Стратегиялар

«Қазақстан-2050» Стратегиясы

қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты

 

1. Біз шешуге тиісті міндеттер парадигмасы  сапалық тұрғыдан өзгерді.

Жаңа сын-қатерлерді лайықты қабылдау үшін ендігі жерде 2030 Стратегиясының аясы жеткілікті емес. Біз жоспарлау көкжиегін кеңейтіп, 15 жыл бұрынғыдай кезекті дүниетанымдық серпіліс жасауымыз керек.

Біріншіден, Қазақстан - қазіргі заманғы мемлекет. Біздің мемлекетіміз кемелдікке жетті. Сондықтан да бүгінгі күн тәртібі мемлекеттің қалыптасуы кезеңіндегіден өзгеше.

Дүниеде болып жатқан өзгерістердің сипаты мен тереңдігі, жаһандық өзара іс-қимыл ұзақ мерзімді дамуды талап етеді. Көптеген елдер қазірдің өзінде 2030-2050 жылдардың арғы жағына көз жіберуге тырысады. «Басқарылатын болжамдау» қазіргі тұрақсыз кезде мемлекеттер дамуының маңызды тетігіне айналуда.

Екіншіден, «Қазақстан-2030» Стратегиясы біздің мемлекеттілігіміздің қалыптасу кезеңі үшін жасалған болатын. Өзінің базалық өлшемі бойынша ол орындалды.

Үшіншіден, біз жаңа шындық тудырған сынақтар мен қауіп-қатерлерге кезігіп отырмыз. Олар жалпылық сипат алып, барлық елдер мен өңірлерге әсерін тигізуде.

Біз «Қазақстан-2030» Стратегиясын тұжырымдаған кезде нәтижесінде жаңа, мүлдем күтпеген, экономикалық және геосаяси жағдаяттар туындайтын, өз көлемі жағынан теңдесі жоқ әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс төнеді деп ешкім күтпеген еді.

2030 стратегиясы 1997 жылы ашық құжат ретінде жасалды. Біз  о бастан-ақ оған түзетулер енгізу мүмкіндігін ескердік.

Әлемдегі жағдай өзгеретінін және өмір өз түзетулерін енгізуі мүмкін екенін түсіне отырып, менің тапсырмам бойынша жаңа жағдайдағы біздің орнымыз бен біздің мүмкіндіктерімізді ой елегінен өткізе отырып жұмыс істейтін жұмыс тобы құрылды.

Олардың талдау жұмыстарын ескере отырып, мен ұлттың 2050 жылға дейінгі жаңа саяси бағытын жасауды ұсынамын, оның ішінде 2030 Стратегиясының міндеттерін орындау жалғасын табатын болады. Уақыт пен жағдай 2030 бағдарламасы сияқты біздің жоспарларымызға түзетулерін енгізетінін нақты түйсінуіміз керек.

2050 жыл - жай бейнелі дата емес.

Бұл бүгінде әлемдік қауымдастық бағдар ұстап отырған нақты мерзім.

БҰҰ-да 2050 жылға дейінгі өркениеттер дамуының жаһандық болжамы әзірленді.

2050 жылға дейінгі болжамдық баяндаманы Дүниежүзілік азық-түлік ұйымы жариялады.

Қазір елдердің дені  осындай ұзақ мерзімді стратегиялар әзірлеп, қабылдауда. Қытай өзі үшін дәл осындай стратегиялық жоспарлау көкжиегін айқындап алды.

Ірі трансұлттық компаниялардың өзі алдағы жарты ғасырға даму стратегияларын әзірлеуде.

Он бес жыл бұрын, 2030 Стратегиясы қабылданғанда біздің жаңа мемлекетімізде дүниеге келген қазақстандықтардың жаңа буыны енді ғана мектепке баруға даярланып жатты.

Бүгінде олар еңбек етуде немесе жоғары оқу орындарын аяқтауда.

Енді екі-үш жылдан соң Тәуелсіздіктің екінші буыны дүниеге келе бастайды.

Сондықтан қазірдің өзінде оларға дұрыс бағдар нұсқау туралы ойланғанның маңызы зор.

Біздің басты мақсатымыз 2050 жылға қарай Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру.

Қазақстан ХХІ ғасырдың ортасына қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында болуға тиіс.

Біздің жетістіктеріміз бен қазақстандық даму үлгісі Жаңа саяси бағыттың негізі болуға тиіс.

"Қазақстан-2050" Стратегиясы – "Қазақстан-2030" Стратегиясының жаңа кезеңдегі үйлесімді дамуы. «Біз кімбіз, қайда барамыз және 2050 жылға қарай қайда болғымыз келеді?» деген сұрақтарға жауап осы. Жас ұрпақтың нақ осыған мүдделі екеніне сенімдімін.

