Рухани жаңғыру

Опубликовано: 15 қыркүйек 2017, 18:33

Жалпыреспубликалық акция өтті

Бүгін Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» жалпыреспубликалық жастар акциясы өтті.

Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар. Рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр. Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін» деген болатын.
Шарада сөз алған облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Мержан Әбілхас аталмыш акцияның мақсаты – мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар. Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жұртшылық арасында, соның ішінде жастар ортасында кеңінен насихаттау екендігін атап өтіп, білімді, бәсекеге қабілетті, белсенді болуға шақырды.
Жалпыреспубликалық акцияға қаламыздағы жоғары оқу орындарының білім алушылары, студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының өкілдері, жастар қоғамдық бірлестіктерінің жетекшілері мен белсенді жастар жұмыла үн қосты. Жалпы саны мыңға жуық жалынды жасты біріктірген акцияның жұлдызды қатысушыларының бірі - қазақ елінің атын асқақтатып, аспанмен таласқан тау шыңдарына көк туымызды қадап, абыройымызды асырып жүрген Мақсот Жұмаев. Жер шарында теңіз деңгейінен сегіз мың метр биіктікте жатқан 14 шыңды бағындырған жерлесіміздің есімі қазірде тек елімізде ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де жақсы таныс. Ол сондай-ақ, Қазақстан альпинистері құрамасының капитаны, халықаралық дәрежедегі спорт шебері. «Мақсатқа жету жолында төзімділік, табандылық пен қайсарлық таныту қажет. Біздің елімізде жастар үшін барлық жағдай жасалған. Қай салада болмасын, бастысы ерінбей, талмай, еңбектену керек»,-деген Мақсот Жұмаев өзінің жетістікке жету сырымен бөлісті.
Жалынды жастар қашан да елдің қамын жемек. Биікке қол созған жас, сол биіктен орын табады. М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 4 курс студенті, Президенттік шәкіртақы иегері Ақтоты Жанұзақ, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университетінің 3 курс студенті Мадияр Абдымонов замандастарын «Болашаққа бағдар. Рухани жаңғыру» мақаласының мән-маңызын терең ұғынып, туған жерді құрметтеуге, ұлттық тәрбиенің мәйегі салт-дәстүрді қастерлеуге шақырды.
Акция барысында жастар түрлі жарыстар мен викториналарға қатысты. Сонымен қатар «Рухани жаңғыру» логотипін насихаттау мақсатында флеш-моб ұйымдастырылды. 250 бастамашыл және белсенді жас көкке самғаған қыран құс белгіленген логотипті ортаға алып, batis және kz сөздерін латын қарпінде бейнеледі.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ

Опубликовано: 11 қыркүйек 2017, 18:24

Батыс Қазақстанда ақын Сағынғали Сейітовтің мерейтойына арналған шаралар басталды

Орал қаласында қазақтың көрнекті ақыны, аудармашы, сыншы, әдебиеттанушы-ғалым Сағынғали Сейітовтің 100 жылдығына арналған шаралар басталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Алдымен мерейтойға арнайы келген Сағынғали Сейітовтің қыздары Дидар мен Ділбар, ақын, Қазақстан Жазушылары одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай, сондай-ақ композитор Илья Жақанов пен ақын Ақұштап Бақтыгереевамен облыс әкімі Алтай Көлгінов кездесіп, құрмет көрсетті.

Кездесуде Алтай Сейдірұлы Сағынғали Сейітовтей сыршыл ақынның туған жеріне арнаған, дәуір белестері мен текті тұлғаларын суреттеген жырлары ел жүрегінде мәңгі қалатынын, ол өлеңдерді әлі талай жас ұрпақ жаттап өсетінін жеткізді. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айқындалғанындай, әр азамат өзінің туған өлкесін, елінің тарихын жете танып, батырлары мен ақын-әншілерін, хандары мен халық композиторларын құрметтей білуі керек. Бұған Сағынғали Сейітовтей ақындардың туындылары темірқазықтай жол көрсетеді. Осындай тұлғаларды қадірлеу арқылы елдің елдігі көрінеді. Сондықтан ақынның 100 жылдығын жоғары деңгейде өткізудің маңызы зор. Бұдан кейін Қадыр Мырза Әли атындағы  мәдениет және өнер орталығында «Өз дәуірінің дауылпазы» атты еске алу кеші өтті. «Мен қашан болдым деппін, пістім деппін, Ретін таптым талай істің деппін. Үйренер үлкеннен де, кішіден де, Өлеңнің өнерінде студентпін», деп, Сағынғали ағамыз жетпіс жасында өзі жазғанындай, өмірінде сол биязы да елгезек, адам жанына үңілгіш сергек те кішіпейіл қалпынан айныған жоқ. Сондай ғажайып мінезімен әдеби ортада сегіз қырлы, бір сырлы адам ретінде таныла білді.  Оның ақындығымен қатар ғалымдығы, әдебиетті зерттеушілігі жөнінде көп айтуға болады. Біздің көз алдымызда өн бойынан мейірім төгіліп тұратын, ізгі ниетті жан ретінде қалды. 1951 жылы шыққан «Большевиктер» атты жинағынан бастап елуге тарта кітап шығарып, аудармалар жасап, қазақ әдебиетіне қомақты үлесін қосып кетті», - деді Ғалым Жайлыбай.

