«БҚО-да республика көлемінде теңдесі жоқ музей ашылады»

Бұл жайлы Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаев бүгін «Көкейімде бар әлем» - «От рукоделия к бизнесу» атты қолөнер шеберлері көрмесінің ашылуында айтты.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғырау» мақаласы аясында «Ел іші – өнер кеніші» жобасы шеңберінде ұйымдастырылған бұл шара жеке коллекционерлер мен қолөнер шеберлерінің туындыларын облыс қонақтары мен тұрғындарының назарына ұсынуды мақсат етті.

-Өңірге танымал ісмер жандар бар. Үйлерінде отырып қолөнермен айналысатын да қолөнер шеберлері бар. Көрме арқылы осындай талантты жандардың еңбегін таныстырғымыз келді. Осы талғаммен жасалған дүниелеріңізді келешек ұрпақ көрсін десеңіз, осы музейде сақталғанын қаласаңыз, бір бұйымды музейге тапсыруға болады. Бұл, біріншіден, музей қорының көбеюіне септігін тигізсе, екіншіден, өздеріңіздің дүниелеріңізді халыққа танытасыздар. Тәуелсіздік күніне орай республика көлемінде теңдесі жоқ Рухани музей ашқалы жатырмыз. Қазір музей жасақталуда. Аталған музейге осы көрмеден үздік туындыларды қоюға болады, - деді музей директоры Мирболат Ерсаев.

Көрмеге шеберлердің әртүрлі материалдардан дайындалған бұйымдары, құрақ көрпелер, киімдер мен аяқ киімдер секілді тағы басқа туындылары қойылды. Ісмер жандардың қолынан шыққан әр зат өзіндік әсемдігімен, ерекшелігімен көз тартады. Мәселен, Зеленов ауданының Переметное ауылынан келген Бадиғажамал Мусиева көрмеге тоқылған жеңіл әрі әдемі аяқ киімдер, сөмкелер мен киімдер әкелген.

«Менің «Тұрман» атты жеке кәсіпкерлігім бар. Тоқуға қажетті бұйымдарды Ресей мен Германиядан алдырамын. Киім мен аяқ киімді табиғи

материалдардан тігемін. Жуып алып, кие беруге ыңғайлы. Тапсырыс қабылдаймын. Әсіресе ер адамдардың бәтеңкелеріне сұраныс көп», - дейді Бадиғажамал Хабдрашитқызы. Сонымен қатар Үлкен Шаған мектебінің технология пәні мұғалімі әрі тәрбие жұмысы орталығында жұмыс жасайтын Миргүл Меңдіханқызының қолынан шыққан ұлттық бұйымдар да ерекше көз тартады. Көрмені Жаһанша Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінің студенттері арнайы келіп тамашалады. Осы білім ордасының жоғары санатты оқытушысы Нұрлан Хамзин бұл шара қолөнершілердің өнерін, туындылары мен кәсіпкерлігін танытуға үлкен сеп болады деп атап өтті.

Айта кету керек, бұл рухани жаңғыруға үндейтін көрмеге колледжде технология, бейнелеу және сызу мамандығында оқитын студенттердің де туындылары қойылды. Студенттерге әр шебердің қолынан шыққан туынды жеке-жеке таныстырылып, ұлттық өнердің мәні мен мазмұнын ашқан ақпараттар айтылды. Ал ісмер жандар студенттерге ұлттық өнерді шетелге таныту қажет деді.

Бұл көрмені облыстық музейден желтоқсан айының 22-іне дейін тамашалауға болады. «Ел іші – өнер кеніші» жобасы да желтоқсан аяғында қорытындыланады.

Сауалнама

Бос уақытыңызда Сіз дене шынықтыру және спортпен айналысасыз ба?
Мекен-жай
Қазақстан Республикасы, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Достық-Дружбы, даңғылы, 179
Сайтты қолдау
IT Group Kazakhstan