Осыған орай,  ұлттың 2050 жылға дейінгі жаңа саяси бағытының жобасын ұсынамын. Бұл менің Қазақстан халқына жолдауым болады.

Стратегияның толық мәтіні


Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы

 Қазақстан Республикасы Президенті 1997 жылы қазанда «Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» атты ел халқына Жолдауында Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын ұсынды. «Қазақстан­ ­– 2030» стратегиясы егеменді республиканың экономикасы серпінді дамып келе жатқан әлемдегі ең бір қауіпсіз, тұрақты, экологиялық орнықты елге айналуына бағытталған ұзақ мерзімді даму жолын белгілеп берді.

«Қазақстан-2030» даму стратегиясы ұзақ мерзімді жеті басымдықты іске асыруды қарастырады:

  • Ұлттық қауіпсіздік.

  • Ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның топтасуы.

  • Шетел инвестициялары мен ішкі жинақталымдардың деңгейі жоғары ашық нарықтық экономикаға негізделген экономикалық өсу.

  • Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл-ауқаты.

  • Энергетика ресурстары.

  • Инфрақұрылым, әсіресе көлік және байланыс.

  • Кәсіби мемлекет.

Бұл басымдықтар елдің дамуының орта мерзімді және ұзақ мерзімді кезеңге арналған даму жоспарын қалыптастыру үшін негіз қалады. «Қазақстан – 2030» даму стратегиясын іске асырудың алғашқы ұзақ мерзімді кезеңі Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы желтоқсандағы Жарлығымен бектілген Қазақстан Республикасының 2010 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары болды. «Қазақстан-2030» даму стратегиясының келесі кезеңі – Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары болып табылады.

Стратегияның толық мәтіні



Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары

Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы №922 Жарлығымен бекітілді.

2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын әзірлеу кезеңі адамзат тарихындағы соңғы жетпіс жыл ішіндегі ең ауыр жаhандық қаржылық-экономикалық дағдарыстың басталу уақытына дәл келді. 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын әзірлеу кезінде әлемдік немесе өңірлік дағдарыстың жағымсыз салдарларына ұлттық экономиканың орнықтылығын арттыруға бағытталған шаралардың жүзеге асырылуына баса көңіл бөлінді. 

Тау онжылдықта мемлекет қызметінде бес негізгі бағыт басымдықта болады:

  • дағдарыстан кейінгі дамуға дайындық;

  • индустрияландыру және инфрақұрылымдық даму арқылы әртараптандыруды жеделдету есебінен орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз ету;

  • болашаққа инвестиция ­– орнықты экономикалық өсім, өсіп-өркендеу және қазақстандықтардың әлеуметтік әл-ауқатының жетістігі үшін бәсекеге қабілетті адам капиталын арттыру;

  • тұрғындарды сапалы әлеуметік және тұрғын үй-коммуналдық қызметімен қамтамасыз ету;

  • ұлтаралық келісімді, қауіпсіздікті, халықаралық қатынастардың тұрақтылығын нығайту.     

2020 – Стратегиялық жоспарын жүзеге асыру нәтижесінде Қазақстан мынадай негізгі көрсеткіштерге қол жеткізуі тиіс:   

  • Қазақстан 2020 жылға қарай экономикасы әртараптандырылған және халқы жаңа экономикаға белсенді тартылған, әлемдік дағдарыстан шыққан анағұрлым күшті және бәсекеге қабілетті елге айналады.

  • Қазақстан 2020 жылға қарай қолайлы іскерлік ахуалы бар, елдің шикізат секторында елеулі шетел инвестициясы тартылған, әлемнің ең бәсекеге қабілетті елу елінің қатарына кіретін болады.

  • 2020 жылға қарай еліміз әртараптандырылған экономиканы дамыту үшін қажетті адам ресурстарына, сондай-ақ отандық кәсіпкерлер мен экспорттаушыларға қызмет көрсету үшін қажетті инфрақұрылымға ие болады.

  • 2020 жылға қарай Қазақстан экономикасы нақты алғанда 2009 жылғы деңгейге қатысты алғанда үштен бірінен асады.

  • 2020 жылға қарай төменгі күн көріс мөлшерінен аз табыс табатын халықтың үлесі 8 пайызға дейін төмендейді.  

2020 – Стратегиялық жоспарын жүзеге асырудағы басты жетістік Қазақстанның экономикалық өсімінің құрылымын сапалық жақсарту және дәйектілікпен әртараптандырылуы нәтижесінде ел азаматтарының әл-ауқатын елеулі түрде арттыру болуы керек.

Стратегияның толық мәтіні



Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама

Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 958 Жарлығымен бекітілді.

Бағдарлама мақсаты – экономиканы әртараптандыру және бәсекеге қабілеттілігін арттыру арқылы оның тұрақты және теңгерімді өсімін қамтамасыз ету.

