Жеті жаңа мектеп бой көтермек

Сейсенбі күні өңір басшысы Алтай Көлгінов облыс орталығында бой көтеретін қалалық №4 орта мектеп пен Гагарин көшесінен салынатын тоғыз қабатты тұрғын үйде болып, құрылыс  жұмыстарының барысымен танысты.

Айта кетейік, салынғанына 50 жылдай уақыт болған қаладағы №4 жалпы орта білім беретін мектеп апатты жағдайда болатын. Бүгінде мектеп оқушылары №26 мектепке көшіріліп, екі ауысымда оқып, білім алуда. Биылғы жылы 300 оқушыға есептелген үш қабатты мектеп толықтай бұзылып, орнына сондай көлемдегі төрт қабатты заманауи жаңа мектеп салынатын болады. Білім ошағының құрылысына республикалық бюджеттен 950 миллион теңге қарастырылған. Құрылысты мойнына алған мердігер компания бүгінде ескі ғимаратты бұзу жұмыстарын жүргізуде. Мектептің құрылысы жыл жарым уақытқа есептелген.

– Мектепті қайта салу мақсатында бұза бастағанымызда оның толықтай тозығы жеткеніне, мүлдем жөндеуге келмейтініне көз жеткіздік. Құлағалы тұрған мектептен оқушылар уақтылы көшірілген екен. 300 орындық жаңа мектептің жобасы осы аумаққа есептеліп жасалған. Сонымен қатар инженерлік желілер жаңартылып, мектеп маңы абаттандырылатын болады. Көлік тұрағын салу да жоспарда бар. Бүгінде көне ғимаратты бұзу жұмыстарына сегіз техника мен қырық шақты адам жұмылдырылды. Құрылыс толыққанды басталғанда 100-ден астам адамды жұмыспен қамтитын боламыз. Ғимарат «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынып жатқандықтан, еңбек биржасынан да жұмысшылар аламыз. Құрылысты тәмамдауға 18 ай берілген. Егер де жұмысымыз жақсы жүріп жатса, осы жылдың желтоқсан айында құрылыс жұмыстарын аяқтап, пайдалануға береміз, – дейді «Алтаир» құрылыс компаниясының жетекшісі Сергей Потиченко.

Сондай-ақ Гагарин көшесі бойындағы сонау өткен ғасырдың елуінші жылдары салынған, бүгінде апатты жағдайдағы екі қабатты, 12 пәтерлі тұрғын үйдің орнына  тоғыз қабатты, 126 пәтерлі жаңа тұрғын үй бой көтермек. Бүгінде ескі үйдің тұрғындары толықтай көшіріліп, үйді бұзу жұмыстары  жүргізілуде.

Құрылыс жұмыстарының барысымен танысқан өңір басшысы мердігер компания басшыларына сапаны қатаң бақылауға алуды және құрылысқа өңірімізде өндірілетін материалдарды барынша пайдалануды тапсырды. Сонымен қатар облыс әкімі ауа райының жылы мезгілін тиімді пайдаланып, уақытпен санаспай жұмыс істеп, құрылыс жұмыстарын уақтылы аяқтау керектігін де айтты.

– Қаладағы №4 мектепті алғашында күрделі жөндеуден өткізуді жоспарлаған болатынбыз. Кейін оның апатты жағдайда екені, жөндеуге мүлдем келмейтіні белгілі болды. Сондықтан орнына жаңа мектеп саламыз деп шештік. 300 оқушыға есептелген жаңа мектеп заманауи үлгімен салынбақ. Оның ішінде асханасы, спорт және ойын алаңдары болады. Биылғы жылы өңірімізде жалпы саны жеті мектеп салынбақ. Оның төртеуі Орал қаласында болса, қалған үшеуі Қазталов, Зеленов, Бөрлі аудандарында бой көтермек. Олардың құрылысына республикалық және жергілікті бюджет есебінен «Қарашығанақ» компаниясынан барлығы сегіз миллиардқа жуық қаражат бөлінді. Сонымен қатар мемлекеттік жеке серіктестік арқылы жергілікті құрылыс компанияларымен бірлесіп, апатты жағдайдағы үйлерді бұзып, орнына көп қабатты жаңа үйлер салып жатырмыз. Құрылыс компаниялары салған көп қабатты тұрғын үй алдымен бұзылған үйдің пәтер иелеріне берілетін болады. Ал қалған пәтерлерді мердігер компания өздері қала тұрғындарына сатып, құрылысқа жұмсаған қаражатын қайтарып, пайда табатын болады. Инженерлік желілерді тарту мен абаттандыру жұмыстарын біз мойнымызға аламыз. Өткен жылды қоса есептегенде, осындай он үйдің орнына жаңа үйлер бой көтеруде. Жалпы, облыс орталығында апатты жағдайдағы 41 тұрғын үй бар. Алдағы үш жыл ішінде кезең-кезеңімен сол үйлерді жаңалаймыз деп жоспарладық, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Аталған көп қабатты тұрғын үй құрылысын «Караванный путь» ЖШС жүргізуде. Тоғыз қабатты тұрғын үйдің жобалық құны 1 миллиард 200 миллион теңге. Мердігер компания жетекшілерінің айтуынша, құрылыс жұмыстары келер жылы аяқталып, тұрғын үй пайдалануға берілмек.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

Суреттерді  түсірген  Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ

Сауалнама

Бос уақытыңызда Сіз дене шынықтыру және спортпен айналысасыз ба?
Мекен-жай
Қазақстан Республикасы, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Достық-Дружбы, даңғылы, 179
Сайтты қолдау
IT Group Kazakhstan