11 Қантар 2019
508

Қособада студенттер форумы өтті

 

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында және ресми жарияланған Жастар жылына байланысты Қособа ауылдық округінде «Жастар – жарқын болашақ!» атты студенттер форумы өтті.

 

Форум бағдарламасы көпшілік жүгірістен басталды. Жүгіруге ауыл жастарынан бөлек, салауатты өмір салтын ұстанатын қособалықтар да шықты.

Форумның пленарлық отырысына Қособа ауылдық округінің әкімі Ж.Сатаев, Сырым аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Н.Болат, «Сырым жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы С.Мұса қатысты. Отырыста аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының Жастар жылы мен «Сырым жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 15 жыл толу мерейтойына орай жоспарланған іс-шаралар мен жобалар таныстырылды.

Осыған дейін ауыл жастарының тарапынан ауылдық округтерде жастар комитеттерін құру мәселесі айтылып келген болатын. Алғашқы комитет Қособада құрылып,комитеттің төрайымы болып Қособа мектебінің мұғалімі Н.Жақсылықова сайланды.

Студенттер форумы өзінің түпкі мақсатынан айнымай, пленарлық отырыста ауылға келген студенттермен де әсерлі әңгіме болды. Форумға облыс орталығы Орал қаласынан бөлек, Астана, Алматы, Арқалық қалаларында білім алып жатқан жастар қатысты.

Отырыстан кейін студенттер, жас мамандар және оқушылардан құралған  командалар квест ойындарына қатысты. Ойындар «Зигзаг», «Қосаяқ», «Өз мәреңді тап», «Тепе-теңдік», «360» сынды бөлімдерден тұрды. Қатысушы 6 команданың арасынан «Бірлік» командасы ойынның жеңімпазы атанды.

Ауылдың сыртында өткен тай жарысы мен құнан жарысына Қособа, Жырақұдық, Жымпиты және Өлеңті ауылдарының тай-құнандары қатысты және жарыстар өте тартысты өтті.

Тай жарысында Саят Ғабдрахимов деген шабандоздың астындағы «Ақбілек» атты тай бірінші келді. Екінші болып Ералхан Кәрім шапқан «Жиренқасқа», ал үшінші Төреғали Ермахан тізгіндеген «Айқасқа» атты тай мәре сызығын кесті. Жеңіске деген жігері үшін Темірлан Нұрланов марапатталды.

Құнандар бәйгесінде Ералхан Кәрім деген шабандоз «Сарышаян» деген құнанмен шауып, жеңімпаз атанды. Темірлан Нұрланов тізгіндеген «Жұлдыз» екінші, ал Төреғали Ермахан шапқан бурылқасқа құнан үшінші орынға ие болды. Құнан жарысының ынталандыру сыйлығы Ізгілік Ыбырайымовқа берілді.

Форум барысында жастар арасында мәнерлеп оқудан сайысып, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың студенті Н.Сәуірбаева І орынға ие болды.

Студенттер форумы концерттік бағдарламаға ұласты. Шара барысында жүлдегерлер мен жеңімпаздарға арнайы диплом мен сыйлық берілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, түрлі бағыттағы жастар форумдары биыл ауданға қарасты барлық ауылдық округте өтеді.

Мархат Гумарова,

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы © zhaikpress.kz