Бағдарламаның негізгі міндеттері:

  • экономиканы әртараптандыру және оның бәсекеге қабілеттілігінің артуын қамтамасыз ететін басымдықтағы секторларын дамыту;  

  • индустрияландыру үшін қолайлы орта қалыптастыру;

  • экономикалық әлеуетті өңірлік ұтымды ұйымдастыру негізінде экономикалық өсім орталықтарын құру;

  • экономиканың басымдықтағы секторларын дамыту барысында мемлекет пен бизнестің тиімді ықпалдастығын қамтамасыз ету.

Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру нәтижесінде Қазақстан 2014 жылға қарай төмендегідей негізгі көрсеткіштерге қол жеткізуі тиіс:

  • 7 триллион теңгеден кем емес ІЖӨ өсімі, нақтылы түрде ІЖӨ өсімі 15%-ды құрайды;

  • ІЖӨ құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесін 12,5%-дан төмен емес деңгейге дейін арттыру;

  • экспорттың жалпы мөлшерінде шикізаттық емес экспорт үлесін 40%-дан төмен емес деңгейге дейін арттыру;

  • өңдеуші өнеркәсіп өндірісінің жиынтық мөлшеріндегі шикізаттық емес экспорт үлесін 43 %-дан төмен емес деңгейге дейін арттыру;

  • өңдеуші өнеркәсіпте еңбек өнімділігін 1,5 еседен кем емес мөлшерде арттыру.

Бағдарламаның толық мәтіні



Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында  білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 7 желтоқсандағы № 1118 Жарлығымен бекітілді.

Мақсаты – білім берудің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, экономиканың тұрақты өсімі үшін сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету арқылы адами капиталды дамыту.

Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру нәтижесінде Қазақстан төмендегідей негізгі көрсеткіштерге қол жеткізуі тиіс:

  • шағын жинақты мектептерден (ШЖМ) басқа барлық білім беру мекемелерінде жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігі енгізілетін болады;

  • жоғары және бірінші санатқа ие жоғары білікті педагогикалық қызметкерлердің педагогтардың жалпы санына шаққандағы үлесі 52%-ды құрайды;

  • орта білім ұйымдарының 90%-ында электронды оқыту жүйесі қолданылатын болады;

  • 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 100%-ы  мектепке дейінгі тәрбие және біліммен қамтылатын болады;

  • оқытудың 12 жылдық моделіне толық көшу жүзеге асырылады;

  • мемлекеттік тапсырыс бойынша оқыған жоғары оқу орындары түлектерінің 80%-ы жоғары оқу орнын тәмамдаған алғашқы жылы мамандығы бойынша қызметке орналастырылатын болады;

  • үздік әлемдік университеттер рейтингінде Қазақстанның ең кемі 2 жоғары оқу орны атап өтілетін болады;

  • халықаралық стандарттар бойынша институциональдық тәуелсіз ұлттық аккредиттеуден өткен жоғары оқу орындарының үлесі 65 %-ды құрайды.

  • халықаралық стандарттар бойынша мамандандырылған тәуелсіз ұлттық аккредиттеуден өткен жоғары оқу орындарының үлесі 30%-ды құрайды.

Бағдарламаның толық мәтіні



Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы

«Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 29 қарашадағы № 1113 Жарлығымен қабылданды.

Бағдарламаның мақсаты – еліміздің орнықты әлеуметтік-демографиялық дамуын қамтамасыз ету үшін Қазақстан азаматтарының денсаулығын жақсарту.

Бағдарламаның өзекті міндеттері мыналар болып саналады:

  • Азаматтардың денсаулығын сақтау және санитарлық-эпидемиялық саламаттылықты қамтамасыз ету мәселелері бойынша сектораралық және ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту:

  • Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін дамыту және жетілдіру;

  • медициналық және фармацевтикалық білімді жетілдіру, медицина ғылымын және фармацевтикалық қызметті дамыту.

Денсаулық сақтау саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында Қазақстан мынадай негізгі жетістіктерге қол жеткізуге тиіс:  :

  • халықтың күтіліп отырған өмір сүру ұзақтығының 2013 жылға қарай 69,5-ке дейін, 2015 жылға қарай 70 жасқа дейін ұлғаюы;

  • ана өлім-жітімінің 100 мың тірі туылғандарға шаққанда 2013 жылға қарай 28,1-ге дейін, 2015 жылға қарай 24,5-ке дейін төмендеуі;

  • нәресте өлім-жітімінің 1000 тірі туылғандарға шаққанда 2013 жылға қарай 14,1-ге дейін, 2015 жылға қарай 12,3-ке дейін төмендеуі;

  • жалпы өлім-жітімнің 1000 адамға шаққанда 2013 жылға қарай 8,14-ке дейін, 2015 жылға қарай 7,62-ге дейін төмендеуі;

  • туберкулезбен сырқаттанушылықтың 100 мың адамға шаққанда 2013 жылға қарай 98, 1-ге дейін, 2015 жылға қарай 94,7-ге дейін төмендеуі;

  • 15-49 жас аралығындағы жас тобында АИТВ инфекциясының таралушылығын 0,2-0,6 пайыз шегінде ұстау.

