БҚО-да онлайн сауалнамаға қатысқан халықтың 15 пайызы жол жөндеуді сұраған

Бұл жайлы БҚО әкімі Алтай Көлгінов халық алдындағы есеп беру кездесуінде айтты. Дәл қазір Оралдағы Оқушылар және жастар сарайында облыс әкімі тұрғындар алдында есеп беруде.

«Он екі ауданның әкімі халық алдында есеп берді. Барлық аудан халқының мәселелерін тыңдадық. Ресми сайтымызда және жергілікті БАҚ арқылы онлайн сауалнама жүргіздік. Онлайн сауалнамаға облыстың мыңдаған белсенді тұрғыны қатысты. Дауыс берушілердің 15 пайызы жол жөндеуді, 12 пайызы өңірдегі медициналық қызмет көрсетуді дамыту, 8 пайызы жұмыссыздықпен күресуді алға тартса, 8 пайызы тұрғын үй құрылысы қарқынын төмендетпеуді сұраған. Ауыз су, газбен қамту, абаттандыру, қоғамдық тәртіпті күшейтуді талап еткен тұрғындар да бар. Барлық тұрғынның ұсынысын ескеретін боламыз» деді облыс әкімі.

Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес атқарылған жұмыстар мен алда тұрған басты мақсат-міндеттерге тоқталған облыс басшысының айтуынша, Батыс Қазақстан жол жөнінен еліміз бойынша ең артта қалған өңір болып саналады. Бұл бағытта соңғы жылдары жол құрылысына айрықша көңіл бөлініп келеді. 2014 жылы облыста 160 км жол ретке келтірілсе, 2016 жылы ол 290 шақырымға жетті. Ал өткен жылы 500 км жол жөндеу қолға алынып, соның 420 шақырымында аяқталды. Мұндай жұмыстар облыстың тоғыз ауданында жүргізілді. Облыс орталығынан шалғай орналасқандықтан ғана, Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандары әзірге бұдан тыс қалды. Биыл бұл аудандарда да жолдар жөнделетін болады. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Орал-Тасқала-РФ шекарасы күре жолының 70 шақырымы пайдалануға берілсе, биыл бұл жоба толықтай аяқталады. Сондай-ақ облыстық маңызы бар 128,5 шақырым жол ретке келтірілді. Облыс орталығы Орал қаласында өткен жылы 67 көшенің жолы жөнделіп, соның 61-інде жұмыс мәреге жетті. Егер 2016 жылы Оралда жол құрылысына 2,4 млрд теңге бөлінсе, өткен жылы 8,1 млрд теңгеге жетті. Депо көпірі құрылысына бөлінген қаржыны қосқанда, 10 млрд теңгеден асты.

Нұрлыбек Рахман

Суретке түсірген Темірболат Тоқмамбетов

zhaikpress.kz

Сауалнама

Бос уақытыңызда Сіз дене шынықтыру және спортпен айналысасыз ба?
Мекен-жай
Қазақстан Республикасы, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Достық-Дружбы, даңғылы, 179
Сайтты қолдау
Cтудия «Web-Design.kz»