасқан Әбділман және Соркөл жайылмаларының жұмысымен танысудан басталды.
Жобалық құны 393853 мың теңге құраған бұл нысандарды өткен жылы «УральскСтройИнвест» ЖШС талапқа сай жөндедi. Құрылыс жұмыстарының барысында аталмыш жайылмалардың жағалаулары кеңейтіліп, плиталар төселіп, дамбалар жасалды. Сондай-ақ каналдар тазартылып, су ағызу құрылғылары қондырылды. Қазіргі уақытта гидроқұрылымдарды қалпына келтіру жұмыстары арқасында биылғы түскен қардың суы мол жиналды.

Жайылмалы суару Ақоба ауылдық округі бойынша 1370, Борсы ауылдық округі бойынша 500, барлығы 1870 гектар жерді құрап отыр. Төрт су жіберу құрылғысының біреуі Әбдіраманда, үшеуі Соркөлде орнатылған.

– Жайылмалы суарудың жалпы көлемі 1870 гектарды құрайды. Биылғы жиналған су көлемі жеткілікті. Алдағы уақытта қар мол түсіп, жауын-шашын болып тұрса, мұнда 2-6 млн текше метрге дейін су жиналатын болады, - деді құрылысты жүргізген «УральскСтройИнвест» ЖШС-ның директоры Алексей Безьянов.

«Әлем» шаруа қожалығының жетекшісі, облыстық мәслихаттың депутаты Ескендір Елемесовтің айтуынша, жайылмалы суару Ақоба, Борсы, көршілес Қазталов ауданының Қошанкөл, Қараоба ауылдарының аумақтарын қамтуға мүмкіндік береді. Өңір басшысы бұл жұмысқа бастамашы болған Ескендір Қапарұлы екендігін айтып, оған болашақта осы маңнан бау-бақша салу мүмкіндігін қарастыру жөніндегі ұсынысын жеткізді.

Ауданға сапар барысында облыс әкімі «Әлем» шаруа қожалығының «Беркәлі» қыстағында болып, малды қолдан ұрықтандыру пунктінің жұмысымен танысты.

Сонымен қатар, облыс әкiмi Ақоба ауылында аудан, ауыл ақсақалдарымен кездесті. Ауылдың тұрғыны Мұрат Мұхамбетқалиев ауылда ауыз су құбырының құрылысы жүріп жатқанын, ұялы байланыс жүйесінің іске қосылғанын, спортзал салынғанын айтып, ауыл халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларының біртіндеп шешімін тауып жатқанын зор ризашылықпен жеткіздi.

–Елбасының берген тапсырмасына орай келер жылдан бастап, Қазталов, Жәнібек, Бөкей Ордасы бағытындағы күре жолға асфальт төсеу жұмыстары басталатын болады. Елбасының бес әлеуметтік бастамасына байланысты кәсіпкерлікті қаржыландыру екі есе өсіп, төрт млрд.теңгені құрады. Осыған орай өз кәсібін ашамын деген адамға барлық жағдай жасалуда. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдаланып, тек ерінбей еңбек ету керек. Мал шаруашылығын одан әрі дамытып, ірі қараны бір миллион басқа жеткізуіміз қажет. Атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы тәуелсіздігіміздің, елдегі тыныштықтың арқасы,-деді облыс әкiмi.

Осы арада аудан әкімі Азамат Сафималиев ауданға тартылған инвестиция, мал шаруашылығы, елді мекендерді газдандыру, сондай-ақ, басқа да өзекті мәселелер жөнінде облыс басшысын хабардар етті.

Жұмыс сапары аясында өңір басшысы ауыз су құбыры құрылысының жұмыс барысымен танысып, құрылысы былтыр пайдалануға берілген Х.Халиуллин атындағы мектеп жанындағы спорт залда, күрделі жөндеу жұмысы жүріп жатқан фельдшерлік-акушерлік пунктте болып, жұмыстың жай-күйiн бiлдi.

Үстіміздегі жылы Жәнібек ауданының орталығында 80 тұрғын үй салынып, пайдалануға берілмек. Осы орайда облыс басшысы аудан орталығында 40 тұрғын үй құрылысымен танысты. Мұнда облыс әкіміне мердiгер, «Қазқұрылыссервис» ЖШС директоры Айдарбек Сейітмұратов құрылыс нысанда 50 шақты арнайы техника және 100-ден астам адам жұмыс істейтiнiн, соның iшiнде үй құрылысына жергілікті жерден де адамдар тартылғанын жеткiздi.

–Бір пәтердің ауданы 71 шаршы метр болса, бір үйдің ауданы 190 шаршы метр, құрылыс құны 301 миллион теңге. Тұрғын үйлердің құрылысын Астананың 20 жылдық мерекесінде, яғни, 6 шілде күні бітіреміз деп тырысып жатырмыз,-деді серіктестік директоры.

-Үйдің айналасына қоршау тұрғызыңыздар. Осында қоныстанатын тұрғындар тал-терек отырғызса, жанға жайлы көлеңкелі сая болып, өздеріне қолайлы жағдай жасайды, -деген облыс әкімі құрылысшыларға үйлерді сапалы аяқтауды нықтап тапсырды.

Аудан орталығындағы құрылысы бітуге таяу қалған теміржолдың арғы бетіндегі 40 үйдің құрылысы биыл шілдеде аяқталады. Жаңадан салынып, пайдалануға берілетін тұрғын үйді қарап шыққан облыс басшысы үйлерді сапалы бітіру, айналасын қоршау мен тал егу мәселесін қадап айтып, құрылысшылардың жұмысына сәттілік тіледі.

Содан кейін облыс әкiмi көршілес Ресейге баратын Жәнібектегі шекаралық өткізу пунктіне барды. Шекаралық бекетке келгесін шекара басшыларымен сөйлесіп, олардан өткізу пунктінен күніне 40-50 түрлі жүк тасымалдаушы, 200-250 жеңіл автокөліктер өтетінін, ал қатқыл жол төселген жағдайда оның саны бұдан да көбейе түсетінін анықтап білді.
Өңір басшысы шекара басшыларына алдағы уақытта Ресейдің өткізу пунктіне дейін қатқыл табанды жол салынатынын айтып, 8 жолақты көлік ағынын реттеуіш құрылғылар орнатқан жағдайда шекара пунктінің айналасын кеңейту жайындағы ұсынысын білдірді.

Сауалнама

Бос уақытыңызда Сіз дене шынықтыру және спортпен айналысасыз ба?
Мекен-жай
Қазақстан Республикасы, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Достық-Дружбы, даңғылы, 179
Сайтты қолдау
Cтудия «Web-Design.kz»