Шарада сол секілді ақын Ақұштап Бақтыгереева, композитор Илья Жақанов әсерлі естеліктерімен бөліссе, С.Сейітовтің қызы Дидар әкесін құрметтеген еліне деген ыстық ықыласын білдірді. Ақын өлеңдері оқылып, сөздеріне жазылған әндер орындалды. Айта кетейік, С.Сейітовтің 100 жылдығына арналған негізгі шаралар 12-13 қыркүйек күндері туған жері - Ақжайық ауданында өтеді.

Опубликовано: 06 қыркүйек 2017, 17:27

Батыс Қазақстан облысында «Елім менің» жастар коалициясы құрылатын болды

Орал қаласында «Болашаққа бағдар: жастардың жетістік жолы» аймақтық жастар форумы өтті.
 
Форумның басты мақсаты – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде «Жастар қандай үлес қосып, қай бағытта жетістіктерге жете аламыз?» деген сұрақтар аясында пікір алмасу, мемлекеттік органдарға жастар тарапынан ұсыныс-пікірлер білдіру, шешу жолдарымен бірге жұмыстану.
Шара барысында облыстық жастар ұйымдары атынан сөз алған Жәнібек аудандық «Ақбастау» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Р.Нұралиев өңірде «Рухани жаңыру» бағдарламасын іске асыруға жастарды тарту мақсатында белсенді жастар мен жастар ұйымдарын біріктіретін «Елім менің» жастар коалициясын құруды ұсынды.
 
Аталған шараға қатысқан 70 делегат әр түрлі саланың өкілдері. Оның ішінде республикалық және аймақтық жастар ұйымдары көшбасшылары, жоғары оқу орындары өзін-өзі басқару ұйымдары мүшелері, жас журналистер, атақты спортшылар, танымал блогерлер, еріктілермен қатар, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары жастар өкілдері де бар.
 
Форум жұмысына қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов делегаттарға Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының құрамдас бөлігі болып табылатын «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмді, туған жерге, өскен ауылға, қала мен өңірге деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға бағытталатынын атап өтіп, әр салада ел дамуына өз үлестерін қосып жүрген Мұхтар Манкеев, Тұрсынбек Қабатов, Алпамыс Шаримов сынды батысқазақстандық жастардың қызметін үлгі етті.

Сондай-ақ, «Жасыл Ел» жастар еңбек жасақтарының республикалық штабы жетекшісі Т.Болысов, «Қазақстан студенттері Алянсы» республикалық қозғалысы көшбасшысы И.Түстікбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жаңа жобаларды бірігіп жүзеге асыруға шақырса, жас өнерпаз Мадина Бигалиева тағылымы мол Ақжайық өңіріндегі тарихи орындар туралы мектеп оқушылары мен студенттер үшін смартфондарға арналған арнайы мобильді қосымша, виртуальды электронды өлкетану кітапшасын жасауды ұсынды.

Опубликовано: 05 қыркүйек 2017, 16:47

Мектеп оқушыларымен жүздескен БҚО әкімі елді қарапайымдылығымен тәнті етті

Биыл Батыс Қазақстан облысы бойынша 380 мектеп оқушыларға есігін айқара ашты. Солардың бірі – Назарбаев зияткерлік мектебіндегі «Алғашқы қоңырау» салтанатына облыс әкімі А.Көлгінов қатысып, ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Бұл туралы «Қазақ үні» ұлттық порталы хабарлайды.

– Бүгінгідей бейбіт заманда жастарға қойылатын талап – білім алу. Егер әр оқушы мектеп қабырғасында, кейін жоғары оқу орнында сапалы білім алатын болса, ертеңгі күні елімізді жаңа биіктерге жетелері анық. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасында да жастарға ерекше көңіл бөлу керек екендігі айтылған. Өйткені кез келген ұлттың болашағы – жан-жақты жетілген, білім алған, азат ойлы, саналы ұрпақ. Сондықтан бар ынта-жігерлеріңізді оқуға арнаңыздар, – деп құттықтау тілегін жеткізді облыс әкімі.

Сондай-ақ мектептің жылдағы дәстүріне сай Назарбаев мектебінің 7-ші сынып оқушыларымен мектеп ауласына алма ағашын отырғызды.

