04 Қантар 2019
475

Бәйтерек – бәсі биік аудан атауы

 

Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов жұмыс сапарымен Зеленов ауданында болды.

 

 

Өңір басшысы Алтай Сейдірұлы Зеленов аудандық тарихи-өлкетану мұражайында аудан ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, жастар белсенділерімен кездесті.

 

Кездесуде облыс әкімі Алтай Көлгінов сөз сөйлеп, аудан тұрғындарын жаңа атауға ие болуларымен құттықтады.

 

- Жаңа жылдың алғашқы жұмыс сапарын Сіздердің аудандарыңыздан бастағаныма өте қуаныштымын. Елбасымыздың Жолдауында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, инфрақұрылымды дамыту, ауыл шаруашылығына қолдау көрсету, баспана мәселесі жайы алдыңғы кезекке қойылған. Еліміздегі іргелі істердің барлығы да Тәуелсіздіктің арқасында жүзеге асып келеді.

 

Жаңа жылда Сіздерге жақсы жаңалықпен келіп отырмын. Өздеріңіздің ұсыныстарыңыз бойынша қоғамдық кеңес пен мәслихаттардың кеңесінде қаралған мәселе оң шешімін тауып, Елбасының Жарлығы шықты. Сол себепті аудан жаңа Бәйтерек атауына ие болды.

Жалпы, бәйтерек – ежелгі таным бойынша, тылсым қасиетке ие алып ағаш. Бәйтерек ежелгі түркі сөзі, «бәй» - үлкен, алғашқы деген ұғымдарды, ал терек «ағаш» деген ұғымды білдіреді.

 

Елордамыздың басты символы – Бәйтерек екендігі сөзсіз. Бәйтерек дегеніміздің өзі – берекелі, қасиетті ұғым. Бәйтерек – елді біріктіруші күш, достастыққа шақырады. Ауданның жаңа атауы Бәйтерек атауы құтты болсын! Бәйтерек атауына лайықты қызмет ете білейік! Бірлігіміз жарасқан ел болып, биік белестерді бағындыра берелік! Жаңа жылдарыңыз құтты болсын! Жақсы да берекелі жыл болсын! - деді облыс әкімі Алтай Сейдірұлы.

 

- Тәуелсіздіктің арқасында талай асыл мұраларымыз, ел есінде қалған батыр-жырауларымыздың аттары, тарихи есімдер ортамызға оралып жатыр. Аудан атауын өзгерту көптен бері сөз болып жүрген еді, міне, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жүзеге асты. Ауданның атауын өзгерту қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылды. Халықтың өтініш-тілегін ескерген Елбасы аман болсын! Біз өте ризамыз. Бүгінгі Бәйтерек ауданы болашақта үлкен қалаға айналуын тілейміз. Осы жерге халық көп шоғырлана берсе екен?! - деді өз пікірін білдірген белгілі ғалым, жерлесіміз Ақсерік Әйтімов.

 

Ал аудан жастарының қуанышын жеткізген жастар белсендісі Мәрзия Қонысбаева:

 

- Біздің аудан күннен-күнге гүлденіп дамып келеді. Аудан жастары өте қуаныштымыз. Аудан атауының өзгеруі бізге тың серпін сыйлайды. Біз ендігі жерде Бәйтерек атауын үлкен мақтанышпен, ерекше тебіреніспен айтатын боламыз,- деп нық сенім білдірді.

 

Аудан жаңа атауға ие болған сәттегі кездесу барысында ауданға танымал еңбек майталмандары Валентина Леонтьева, Қадырбай Абдушев, Любовь Шмарина сөз сөйлеп, ауданның даму, өсу, өркендеу жолындағы табыстарына тоқталды.

 

Ертай Сағындықұлы,

Ертай Сағындықұлы,

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

 

Валентина Леонтьева

Көшім мектебінің директоры

Жаңа жылдың алғашқы күндерін тарихи оқиғамен бастап отырмыз. Аудан атауын өзгерту мәселесі 1997 жылдан бастап көтеріліп келеді. Елордасы Астана қаласының 20 жылдығы аясында ауданымыздың Бәйтерек ауданы боп аталуы – өтеқуанышты оқиға. Біз осы бір тарихи сәтті асыға күттік. Бәйтерек – өмір ағашы, бақыт құсы.

Бәйтерек ауданын иеленген аудан халқына берекелі бірлік, еңбекте табыс тілеймін.

Ендігі сәттен бастап аудан атауы Бәйтерек деген жаңа атаумен ерекше нақышта айтылатын болады. Біз өте қуаныштымыз.

 

Адам Сағынұлы,

Белес ауылдық округінің тұрғыны,



Елдің көптен бергі арман еткен ісі жаңа атауға ие болу еді. Сол себепті де бүгін күні аудан еңбек ардагерлері үлкен қуаныш үстінде.

Облыс әкімі Алтай Сейдірұлы үлкен қуанышты жеткізіп, Жаңа жылды жақсы да жағымды жаңалықпен бастап отырмыз.

Бәйтерек атауының мән-мағынасы тереңде жатыр. Бұл атау – ел үшін, халық үшін үлкен мерей.


Алексей Свечников,

Дариян ауылының тұрғыны:



- Мен Қазақстанда туып, өсіп өндім. Ер жеттім. Еңбек еттім. Көптеген табыстарға қол жеткіздім.

Қазақстан – кең байтақ жер. Менің Отаным – Қазақстан.

Бүгінгі күні аудан атауының Бәйтерек болып өзгеруі сәтін ерекше тебіреніспен қабылдадым. Бұл, әрине, сөз жоқ, өмір талабы.

Бүгінгі Бәйтерек ауданының жұртшылығы болашақта достық пен ынтымақтастық аясында табысты еңбек етіп, зор жетістіктерге қол жеткізетіндігіне сенімім мол.


Мәлік Өтешов

Переметный ауылының тұрғыны:



Бүгінгі күні облыс әкімі Алтай Сейдірұлынан ауданның жаңа атауы туралы жағымды жаңалықты естіп, толқып тұрмын. Бұл сәт – аудан үшін ең маңызды тарихи кезең. Менің осы ауданда тұрып жатқаныма жиырма жылға жуықтады. Бұл аудан облыстағы ең ірі аудандардың бірі. Көпұлтты болып келеді. Отыздан астам ұлттар мен ұлыстардың құтты мекеніне айналған ауданның болашағы өте зор. Ауданның Бәйтерек боп аталуы ел-жұрттың табиғатына да жақын. Бәйтерек деген сөз қазақтың ұғымында ыстықта сая, суықта пана болатын, басына бақыт құсы қонақтаған алып ағаш. Бұл ауданды мекен еткен түрлі ұлт өкілдері бір үйдің баласындай өте тату-тәтті ғұмыр кешуде. Бәйтерек атауы – халықтың сұранысы. Бүгін біз үшін ақ түйенің қарны жарылған күн. Елбасына шексіз ризамыз. Еліміз гүлденіп, көркейіп дами берсін!

© zhaikpress.kz