Бағдарламаның толық мәтіні



Қазақстан Республикасында тiлдердi дамыту мен қолданудың мемлекеттiк бағдарламасы

Қазақстан Республикасында тiлдердi дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2011 жылғы 29 маусымдағы № 110 Жарлығымен  қабылданды.

Бағдарламаның мақсаты – Қазақстанда тұратын барлық этностардың тiлдерiн сақтай отырып, ұлт бiрлiгiн нығайтудың аса маңызды факторы ретiнде мемлекеттiк тiлдiң кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ететiн үйлесiмдi тiл саясаты.

Бағдарламаның өзекті міндеттері мыналар болып саналады:

  • мемлекеттiк тiлдi оқытудың әдiснамасын жетiлдiру және стандарттау;

  • мемлекеттiк тiлдi оқытудың инфрақұрылымын дамыту;

  • мемлекеттiк тiлдi оқыту процесiн ынталандыру;

  • мемлекеттiк тiлдi қолданудың мәртебесін арттыру;

  • мемлекеттік тілге сұранысты арттыру;

  • қазақ тiлiнiң лексикалық қорын жетiлдiру және жүйелеу;

  • тiл мәдениетiн жетiлдiру;

  • коммуникативтiк-тiлдiк кеңiстiктегi орыс тiлiнiң қызмет етуi;

  • Қазақстандағы тiлдiк әралуандықты сақтау;

  • ағылшын және басқа да шет тiлдерiн оқып-үйрену

Қазақстанда Тілдерді дамыту мен қолдану бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде мынадай негізгі көрсеткіштерге қол жеткізілуге тиіс:

  • мемлекеттiк тiлдi меңгерген ересек тұрғындардың үлесiн («Қазтест» тапсырудың нәтижесi бойынша 2014 жылға қарай - 20%, 2017 жылға қарай - 80%, 2020 жылға қарай - 95%);

  • мемлекеттiк тiлдi В1 деңгейiнде меңгерген мектеп түлектерiнiң үлесiн (2017 жылға қарай - 70%, 2020 жылға қарай - 100%);

  • мемлекеттiк бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақ тiлiндегi контенттiң үлесiн (2014 жылға қарай -  53%, 2017 жылға қарай - 60%, 2020 жылға қарай - 70%);

  • тұрғындардың ономастикалық комиссиялардың жұмысындағы шешiм қабылдау процесiн талқылау кезiнде қоғамдық қолжетiмдiлiк пен ашықтық қағидаттарының сақталуына қанағаттанушылық дәрежесiн (2014 жылға қарай - 60%, 2017 жылға қарай - 75%, 2020 жылға қарай - 90%);

  • қазақ тiлiнiң реттелген терминологиялық қорының үлесiн (2014 жылға қарай - 20%, 2017 жылға қарай - 60%, 2020 жылға қарай - 100%);

  • республикадағы орыс тiлiн меңгерген ересек тұрғындардың үлесiн (2020 жылға қарай - 90%);

  • ұлттық-мәдени бiрлестiктер жанындағы ана тiлдерiн оқытатын курстармен қамтылған этностардың үлесiн (2014 жылға қарай - 60%, 2017 жылға қарай - 80%, 2020 жылға қарай - 90%);

  • республикадағы ағылшын тiлiн меңгерген тұрғындардың үлесiн (2014 жылға қарай - 10%, 2017 жылға қарай - 15%, 2020 жылға қарай - 20%);

  • үш тiлдi (мемлекеттiк, орыс және ағылшын) меңгерген тұрғындардың үлесiн (2014 жылға қарай - 10%, 2017 жылға қарай - 12%, 2020 жылға қарай - 15 %-ға дейiн) ұлғайту.

Бағдарламада көзделген барлық iс-шаралар ұлт бiрлiгiн нығайтудың маңызды факторы ретiнде мемлекеттiк тiлдi дамытудың басымдығына негiзделген және азаматтардың рухани-мәдени және тiлдiк қажеттiлiктерiн толық қанағаттандыруға бағытталған.

Бағдарламаның толық мәтіні

Сауалнама

Бос уақытыңызда Сіз дене шынықтыру және спортпен айналысасыз ба?
Мекен-жай
Қазақстан Республикасы, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Достық-Дружбы, даңғылы, 179
Сайтты қолдау
IT Group Kazakhstan