Кейін А.Көлгінов №7 жалпы орта білім беретін мектеп оқушыларымен жүздесті. Облыстағы ең байырғы мектептердің бірі саналатын оқу ордасының ұжымымен әңгімелесіп, ғимарат ішін аралап, мектептің материалдық-техникалық базасын көрді. Облыс әкімі арнайы бас сұққан тағы бір білім ошағы – Дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 мектеп-интернат-кешені. Мұнда білім әлеміне жаңа қадам басқан алғашқы сынып оқушыларымен әсерлі әңгіме өрбіп, облыс әкімі оларға Елбасының сый кітаптарын табыс етті. 90 жылға жуық тарихы бар білім ошағынан осы жылдар ішінде мыңдаған білімді шәкірт түлеп ұшты. Солардың ізін жалғаған бүгінгі буын оқушылар да өз жетістіктерімен мектеп мерейін асырып жүр. Арнайы кездесуге келген облыс әкімін Қазақстанның қалыптасуы мен дамуы туралы сыр шертетін арнайы деректі фильмді көруге шақырған жоғары сынып оқушылары кейін сұрақтарын да қойды. Ел болып қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызы туралы сұрап, өз ойларымен де бөлісті. Сұрақ қоюшы оқушылардың арасында өз ойларын ағылшын тілінде жеткізгендер де болды. Сондай-ақ жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында мектеп бағдарламасына арнайы пән енгізу туралы да ұсыныстарын айтты.

Айта кету керек, биыл Батыс Қазақстан облысы бойынша 12 білім беру нысанына 1 241,0 млн.теңгеге күрделі жөндеу жүргізілсе, 10 білім беру нысанының құрылыс салынуда. Олардың 4-уі аудандарда. Сондай-ақ келер жылы күрделі жөндеуді қажет ететін нысандардың тізімін жасау бойынша жұмыстар атқарылуда. Білім күні №21 жалпы орта білім беретін мектепке арнайы барған облыс әкімі оқу ордасын аралап көріп, алдағы жылы күрделі жөндеуді қажет ететін нысандардың қатарына қосу туралы тапсырма берді.

Источник: http://www.qazaquni.kz/2017/09/04/74289.html

 

Опубликовано: 04 қыркүйек 2017, 16:26

Шаһар мерекесі «Текеден» басталды

Оралда жыл сайын аталып өтетін «қала күні» мерекесі биыл ортағасырлық Жайық (Теке) қаласының орнынан басталды. Көне шаһар орнына бірнеше киіз үй тігіліп, археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер көрмесі ұйымдастырылды.

Ортағасырлық Жайық (Теке) қаласы ХІІІ-ХV ғасырларға тиесілі дейді тарихшылар. Алайда ІХ ғасырдағы араб саяхатшысы Ибн Фадланның жазбаларында Жайық қаласы туралы да айтылады. Жергілікті археологтар жүргізген зерттеу жұмыстары нәтижесінде көне шаһар орнынан мешіт, кесенелер, шығыс моншасы, тұрғынжайлар мен кірпіш күйдіретін көне зауыт орындары анықталды.

– Осы кезге дейін көшпелі халықтардың қала мәдениеті жоқ деген жаңсақ пікір қалыптасқан еді. Алайда ол дұрыс емес. Көшпелі өмір салтын ұстанған халықтардың өзінде басқару, сауда, айырбас, өнер, қорғаныс, ұйымдастыру орталығы ретінде қалалар болды. Жайық қалашығы – дәл осындай орталық болған. Біздің болжамымызша, қаланың өзінде 800-1500-дей адам тұрған. Сол кезеңнің өлшемімен алғанда бұл аз емес. Өйткені орталықта осынша адам тұрғанына қарап, оның айналасында көшпелі тұрмыс салтын ұстанған біраз халық болғанын болжауға болады, – дейді Батыс Қазақстан тарих және археология орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы Мұрат Сыдықов.

Орал қаласын қазақтар да, татар, ноғай секілді түркі тілдес ағайын халықтар да бұрыннан «Теке» деп атаған. Совет өкіметі кезінде ғалымдар «қазіргі Орал қаласының төңірегінде көне шаһар болуы керек» деп қанша іздегенмен таба алмаған. 2001 жылы мұнай құбырын жүргізу кезінде Жайық өзені жағасынан ортағасырлық кірпіш күйдіретін пеш орны табылып, қазба жұмыстары басталды. Сөйтіп, археологтар көне шаһар аумағынан мешіттің, шығыс моншасы – хаммамның, тұрғын үйлердің орнын тапты. Бір қызығы, тұрғын үй құрылысы Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі үлгілермен бірдей екен. Тек жылыту жүйесі екі есе күшейтілген.

