18 Қантар 2019
543

Бәйтерек ауданының әкімі есеп беруде

 

Бәйтерек ауданы әкімі Асхат Шахаровтың есептік кездесуі Раздольное ауылында жалғасты.

 

- Құрметті жерлестер, сіздерді алдымен ауданымыздың Бәйтерек атауына ие болуымен құттықтаймын, - деп бастаған аудан әкімі бәйтерек мағынасының терең екендігіне тоқталып өтті.

 

- Өткен жылы ауданымызда көптеген іргелі істер атқарылды. Мен олардың жекелегендеріне тоқталып өтейін. Мәселен, жол жөндеу, абаттандыру сынды ауқымыды жұмыстар атқарылды.

 

Бүгінде аудан  орталығы мен басты тас жол аралығындағы 15 шақырым жолды жөндеу жоспарымызда бар. Сондай-ақ бейнебақылау камераларын орнату жұмыстары жүргізілетін болады, -деді Асхат Берлешұлы. Бұдан бөлек, аудан әкімі кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы тағы басқа салаларда атқарылған жұмыстарға тоқталды. Бұдан соң аудан әкімі ұзақ жыл ел дамуына үлес қосқан, бүгінде "Достық" шаруа қожалығының басшысы Владимир Шевчукке Бәйтерек ауданының құрметті азаматы атағын табыстады. Аудан басшысы Владимир Васильевичтің еңбегіне толайым табыс тіледі. Өз кезегінде шаруашылық басшысы  алғысын білдірді.

 

-Раздольное ауылдық округінде бүгінде 605 тұрғын, 210 отбасы бар.  Округте 7 жеке кәсіпкерлік жұмыс жасайды. Раздольное орта мектебінде 82 бала білім алуда. Шағын орталықта 30 бүлдіршін бар. Өткен жылы "Мектепке жол" акциясы аясында "Достық" ШҚ басшысы Владимир Шевчук 100 мың теңгеге кеңсе тауарларын алып беріп көмек көрсетті.  Өткен жылы ауылда алты рет сенбілік өткізілді, - деді ауылдық округ әкімі Асылбек Кенжин.

 

Бүгін Бəйтерек ауданының əкімі Асхат Шахаровтың тұрғындар алдындағы есепті кездесуі Январцев ауылдық округінде жалғасын тапты.

 

- Өткен жылы аудандағы Дариян ауылында мектеп-гимназия ашылды. 100 балаға шақталған интернаты бар. Сонымен қатар аталмыш білім ордасы базасында IT сынып жұмыс жасайды. Бұның бəрі бүгінгі ұрпақтың болашағына, игілігіне арналған, - деді аудан əкімі Асхат Берлешұлы өз баяндамасында.

 

Январцев ауылдық округінің əкімі Абылай Жұмағалиевтің айтуынша, округте 37 орта бизнес субъектілері тіркелген. Мал басы өсімі байқалады. Соның ішінде "Мерғалиев" жеке шаруашылығы "Бастау-бизнес" бағдарламасының игілігін көріп, 6 млн. теңге несие алып, мал басын көбейту бағытында жұмыстар жүргізіп келеді. Ал "Алтын бидай" шаруашылығы болса, егін шаруашылығын дамыту бағытында жұмыстанып отыр.

 

Ертай Бимұханов,

Нұрлыбек Мұхамбетияров,

Бəйтерек ауданы

© zhaikpress.kz