08 Ақпан 2019
451

Қаратөбе ауданы 23 тонна қой етін, 64 тонна сиыр етін эскпорттаған

 

Есеп беру жиынында аудан әкімі Жанат Асантаев өткен жылғы атқарылған істер, тұрғындардың тұрмыс деңгейін жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, алдағы атқарылар жұмыстар туралы баяндады.

 

Келтірілген деректерге сүйенсек, өткен жылы аудан бюджеті 3 миллиард 774 миллион 890 мың теңгеге нақтыланып, 100,2% орындалған.

 

Аудан шаруашылық саласында да оң өзгерістер бар. Мал өсірумен айналысатын шаруалар өткен жылы 379 бас асыл тұқымды ірі қара, 117 бас қой, 24 бас жылқы сатып алған. Жалпы, былтырғы жылы аудан 23 тонна қой етін, 64 тонна сиыр етін эскпорттап, жоспарды артығымен орындаған. Сондай-ақ шаруашылықтары өз ісін жандандыруға 322 млн теңге инвестиция салып, мемлекет тарапынан 200 млн 700 мың теңге субсидия алған.

 

Ауданда өндірілген өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 7 млрд 037 млн. теңгені құраған. 657 шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, оларда 1107 адам жұмыспен қамтылған.

 

Өткен жылы Қаратөбе ауылындағы жалпы ауданы 1242 шаршы метр болатын бір пәтерлі 14 үй пайдалануға берілді.

 

 «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» аясында биылғы жылдың қаңтар айынан бастап ауданда жалақысы төмен 1273 жұмысшының еңбекақысы көтерілген. Олардың 843-і білім беру, 195-і денсаулық сақтау саласы қызмет жасайды.

 

Шағын және орта бизнесті дамыту бойынша ауданда 2018 жылы 58 тұрғынға 164,5 млн теңге несие берілген.

 

Қаратөбе ауылында 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылып, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы саябақ қайта жаңғыртылды. Аудан орталығында ашылған «Астана» саябағына күн сәулесінен қуат алатын, wifi желісін тарататын заманауи орындықтар, 75 дана жарықтандыру шамдары қойылған.

 

Өткен жылы аудандағы 5 елді мекенге таза ауыз су жеткізіліп, қамтылу үлесі 91,3% жетті. Ауданның газбен қамтылуы – 100 % құрады.

 

Сондай-ақ аудан әкімі білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, бұқаралық спорт, ауыл тазалығы мен абаттандыру жұмыстары, қоғамдық тәртіп турасында да айтып өтті.

 

Есеп беру жиынына қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғали Есқалиев ауданда атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, өңірдегі іске асып жатқан мемлекеттік бағдарламалар мен алдағы жоспарлар туралы айтып өтті.

ФОТО: Райымбек Абаев