– Шаһар орнына таяу Желтау биігінен бірнеше кесене орны табылды. Оның бірі сол кездегі өлшеммен алғанда өте үлкен – биіктігі 14-16 метр, ені – 13, ұзындығы 20 метрге жеткен. Үлкен кесенеде алты ересек, бес сәбидің сүйегі жерленген, әулеттік қабір болса керек. Ал сән-сәулеті келіскен кішкене кесенеде жалғыз адам жерленген. Біздің болжамымызша, бұл жерде Шыңғыс тұқымы – билеушілер, дінбасы – әулие жатуы мүмкін, – дейді Мұрат Наурызғалиұлы.

Мұрат Сыдықов бастаған Батыс Қазақстан тарих және археология орталығы ортағасырлық Жайық қаласының ашық аспан астындағы мұражай ету мәселесін бірнеше жылдан бері көтеріп жүрген еді. Жақында ғана Қазақстанның жалпыұлттық киелі 100 нысаны тізіміне Жайық (Теке) қаласы да кірген соң, бұл идеяға да жан кіріп, жүзеге асар деген үміт бар.

Оралдықтар жыл сайын асыға күтетін «қала күні» мерекесі биыл тұңғыш рет көне шаһар орнынан бастау алғаны шынымен де көңілге шуақ сыйлағандай. Бұл ойды осы шараға қатысқан үлкен-кіші қайталап айтты. Қала басшылығы осы бір шараны керемет ұйымдастырған екен. Көне шаһар орнында, Ақ Жайықтың жағасындағы жайқалған әсем мүйісте бірнеше ақ отау тігілген. Алтыбақан орнатылып, қыз-жігіттер тербеліп жатыр. Бір топ аттылы жігіттер тазыларын ертіп, ауылға беттеп келеді. «Оралым» фольклорлық ансамблінің әдемі әуені жүректі тербейді.

– Баршамызға белгілі, биыл Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын ұсынған болатын. Жалпы, еліміздің көркеюі, экономикасының дамуы біздің тарихымызды түйсінуден басталады. Еліміздегі 100 киелі орынның бірі – біздің Жайық қаласы болғанына қуаныштымыз. Сондықтан биылғы қала күні мерекесінің тұсаукесерін зиялы қауымның ұсынысы бойынша осы жерден бастағалы отырмыз. Тарихымызды зерттеп, жоғымызды түгендеп жүрген барлық ғалымдар мен зерттеушілерге табыс тілеймін, – деді шараның салтанатты ашылу сәтінде Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев.

Ортағасырлық Жайық (Теке) шаһары – қазіргі Орал қаласының арғы түбі екендігі зерттеушілер тарапынан соңғы кезде жиі айтылып келеді. Отарлық кезеңде туған «Орал қаласының іргетасын 1613 жылы қашқын казактар тақыр жерден тұрғызған» деген тұжырымның қате екендігін уақыттың өзі көрсетті. Алтын Орда кезеңінде 110 қала болған екен, Жайық (Теке) – соның бірі. Жайық пен Шаған өзендерінің қиылысар тұсында, әсем мүйісте орналасқан әдемі шаһардың басынан бақ тайып, қиратылғаны дәл сол XVI-XVII ғасырларға сәйкес келеді. Көздің жауын алатын көне қала ғимараттары аяусыз бұзылып, кірпішін іргетасына дейін тасып әкеткен. Содан бері 6-7 ғасыр өтті, дәл осы жерге киіз үй тігіліп, домбыра үні әуелемеген де шығар, бәлкім.

– Мен 1935 жылдан бері осы Орал қаласында тұрамын. Бірақ ауылда туып-өскен қазақ баласымыз ғой. Осындай тарихи жерге табаным тиіп, жусан иісін иіскеген сәтімде ерекше сезімді бастан кештім. Орал қаласы басшыларының бұл бастамасы өте керемет! Рухани жаңғыру түп бастауыңды танудан басталады. Жайық қаласының жұлдызы жанып, ел-жұрттың игілігіне айналар сәт жақын болсын! – деді тоқсанның төріне шыққан ғалым Қалам Сүйіншәлиев толқып тұрып.

Жайық (Теке) қаласының бүгінгі аумағы сегіз гектар шамасында. Мұрат Сыдықов бұл жерге ашық аспан астындағы мұражай, ғылыми зерттеу орталығы және заманауи демалыс кешенін салуды ұсынып отыр.

 Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

Источник: http://oraloniri.kz/?p=15819

Сауалнама

Бос уақытыңызда Сіз дене шынықтыру және спортпен айналысасыз ба?
Мекен-жай
Қазақстан Республикасы, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Достық-Дружбы, даңғылы, 179
Сайтты қолдау
IT Group Kazakhstan