22 Қантар 2019
611

Қаратөбеде әкімдердің есептік кездесуі өтуде

 

Қаратөбе ауданының әкімі Жанат Асантаевтың халық алдындағы есептік кездесуі ауданның солтүстігіндегі Егіндікөл ауылдық округінен басталды.

 

Кездесу барысында ауданның барлық саласы бойынша даму көрсеткішін саралап баяндама жасаған аудан әкімі Жанат Асантаев:

 

– 2018 жылдың 1 желтоқсанына аудан бойынша 661 шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, соның ішінде жұмыс жасап тұрғаны – 609, жаңадан ашылғаны – 107. Аталған кәсіпкерлік субъектілерінде 725 адам жұмыспен қамтылған,- деді.

 

Егіндікөл ауылдық округінің әкімі Абат Зейнуллиннің айтуынша округ бойынша 10 жеке кәсіпкер болса, оның 4-еуі азық-түлік тауарларын сатумен, 3 кәсіпкер жолаушы тасымалымен, 3 кәсіпкер түрлі саудамен айналысады.

 

Округте 60 үй көгілдір отынмен қамтылса, биыл 14 отбасы үйін табиғи  отынға қосты.

 

Есептік кездесуге келген Егіндікөл ауылының тұрғындары бірнеше мәселені көтерді.

 

Округтің ең өзекті мәселесі – ауыл халқының азаюы, тұрғындар арасында қалаға қоныс аударушылардың көптігі. Егіндікөл ауылында 40 үй бос қалған. Мектепте былтыр 148 оқушы оқыса, биылғы оқу жылын 134 оқушымен бастапты.

 

Ауыл халқымен жүздесу барысында аудан басшысы Жанат Асылханұлы ауыл халқын тұрақтандыру бағытында жастарды кәсіп ашуға тарту, несие алып жұмыстануға шақыру, жұмыспен қамту шараларын жүзеге асырып, түрлі мамандықтар бойынша курстардан өту сынды жұмыстарға баса мән беру қажеттігіне тоқталды.

 

Жиында сөз сөйлеген ауыл ақсақалы Ертай Сердалин аудандық аурухана дәрігерлеріне қаралу үшін кезекке тұру мәселесін сынға алса, ауыл тұрғыны Ардақ Есенова ауыл орталығынан шағын базар салынса деген ұсынысын айтып, ауылдың көше шамдары түн мезгілінде белгілі уақытқа ғана жағылып қайта өшірілетіндігіне наразылығын жеткізді.